12.01.2023
  802


Автор: Жәди Шәкенұлы

ШЫНДЫҚ ҚЫЛЫШЫНЫҢ ЖҮЗІНДЕГІ ДАРЫН

“Көркем әдебиет деген ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдіреті болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ. Көркем сөздің сұлулығы сағымдай                     құлпырмасын,     өзендей     толқысын.”     (Ғабит     Мүсірепов) Шығармашылыққа қойылатын осы бір қатаң талапты жеріне жете терең түсінудің өзі, оқырманның көңілінен шығудан да қиын. Сондықтан да біз бұл күндері үйқасқа ұйып, өлең, оқиғаға ілесіп қара сөз жазып жүрген “ақын” мен “жазушыдан” аяқ алып жүре алмай келеміз. Осыдан барып біздің көркем әдебиеттің беделі түскіндеп, қарымды қалам иелерінің журналис тілшіге айналып немесе күлкіге қалып жүргендігі жасырын емес. Алайда оқыған сайын ойға ой қосып, сезімге серік бола алатын серпінді шығармалар да баршылық. Әне сондай шығармалар деп, Жәди Шәкеннің соңғы кезде әдеби басылымдарда жарық көрген бір топ әңгімелерін айта аламыз.


Оның “Үн” журналының 2006 жылғы 2 санында жарияланған “Қаз қанатына жазылған хаттары” Әйгілі жазушы Әзілқан Нұршайықовтың “Халимаға жазылған хаттары” сияқты өте жеңіл әрі әсерлі оқылады. Ондағы бейнелеу тәсілі де өзгеше деуге болады. Бір түрлі сезімдік серпінмен жазылған “Қара көзден мөлдіреп жас келеді”, “Анасы бар адамдар қартаймайды”, “Біз тіріміз”, “Сен қайдасың” қатарлы туындылары қара сөзбен жазылған өлеңге ұқсайды. Сондықтан да оған әңгіме немесе өлең деген анықтаманы бірден бере алмаймыз. Ал оны шетел әдебиетімен байланыстыра қарасақ, шалқыма жаныры деп баға бергіміз келеді. Біздің бұл арада шалқыма деп отырғанымыз қытай әдебиетінде ежелден бері поэзия, проза және драмалық шығармалармен ыиықтасып келе жатқан              сануын (шалқыма) жаныры. “Сануын бізге ханзу (қытай) әдебиетінен жуырдағы жылдарда кірген жанр. Ханзудың ертедегі әдебиетінде өлеңнен басқа, әдебиет түрлері түгелдей сануын деп аталған. Дәуірдің, жанрдың дамуына ілесе кейін келе сануын поэзиямен, драммамен, прозамен терезесі тең әдебиеттің дербес жанры болып қалыптасқан. Біздің әдебиетімізге келіп сіңген сануын кейінгі сануын, яғни әдебиетіміздің дербес бір жанры.” (Әуелқан Қалиұлы) Сондықтан сануынның бейнелеу түрінің еркін, тақырып көлемінің саналуан, сезімдік бояуының лепті болуы оның өзіндік ерекшелігін қалыптастыра алады деп айтуға болады. Алайда біз бұл арада баяндамалы сануын мен пайымдамалы сануынның лирикалық сануынге қарағанда көркем әдебиеттен біраз алшақ жататындығын ескеруіміз керек. Ал лирикалық сануын сезімдік толғауды өзіне бейнелеу тәсілі ететіндіктен, оның көркем әдебиетке бейім екендігі байқалып тұрады. Сол себепті де Жәди Шәкеннің жоғарыда   аталған                     шығармалары                    өлең    мен    әңгіменің     қасиетін қатарынан сіңіріп, мен мұндалап көзге түседі. Мысалы:


“Шеше, сіз айтатын едіңіз:


– Балам, құстың жұмыртқасы мен балапанына үйірсің, ылғида құстың балапанын бағып әуре боласың, балапанды сыңарынан, анасынан айырсаң қарғысы тиеді, – деп.


 


Шеше, соның бәрі кейінгі өмірімнің мысалы болып қалғанын сіз әлі білмейсіз. Мен өмірге келерде-ақ тас лақтырып қуғандар, әлі қуып жүр. Сіз қалжаға тоймадыңыз – мен бақытқа жарымадым. Бірақ, әлі де өз үніммен жар салып жүрмін. Балалар бақшасы – жатақтық ғұмыр болып жалғасты. Бірақ, маңқиып бәрін де көтерудемін. Шеше, рас, ғұмыр деген қызық екен. Айбарымнан сескенгендер аю көреді. Таразыға тартқысы келгендер балуан санайды. Шеше, мен енесінен айрылған балапанмын. Сіз балапанынан айрылған ана құссыз.” Бұл “Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды” атты шалқымадан алынған мысал. Бұнда “Шеше, сіз айтушы едіңіз” деген сөйлем бір неше рет қайталаумен шығарма иесі бір ғұмыр кешірмесін өзінің сезімдік толғанысы арқылы түгендеп шығады. Осы барыста бұл шалқымадағы лирикалық “Мен” мен сезімдік “Сен” ортасында сезімдік желі өзінің шынайылығымен әрі нанымдылығымен бойды шымырлатып, көңіл-күйді көлдей толқытады. “Мен өмірге келерде-ақ тас лақтырып қуғандар, әлі қуып жүр” деу арқылы адамзат тіршілігінің ғұмыр бойы қуғын мен қашқын ортасында үрей мен қуаныштың құрығы астында өмір сүретіндігін нанымды бейнелеп көрсетіп отыр. Ешқандай бір жүйелі оқиғасыз сезімдік деталдар арқылы оқырманның ойынан шығудың қиынның қиыны екендігін ескерер болсақ, онда шығарма иесінің “Қаз қанатына жазылған хаттары” да ерекше бір еркін серпіліспен жазылған таңдаулы шалқымалар қатарынан орын                                         алады. Тіпті оның жанырлық жағынан ауыз ашпаған күннің өзінде адам жүрегін шымырлатар ащы шындық сізді бірден-ақ сезім шүңетіне тоғытады.


Ал шетелде тарыдай шашылып, қарашаңырақ Қазақстаным деп, атажұртты аңсап, елге оралған және енді оралғысы келіп жүрген қазақтардың көңіл-күйін және олар тап болып отырған қиындықтар туралы ой толғаған “Екі дүние” атты әңгіменің де ( «Жастолқын» жастардың прозалық жинағы. Жалын баспасы, 2007 ж) көтеріп отырған жүгі ауыр екендігі, оны еш екіленбей оқып шыққан адамға өте айқын сезіледі. Ата жұрт туралы хабар-ошарларды қалт жібермей қадағалап отырған, өз атамекеніне оралғысы келген шетелдегі қазақтардың мына бір екеуара әңгімесінің астында қаншама терең сыр жатқандығы ешкімге де жасырын емес.


“– Кім біледі, ондағылар орысша сөйлейді дейді, доңыздың етін жейді дейді, балаларымыз кәпір болып кетпесе болды ғой.


– Не болса ол болсын, шаңырақ қазақтікі, табан тисе болды. Қытайдың қыспағына қарағанда жері кең ғой.”


Тілінен, дінінен, тіпті, ділінен де айрыла бастаған атажұрттағы қазақтың тең жартысына жуығын иелейтін мәңгүрт қазақтар туралы шетелдегі ағайындардың түсінігі осы. Бірақ тәуекелшілік оның бәрін жеңіп отыр. Алайда атажұртқа алғаш атбасын тіреген “Оралмандардың” көзін ашып жолығатыны да әне сондай шен-шекпенді шенін өз құлқыны үшін жеке пайдаланатын жемеңгер қазақтар:


“Майлы жүзі жылтыраған семіз сары бауырсақ мұрнына қойған мөлдір көзілдірігінің үстінен сүзе қарады:


 


– Мен сізге қазақша айтып отырмын ғой, біріншіден, көші-қон билетің жоқ, екіншіден, азаматтыққа құжат тапсырған жоқсың, бір айттым бітті. Саған виза жоқ! – деп қалам қыстырған домбал саусағымен үстелді тықылдатты.”


Бұл шындыққа еріксіз бас имеске амал жоқ. Арғы бетте әкесі қал үстінде жатқан Жанарға бұл шындық әлі елес сияқты сезіліп тұр. Өйткені Жанардың:


“Аға, бәріміз қазақпыз ғой, жаныңыз ашымый ма!” деген аға қарындастық өтінішіне семіз сарының:


“Қазақ, қазақ! Осылар қызық, ылғи қазақ, қазақ дейді. Қазақ, қазақ, заң-заң! Келесі кім, кәне, кір бері, тағы да қазақ па...” – деген жауабынан оның Қазақ ұлтын да, ата заңды да менсінбей отырғандығы бірден аңғарылып отыр. Оның “Тағы да қазақ па...” деуінің өзінде терең мән жатқанын Жанар мүлде түсінген жоқ. Қалтасы қалың қытай немесе ұйғыр болса баяғыда-ақ семіз сары құшақ жая қарсы алып, оның жұмысын дереу бітіріп, жолға салар ма еді, қайтер еді?! Ол Жанарға қарап, қалам қыстырған домбал саусағымен үстелді бекер тықылдатып отырған жоқ. Міне өстіп бірнеше күннен кейін барып, семіз сарының емеуірінін зорға түсінген Оралман қыз – “Ауылына алты күн дегенде әзер жеткен Жанар үй сыртындағы қалың адамның табыт көтеріп, зиратқа беттеп бара жатқанын көрді.” Бұл әңгіменің осындай өкінішпен аяқталуы өте аянышты-ақ! Алайда бұндағы орны толмас өкініш әңгімедегі жеке адамның басындағы өкініш сияқты болып көрінгенімен, бірақ “екі дүние” арасында сергелдеңге түскен қазақ ұлтының қасіретті тағдырының бір көрінісі екендігі бұл күндері тіліміздің, дініміздің, діліміздің, жеріміздің және жалпы қазақ тағдырының таласқа түсіп отырғандығының             айқын дәлелі. Әрине, әңгіме тереңінде бүгінгі күннің өзек жарды мәселелері өксік атып жатыр.


Бұл арада Жәди Шәкеннің “Ескексіз қайық” («Әдебиет айдыны» 2005ж) атты әңгімісі еріксіз еске оралады. Жоғарыда біз тілге тиек еткен әңгіме “Ескексіз қайық” атты әңгіменің көркем бейнедегі жауабы сияқты болып сезіледі. Өйткені бір кездері әкесімен бірге Ертіс өзенінен ескексіз қайықпен өткен бала, енді Есіл өзені бойында тұрған ескексіз қайыққа өз баласымен бірге тап болады.


“Араға ширек ғасыр салып тағдыр бізді Есілдің жағасына әкелді. Алас ұрып ағатын өр Алтайдағы тентек Ертістей емес, Есіл баяу шымырлап, кілкіп ағатын өзен екен. Жағада ескексіз қайық түр.


Балам сұрады:


– Әке қалай өтеміз? – деп


– Қалай өтсек екен, ә?! – деп, мен айналама қарадым.”


Міне тағдыр деген осы. Қайда барсаң қазанның құлағы төрт. Алайда өз билігін өз қолына алған атажұртқа сағынып, сарғайып әзер жеткенде, алдымыздан тағыда тасбақадай тарбиып неге ескексіз қайық шығады? Міне бұл әңгіменің ең негізгі түйіні. Міне бұл сырлы жұмбақ. Тұңғиық әлем...            Алақандай         әңгіме               Алатаудай     ауырлықты                 қалай              көтеріп тұр...таңданбасқа амалың жоқ. Тіл құдіреті, көркемдіктің биігі, прозаның


 


кемелдікке бет бұруы бұл!


Сол сияқты жас қаламгердің “Біз үшеу едік” атты әңгімесі де («Қазақ әдебиеті» 2003 ж) адам ойын түпсіз тереңге сезім бүйдасы арқылы жетелейтін туынды.


“Дәм айдап Көкшетауда да болдым. Ақан туралы аңыз қозғаған ауылдас қариясы бірде “Қараторғайды” шырқады. Баяғы түсім есіме түсіп: “Астына қанатының маржан тағып” – деген жолдардың мәнісін сұрадым. Күрсінген қарт:


– Е, заман-ай, алмақшы болған қалыңдығын ала алмаған мұңлық оның жүкті кеткенін айтқаны ғой, – деді.”


Біз сонда барып осы әңгімеде тұлғаланған әлгі жігіттің әңгіме авторының түсіне кіргенде “Қараторғайды” не үшін шырқағандығының мәнісін түсіндік. Міне мұның өзі де адам ойын терең тұңғиыққа жетелейтін ең таңдаулы детал ретінде көзге түседі. Ол көзге түсіп қана қалмай, көңіл көгінде көп уақытқа дейін ұшқын шашып, адамды алуан түрлі ойларға жетелейді. Тіпті жаныңды қайта-қайта мазасыз, ойлы, мұңлы күйге түсіреді. Адам тағдырының ауыр сын-сағаттары, тағы да тағдыры тәлкекке түскен қандастар...онан ары – туған жер, атамекен шежіресі, ұрпақтар жалғастығы бәрі бәрі де ашық және көмескі екі өрім арқылы шығарма арқауын шып-шымыр есіп отырады.


Ол ол ма? Жәди Шәкеннің “Жасыл жаңбыр” атты әңгімесін («Жұлдыз» 2007 ж) оқығанда, оның әңгіме жазу шеберлігінің тіпті де шыңдала, ысыла түскендігіне куә боламыз.


“Табиғаттың тана моншақтарындай жасыл жүректерден жасыл қан ағып тұрған” бір сәтте, “жүзін жасыл тамшылар айғыздаған әдемі аққұбаша қыз алма ағашының астынан еппен шығып келеді” де, өз дәуірінің шалқыған байларының бірі болған әкесінің:


“Мен неге қазақ боп тудым екен, өмірдегі ең үлкен өкінішім де осы!” дейтін, “қандастарын өлердей жек көретін” пиғылынан табиғат дүниесіне анасының аяулы құшағындай бауыр басып кеткен Айман бізге таныс бір бейнедей көзімізге елестейді де тұрады. Амал қанша, ол жасыл жаңбыр тоқтаған соң: “Мені жасыл жаңбыр жауғанда күтіңіз” – деп, көзден ғайып болады. Осы бір романтикалық елес пен писхологиялық егес ортасында көк көйлегі желбіреп, жүрегі табиғат деп елжіреп тұрған Айманның адам баласына деген ынтасы мүлде өшкіндеген. Тіпті атам заманнан бері табиғат дүниесімен егіз қозыдай екі елі айрылмаған атам қазақ баласының мінез-құлқы өзгеріп, небір сұмдықты көз көріп тұрған мынау жаһандануға, ұлтсыздануға, тамырсыздануға бет алған заманға деген өкпесі қара қазандай екендігін ол өз емеуірінінен байқатады. Өйткені ол ауыл құшағында әжесінің әлдиімен әлденіп, бесік жырымен тербеліп есейіп, ержеткен болашақ ана. Әңгімеде басқа емес, болашақ ана, әрбір шаңырақтың сәні саналатын аруларымыздың күрделі писхологиялық қайшылыққа тап болуы оқырманды қатты ойландырады. Бұл қазіргі жер шарындағы бүкіл адамзат баласы тап болып отырған күрделі мәселе. Табиғат ананы бес күндік жарық дүние үшін құрбандыққа шалу керек пе,


 


жоқ, адамзат баласының ұзақ болашағын ойлау керек па деген мәселенің құлағы қылтиып тұрғандықтан, бұл әңгімені оқып болған соң, бір ауық үнсіз отыруға тура келеді. Бұл үнсіздік байлық үшін өзімізде бар рухани құндылықтарымызды өз қолымызбен қиратып жатқан “жауыздығымызды” еске алу болыуы да мүмкін немесе әлде қашан із-тозсыз жоғалған табиғат ана секілді жомарттығымызға аза тұту болыуы да мүмкін. Не болса ол болсын, әйтеуірі Жәди Шәкеннің “Жасыл жаңбыр” атты осы бір әңгімесі өзінің көтерген тақырыбы жақта өте бір өткірлігімен көзге түссе, ал оны бейнелеу тәсілі де өзгеше бір шындық пен қиялды қызықты әрі нанымды сәйкестіру арқылы басқа әңгімелерінен оқ бойы озық тұрғандығы айдан анық.


Жинақтап келгенде әңгіме жазуды оқиғалар тізбегін тізбектей беру деп түсінетін, “ертекшіл” қаламгерлермен салыстырғанда Жәди Шәкеннің шалқымалары мен әңгімелері өзінің көтерген тақырыбымен емес, қайта орамды ой-сезімді қалай бейнелеп, оқырман көңілінен орын ала білгендігімен ерекшеленеді. Онда класиктердің сарынын бүгінгі әлем әдебиетінің озық өркендерімен үндестіріп жататын сыршыл тереңдік пен авторға ғана тән толыса бастаған кемелділік бар. Сол себепті де біз көркем сөздің көкжалы Ғабит Мүсіреповтың: “проза – қара сөз емес, ырғағы бар, екпін лебі бар, өз ритмі бар, негізгі ойыңды теңеу, бейнелеу арқылы оқушының сезіміне дөп тигізетін көркем сөз” деген аталы тұжырымын әне сондай прозалық шығармаларға қаратып айтқан деп түсінуге       қақылымыз.                 Өйткені           шығармашылық                    дегеніміз    шындық қылышының жүзінде мың бұрала билей алу деген сөз.


 


 


 


Бекқожа Жылқыбекұлы ф.ғ.к. Л.Н.Гумилев атындағы Евразия университетінің оқытушысы


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу