Өлеңдер ✍️

  13.01.2023
  222


Автор: Есбол Бозан

АЛЛАНЫҢ ҚҰЛЫ

Құлымын жалғыз Алланың,
Алладан басқа жоқ Тəңір!
Бүгінгі жиған бар малым,
Жоғалса қайтем, тап қазір?!
Бұлбұлдың əсем даусына,
Тұрғанмен еріп шіркін, бой.
Күні ертең ажал ауызына,
Жұтылып кетуім мүмкін ғой.
Болсаңда төре даңқы ұзын,
Келгенде өлім, нетесің?!
Таусылған кезде дəм-тұзың,
Жөніңмен сенде кетесің.
Мəңгілік өмір бақи да,
Емтихан болар мына жақ.
Ұшқары болмай ақидам,
Аллаға етсем мінажат!
Айдыны маңғаз даламның,
Ал қызыл гүлмен сəнделген.
Жаратқан өзі анамның —
Құрсағында маған жан берген.
Бұлттардан нөсер жауғанда,
Құлпырды жеміс албырап.
Махшарға ертең барғанда,
Есебі оның бар бірақ.
Исламның қағар есігін,
Алланың сөзін жөнді ұққан.
Алланың берген несібін,
Ысырап етпе сондықтан.
 
Біліп ал бірақ, Хақ Құдай,
Зəру емес ешбір нəрсеге.
Жүргенше достым тап бұлай,
Ертерек жығыл сəждеге.
Алланың ғана құлымын.
Адамның ғана ұлымын.
Сүннет пен айырма дініңді,
Екеуі оның бір ұғым.
Ақиқат жолы тек – Ислам!
Ержеттім кейін жанып бой,
Адымдап бастым жерді сыз.
Туылған күнім аныққой,
Өлетін күнім белгісіз.
Адам атаның белінен,
Адамзат болып таралдық.
Жаратқан жалғыз Аллаға,
Құлшылық үшін жаралдық.
Қисапсыз қалмас еш кіндік,
Жүректен оны сенде өткіз.
Жалғанға мынау бес күндік,
Сыналу үшін келдік біз.
Аңырап түбі құр қалар,
Ақшаға жүрген құлшынып.
Жүрегің сенің нұр болар,
Аллаға етсең құлшылық.
Арманым жоқ, түп іргем,
Саялы болса өзгеге.
Таңдайым кеуіп зікірден,
Маңдайым тисе сəждеге.
 
Əлсіздің жүгін көтеріп,
Мықтының бассам аптығын.
Көмекке зəру жандарға,
Қаражат берсем тап бүгін.
Біреуге шұңқыр қазбас түк,
Айналсам момын құлға мен.
Ораза ұстап жазда ыстық,
Ауызымды ашсам құрмамен.
Құлымын жалғыз Алланың,
Куəлік берем тап қазір.
Құлшылық қылып өтуге,
Алладан басқа жоқ Тəңір!
Адам қып мені жаратқан,
Аллаға болсын бар мадақ.
Күніме шүкір əр атқан.
Түніме шүкір, бар ғажап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу