12.01.2023
  894


Автор: Жәди Шәкенұлы

ПЕРІШТЕЛЕР (хикаят)

Алматы қаласының батысындағы Райымбек ауылының солтүстік шетінде шағын аулалы жатаған үй тұр. Беті шығысқа қараған төрт бұрышты үйдің алдыңғы іргесіне үстіне көрпе салынған ағаш орындық қойылған.


Осында күншуақтап, болаты қайтпаған шүңғыл отты жанарын Алатаудың қарлы шыңдарынан алмай ұзақ оймен отыратын Сейітхан бүгін жоқ. Енді-енді шеті сөгіле еріп жатқан жұқалтым қардың сарқыншақ суынан есік алдына ойдым-ойдым орнаған мұз қабыршықтары болмашы жалтырайды. Үйдің төбесінен шұбала көтерілген шүйкедей көгілжім түтін аязды аспанға үнсіз сіңіп жатыр. Көрші үйлерден әтештің шақырғаны, бұзаудың мөңірегені естіледі.


 


Ауызғы бөлмеден кіріп төргі үйге ауысар босағада қарттың қайықтай калошы жатыр. Сыртына қапсырма шегеленген ағаш есік сықырлай ашылып, үйдің ішінен жылымық ауа қарсы алады. Ортаңғы бөлменің оң жақ төріне тірей қойылған үстелге шынтақтаған қарт үйме-жүйме қалың қағаздан басын алмай, түсі сұрланып, қабақтары жауар күндей түнеріп, түйіле жазу жазып отыр.


«Әттең, үлгере алам ба. Бәрін-бәрін жазып кетсем деп едім. «Бір уыс қан», «Оспан батыр» романдарын аяқтай алмадым. Енді өзімнің ғұмырнамам - осы жазуымды аяқтап барып қисайсам...»


Бүкіл қолқасын көтеріп, булыға келген жөтелден көгере күреңітіп, мойын тамырлары баланың саусағындай білеуленіп, ұрты томпайып, жұдырығын аузына тақап қинала күркілдейді. Жаны күйзеліп ауырғалы да айдан асқан. Ауыл, аудан дәрігерлері қанша дауалағанымен ажалдың алыс еместігін жасыра алмады. Жаны шалының үстінде құрақ ұшып жүрген кемпірін қасына шақырып алып: «Құдайдың басқа салғаны осы болса, одан қашпақ қайда бар. Өзің де укол сала білесің ғой, емхананы қойып, ақырғы аз ғана күнімді Гүлден екеуіңнің қасында – қалған жазуымды жазып өткізейін» деген. Басында көнгісі келмесе де шалының албаты айтпайтынын, айтса қайтпайтынын білетін кемпірі көзіне келген жасты жаулығының ұшымен көлегейлей сүртіп, үнсіз күйзеліспен бас изеді.


 


Бір үйдегі үш жан шал мен кемпірдің аз ғана зейнет ақысын талшық қылып, көгілдір отын түтетіп отыр. Осы үйдегі қаймақ-май бар дәмді шалының аузына тосады. Бірақ соны жейтін ауыз күн сайын кішірейіп, ас батпайтын болып, сырқат арпалысы шалының нардай тұлғасын сүліктей сорып, шөгеріп барады. Сонда да өмірі таяққа сүйенбеген қарт иілмеген қалпында бөрі кеудесін тік ұстап, қаламын тістене сығымдап, ақ қағаздың бетіне жорғалатып із салудан бір танбайды.


Із...


 


Сол із ең әуелі өзінің туып-өскен мекені, кіндік кесіп, кірін жуып өскен алтын бесігі Сауырдан басталып, жер бетіне қым-қуыт шимай іздер салады. «Шөбі шүйгін, суы бал, топырағы май, қасиетті жер екенсің. Бірақ, аттың


 


сауырындай ғанасың, әттең!» деп Асан қайғы жел маясын шалдырған бұл мекенде осыдан жетпіс төрт жыл бұрын Ақбай хажының ұлы Әбілқасым шаңырағында іңгәлаған үн Сауыр самалымен сүйінші сұрап, Меркіт иісі ғана емес, Сауырдағы Төре-қараның да қуанышын қоздырғаны бар. Бақыр басты балпанақтай ұлға Сауыр бойын шақырып, шілдехана өткізген ата-анасы оның кейінгі тауқыметті тағдырынан еш хабарсыз еді.


 


Аяғын майлы ішекпен тұсап, оны кескенде де Сауыр топырағында алғаш қаз-қаз басқан ұлының Сауыр, Сайқанды кезіп, Алтай атырабына ат шиырын салып, Қобда асып, Қалқа жеріне қадам басатынын, айналып Алатауға баратынын тіпті де ойлап қойған жоқ. Ірімшіктен жасалғандай уыз табанының қиыршық тастарды басып, кезеңсіз тауларды асатындығы, темір етігінен теңгедей қалғанша қара жерді мыжғылап, сіріленіп, етігімен су кешерін, ұлтанын қанға шылап, табанын тас тілерін естеріне алмақ түгіл, елестетпейтін де еді.


Шыңғыс әулетінен тараған Абылайхан сынды көкжалдың тұқымы болып келетін Көгедай ұлы Ажының ат байлаған қазығы, кереге жайған көк төсі, қасиетті күлтөгері осы жер болатын. Ары асса алты Алаштың, қалса Керей, Найман, Арғынның емшегіне таласқан ене жерінің, желегіне таласқан жесірінің, барымташыл батырларының да дау ұшығының бір көгені де қара көктің босағасына келіп, бұршақтап жататын. Одан қала берді, ұзын шапандарын, я болмаса қасқыр, бұлғын, түлкі ішіктерін сүйреткен, ақ жейдесінің жағасы тұтас жауырынын жауып жататын, белдерін күміс кісемен байлаған Керейдің сартабан билері мен бетінен қаны тамған шонжар байларының да қамшы сүйрете кіріп, қасыныса сөйлесетін, насыбайларын шырт түкіріп, шірене шалқаятын алтын орда шаңырағының түтіні де осында түтеп жататын.


 


Сол киелі жерге түскен балғын із алты қанат ақ ордадан жығыла-сүріне аттап шығып, күн сәулесін сүйіп, табиғаттың жауыны шайған қара қоңыр топырағының бетіне мөрін аямай баса берді, баса берді. Із бірде ауыл молдасының әліпбиінен басталатын арабша оқытатын медресенің алдынан көрінсе, бірде Жәке шешен, Лақ би ауылдарының атқа мінерлерінің шойын табандарының қасынан табылып жүрді. Із кейде тілінен бал тамған құс ұясы бұлақтар бойында жатса, бірде бар әлемді құшағыма қысайыншы деп бұлқынған ару көлдердің таңдай құмдарынан табылатын еді. Осылайша Сауыр алқабының әр тал шөбі мен түйір тасын, тал ағашын санаған із енді бірде ақ тұлпардың аяңымен үзеңгіні шіреніп, кезінде Сарсүмбе атанған Алтай қаласына тартып бара жатты. Арманға жүкті асау жүректі арқалаған қос аяқтың көсілген таңбасы тау қаласына айшықты кестелер жасады. Тынымсыз иесінің бұйрығына көндіккен сірі табанның ізі өрмекшінікіндей өрмек салды. Мұғалімдер жетістіру орталығында, әдебиет көркемөнер бірлестігінде, газет үйінде, сахнада, малшы отарында, егіс даласында, кенші шахтасында жиі ұшырайтын болды. Із кейде ұшақ баспалдағынан көрініп, аспанда ұшып бара жатты. Аспанда да құс жолындай із жатты. Ізбен бірге күмістей жылтыраған моншақ тер жатты.


 


Енді бірде даланы асты-үстіне төңкерген қара дауыл тұрып, іздерді өшіре бастады. Із бірде көрініп, бірде көрінбейтін болды. Кейде тас бетіне тамған қанмен қатар көрінді. Кейде мұз бетінде жалаңаш табанның мөрі жатты. Кейде балшықтан, кейде ақ борбас сордан көрінді із. Із ширыққан белгілер қалдырып, темір тордың ішіне қамалды. Темір тордың ішінде із түспеген жер жоқ. Бір ғана із емес, мыңдаған із. Кейбірі өкше қағыстырған, кейбірі башпай түйістірген із.


Енді бірде адымы ашылған аяқтың шалғай құлаштаған ізі темір тордан ұшып шығып, Өр Алтайдың асқар басындағы қарлы асуда жатты. Із қарлы асудан, ала таяқтардың арасынан, өзінің туған даласынан, ел іші алтын тұғырынан бір жолата, мәңгіге алыстап шалғайға, жат елге көсіле тартып бара жатты.


 


Оны қуған төрт аяқты да, екі аяқты да іздер, тау даланы шиырлап, ала таяққа келіп, тұмсығы тасқа тиіп, майырыла қайтып еді. Бірақ қайтқан із тегін қайтпай, қашқын іздің шыққан жерін тауып, ініне су құйып, ізіне өрт қойды.


 


Артына қайырыла-қайырыла алыстаған Шыңғысханның үрім-бұтағы мекендеген ұласты.


 


із Алтайдың ұлан-ғайыр


 


арғы бетіне асып, моңғол даласына


 


 


Із онда да сақшы мен соттың босағасында, күзетші есігінде, жат туыстың төрінде көрінді. Тағы бір шаңырақтың астындағы іздермен тоғысып, тағы да...тағы да... Өзен, көл, тау, газет-журнал, жазу үйінде жатты. Із босағадан төрге көп шыға бастады.


 


Қобда, Бай-өлке секілді көшпенділер жерінде жиырма жыл шимайланған із тағы да ұшақ баспалдағына шығып, құс жолын бойлап Алатау топырағына, Алматы жеріне, қазақтың, қасиетті қазақтың қоңыр даласына ып-ыстық болып басылды.


Іздер тоғысты. Жер шарының түкпір-түкпірінен шұбырған іздер қазақ даласында, өзінің байырғы атамекенінде, ата-бабаларының табаны басылған киелі қара жерде тоғысты. Іздермен бірге жылымшы жастың ойдым-ойдым ұсақ нүктелері де түйіртпектеліп жатты.


 


Сол із, баяғы сол Сауырдан басталып, жердің бір бүйірін жамаған із енді міне, осынау қараша үйге, қараша үйдің оң жақ төріне келіп, ақырғы мөрін басып отыр. Бар салмағын қара жерге салып, батпан сүйектер қара жартастай ауырлығымен жаншып, ешкім өшіре алмайтындай, ең ақырғы рет мәңгіліктің ізін салып отыр.


 


Із...із...із...


 


Сонау батыс жиекке аунаған қызыл күннің соңғы сарғыш сәулелері аптаған биік төбеге, көлеңкесін бері шалқытқан молалар жаққа қарай кетіп бара жатқан із.


 


Із...із...із...


 


Секеңнің тұла бойы түршігіп кетті. Адамдар мақтайтын күллі тірліктің


 


анасы, мап-майда қара қоңыр топырақ, кеудесі бүлк-бүлк соғып жатқан ұлпа жер, жап-жасыл тіршілік үшін ене көкірек болған сарқылмас уыз, қанаты талғандардың темір тегеурініне биялай жонын төсеген бұйра мамықты төбелер – енді бәрі де, бәрі-бәрі де мүлдемге суық, сыз, жат. Кеудесіне мұзды көбік қатқан қара бура, мәңгіліктің тас табыты, қойнынан қарлы боран ұлыған қаралы жер, өлім бесігі...


«Ажал, сұм ажал, жез тырнағыңнан бір рет қашып құтылып едім, ақыры араға отыз жыл салып, қыл тұзағыңды, қанды шалмаңды, құтылдырмас құрығыңды оңдырмай лақтырдың-ау. Енді қашып құтылмасымды білемін. Егер осыдан отыз жыл бұрын болғанда, отыз жылдың алдында...»


Иә, отыз жылдың алдында.


Алтай аспаны шаңыттанып тұр. Мырза қамаққа алынған, Шығыс Түркістан ұйымының мүшелері деп қаралған қалың топтың бел ортасында қылыштай қырқындағы ат жақты, сом денелі, арғымақтай азамат отыр. Оның жанына отты жанарлы, жұқалтаң қызыл сары жігіт келіп сыбырлай сөйледі:


– Аға, темекі бар ма?


Тұтас денесімен жалт қараған Сейітхан қап-қара көздері мұңдылау күлімдеп тұрған Қызырбекті көрді. Оның темекі тартпайтынын біледі. Махорка сұранып, бір тілім қағазды саусақтарының арасынан науалай ұсынды. Қалтасынан қара барқыттан тігілген темекі дорбасын алып шыққан Сейітхан оралған бауын ағытып, құс тұмсықтана үш саусағымен махорканы сығымдап алып шықты. Өзіне қарай ұсынылған темекілік қағаздағы «Дәретханада сөйлесейікші» деген жазудың үстіне махорка «сыр» етіп құйылды.


Кешкі алакеуім көлеңкеде дәретке сұранып шыққан олар, дәретхана ішінде күбірлесіп тұр.


Қызырбек:


– Аға, мыналардың түрі жаман, бізді жақында сотқа тапсырып, онан соң атады екен, тезірек қашып кетейік!


Будақтаған көк түтіннің арасынан жіпселенген жанарын өз ойының үстінен түскен Қызырбекке ұзақ қадаған Сейітхан: «Мұнысы шын ба, әлде мені тұзаққа тартып тұр ма, жоқ, адал жанды ақынның жанары жүрегін оқытып тұрған жоқ па, айналайын-ай, енді қайтсын, мен немді жасырайын» дегендерді ойлап:


– Ұсталып қалсақ қайтеміз? – деді күмәнділеу күбірлеп.


– Қашпасақ та өлім, қашсақ та өлім. Қой екеш қой да өлер алдында аяғын бір серпіп қалады ғой. Жігіттің өткір ойы шешімін создырғысы келмеді.


– Тәуекел!


– Аға, ертең кешке дейін қашып үлгерейік. Уағдалы жеріміз Мөңкенің ақ тамының тау жағындағы қара төбе болсын. Қайсымыз бұрын барсақ, кейінгімізге тасты үш рет соғып шықылдатамыз. Қарсы жақта солай жауап қайтарады.


 


– Келістік, – бұдан ары толғанудың артық екенін сезген ағасы осылай деді.


Албырт жанды ақын жігіт секіріп кетті. – Аға, Алла жар болсын!


Алтайдың қысқа күні ұзақ болып аунады. Күн бесінге таяғанда Сейітхан дәретханаға шықты. Ондағы дәретхананың есігі іште болғанмен тазалау қолайлығы үшін дәрет шығаратын тесігі ауланың сыртында болатын. Сырт киімін дәретхана есігіне ілген Сейітхан аяғының былғанғанына қарамастан дәрет ұрасы арқылы далаға секіріп шықты.


 


Жер бетінің жарығы сөніп, сам жамырай бастағанда уағдалы төбенің бауырына ілінген Сейітхан төбе басынан тастың үш рет шықылдағанын естіді. Әуелі соңғы шықылдан от ұшқынын көргендей болды. Жүрегі атша тулап ол да тасты үш рет шықылдатты.


Төбе басына аяңдаған оның алдынан елбеңдеген қара көлеңке көрінді. Ізінше шағылды тасырлата жүгіріп келе жатқанның Қызырбек екенін жазбай таныды.


– Аға, аға, еркіндік!


Жете бере мұның мойнына асыла кетті. Құшақтарын айқастырып, беттерін түйістіріп бірін бірі босатпай біраз тұрды. Сейітхан бетіне тиген жылымшы судан Қызырбектің жылап тұрғанын білді. Өзінің де өзегін өртеген запыран жанарынан ащы тамшылар ыршытып жіберді.


Құшақтарын босатып, бір қауым үнсіздікпен жотаға шықты. Самал, туған даланың қоңыр, майда самалы желпи еседі. Даланың, мәңгі қартаймайтын ана даланың төсінен уыз иісі аңқып тұр.


Қызырбек жусанды төбеге балаша аунай кетті. Жерді, айналайын


қоп-қоңыр балғын жерді, балғын жердің балаусасы жусанды құшырлана құшақтап, емірене иіскеді. Одан шалқасынан аунап түсті.


 


– Аға, қарашы, қарашы анау жұлдыздарды. Бұшпағы жоқ кең аспанның жұлдыздары ешкімге тәуелсіз, жаһұттай жарқырап тұр. Сандықша тасқа құйрығын қойып отырған Сейітхан темекі орады.


«Шіркін жастық неткен өрт едің, сендей кезімде менде сондай шығармын. Сөйлей бер, сөйлей берші, жалының өшпесін!» Оралған газеттің үшкіл тұмсығын тісімен қырт етіп үзген Сейітхан осылай ойлады.


Қызырбек әлі сөйлеп жатыр:


– Әне, темірқазық, онда ақбозат пен көкбозат арқандаулы тұр. Жеті қарақшы торуылдап жүр. Олар қанша торуылдаса да, бәрібір ақбозат пен көкбозатты мәңгі-мәңгі ала алмайды. Күллі аспанның моншағы біржолата үзіліп түсіп, дүние тамұққа айналса, бүкіл әлем қара үңгірге жұтылып кетсе сонда ғана, сонда ғана қарақшыларға ұстатпаған қалпында шырағын мәңгіге өшіреді. Әнеу жұлдыз... Әттеген-ай...


Сөзі кенет үзіліп қалған Қызырбектің көтерген қолы сылқ ете түсті.


 


Сейітхан аспанға қарады. Аққан жұлдыздың жолақты ізі ақырын-ақырын өшіп жатты.


– Жә, жігітім, темір тордан қашып шықтық енді қайтеміз? – бұл сұрақты Сейітхан айтты.


Мығым, қоңыр үнде лажсыздықтан гөрі жеңістік алған марқаю бар.


Жерге малдасын құрып оңала отырған Қызырбектің жеңіл күрсінгені білінді.


– Бастау сізден,іздеу бізден болсын.


 


– Қазақ жеріне қашып өтсек деп ойлаушы едім, бірақ, арада үш жүз шақырым жер жатыр. Екі аудан халқы бар. Қашқын десе айыр бақанын ала ұшатын ала құйын заманда ол тозақтың отынан ұшып өткенмен бірдей. Алдымен Моңғол жеріне өтсек, содан қазақ жеріне өту қиын болмас.


 


– Сонда отбасы шаңырағымыз, балаларымыз ше? – Қызырбектің көз алдына бес жасар қызы Салтанат пен аяғын енді-енді басып жүрген Розасы елестеп кетті.


 


Сейітхан ауыр күрсінді. Оның да екі ұл, екі қызы бар еді. Әсіресе, «әкелеп» тілі шыға бастаған Ержаны көз алдына келе берді.


– Бізді осы күйге түсірген кім, сен жассың. Мен білетін өмірің «Алтай газетінде» тілші болып өтті. Аузыңа құс тістеген ақын болайын деп тұр едің, жетпей жатып жетеңе сойыл ұрды ғой. Мен осы Алтайды азат қылу кезінде Оспан сарбаздарының төменгі Алтай жасағында хатшы болдым.


Жанымызды шүберекке түйіп елімізді, жерімізді жат табанынан қорғау үшін толарсақтан қан кешкен күрестердің куәсі болдым. Азат еткен Алтайымызды ақыры компартияның қолына тапсырып бердік. Құдайдан кейінгі патшаның айтқаны уәжіп деп оған да көндік. Сол партия деп, сол партияның үгіт жұмысы деп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып қызмет істедік. Бірақ сенген партиямыз бізге жат көзбен қарап, 1958 жылы ұлтшыл, оңшылдарға қарсы күрестің қарауылына да алдымен қазақтар ілікті. Соны сылтауратып, атқа мінеді-ау дейтіндерді қидай сыпырды. Түрмеледі, жаза лагеріне айдады. Үмітсіз шайтан деп оған да көндік. Енді міне, 1966 жылдан бастап тап талдау, мәдени төңкеріс дегендері қара боранын соқтырды. Ақыры осы қара боранға қарсы «елді азат ету» ұйымын құруға мәжбүр болдық. Біздің мақсатымыз тағы да теңдік, бостандық, еркіндік алу еді. Қытай, ұйғыр, моңғол, қазақ ұлттарынан құрам тапқан мүшелеріміз бүкіл Қытайдың жер жерінде бар болды, ұйымға сен де кірдің. Ақыры барлығымыз жалғыз-ақ    күнде торға түстік. Компартияның көзімен қарағанда «кешірілмес күнә» өткіздік. Енді біздің алдымызда ажал ғана күтіп тұр. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегендей өлсек те қазақ жеріне жетіп өлсек.


– Аға, қазақ жері демекші, Қазақстандағы «Лениншіл жас» газетінде өлеңдерімнің жарияланғанын білесіз. Сонда істейтін Шерхан Мұртазаұлы деген азаматпен хат алысып едім, әттең, аяғымыз Алматыға бір жетсе сыртқа теппес еді-ау.


 


– Тірі болсақ бір жететін шығармыз. Алладан соны тілейік.


– Аға, Моңғолға қалай асамыз?


– Мен малшыларды аралап, тілшілік жұмысыммен жүргенде, Алтайдың жайлауларының бәрін көргенмін. Қыран өзенін өрлей берсек Моңғол мен Алтай шекарасында Өрмегейті асуы деген бар. Сол асудан ассақ, иек астындағы елге ілінеміз. Өзіміздің Алтайдан ауған қазақтар.


– Азық-түлігіміз жоқ, оны қайтеміз?


– Ер азығы мен бөрі азығы жолда деген, енді біз ылғи түнде жортамыз да, күндіз тығыламыз, аман болсақ бір жұма ішінде өтіп кетеміз. Аялдайтын ештеңе жоқ, құдайға тәуекел, жүрейік.


Осыны айтқан Сейітхан орнынан тұрды. Қызырбек оның таудан көктеп шыққандай қарауытқан зор тұлғасына мейірлене қарап, өзіне қуат тапқандай жұбанды. Түннің жұлдыздарын жамылған екі көлеңке қиыршық тастарды сықырлата басып, солтүстікке қарай жылжып барады. Алтай қаласынын батысындағы қара жонды қиып өтсе, жіңішке Қыран аталатын өзен бойына қиыстай құлайды.


Екі пенде іштей сөйлесіп келеді:


Сейітхан: «Бауырым-ау, сен мені аға көресің, пана көресің, соңымнан ерген сені жасытпағаным жөн шығар, менің өзегім өртенбейді деймісің. Мені туған дала, менен туған бала аңырап арт жағымда қалып бара жатқан жоқ па, сонда да көз жасымды көрсеткім келмейді. Жұта берейін, жиналса жүрегіме жиналсын, тек сен жасымашы...»


Қызырбек: «Рухың мықты екен, аға, сол рух мені де, сені де тар қапастан ұшырып шығарған жоқ па!? Бірақ, қалай езілмейсің, қалай елжіремейсің, жүрегіміз тас емес, еттен жаралған ғой. Екеумізді зар желіске салып, туған даламыздан, ұшқан ұямыздан алыстатып бара жатқан қанды шеңгел заман ғой, тағдырдың тауқыметі ғой, қайран ағам-ай қайысқан қабырғаңа сүйеу болсам жарар еді-ау...»


 


Тау жонына ілінген сайын жусан иісін бүріккен қоңыр самал сарайларын ашып, қадамдарын тездете түсті. Анда-санда аяқтарының астынан түн құстары пыр-пыр ұшады. Шығыс етекте Қыран өзенін жағалай орналасқан Алтай қаласының түнгі шырақтары жылтырайды. Бірде кілт тоқтаған Қызырбек:


 


– Аға, қарашы, дүние қандай көркем, – деді. – Жерде қалың жұлдыз, аспанда қалың жұлдыз, біз аралықта ұшып бара жатқан жыл құстары сияқтымыз. Сонау батыста – Буыршынның Дулайтысында менің туған жерім қалып барады. Аға, мына самал сол жақтан есіп тұрған сияқты. Осы бір суретті жүрегімізге жазып алайықшы. Енді мәңгі-мәңгі көре алмауымыз да мүмкін ғой.


Олар тасқа құйрық қойып отырысты. Қызырбек сөзін үзген жоқ.


– Мына қалада, Қаратаудың иегінің астында менің аяулы жарым, сүйікті балаларым қалып барады. Анау батыста балалығым қалып барады. Артымызда туған даламыз қалып барады.


 


Сейітхан көңілі босап, егілуге шақ тұрған жігіт досын аяп кетті. Сәл толқыса болды, өзінің бордай егілгелі тұрғанын білді. Жұмсақ жөткірініп, жылылық ұялай бастаған көкірегіне даланың салқын ауасын толтырып ауыр дем алды.


 


– Кейде адам баласы бәрі-бәрін қиюға тура келеді, - ол мұны тамағына бірдеме тұрып қалғандай қинала жұтынып, әзер айтты. - Бәрін қиюға тура келеді. Біз шыбын жанымызды ғана алып бара жатқан жоқпыз, еркіндік аңсаған асау жүректі аман сақтап қалуымыз үшін шегініс жасап бара жатырмыз. Жер бетінің қай нүктесінде жүрсек те, әлсізді алқымдаған жауыздарға, біреудің жерін табанымен мыжғылаған шапқыншыларға, еркіндік, бостандық атаулыны құрсаулаған темір торларға қарсы күресіп өлеміз. Бұл - біздің қасам ішкен қазығымыз, маңдай алды бағдарымыз. Ал, отбасы кімге жаман, кімге жат. Алла тірі сақтаса болды. Шиеттей шикі өкпелерге жазмыштың рызығы бар шығар. 1938 жылы әкемді жазықсыз түрмелегенде қаршадай мен тірі жетім қалғанмын. Енді менің де балаларым менен айрылып тірідей жетім қалды. Егілсең ер болмайсың, жауыздық жасау үшін ең әуелі жаныңнан құрбандық беруің қажет. Сонда ғана қанды кешулерден аман өтіп, жеңістің шұғыласын көре аласың.


 


– Рас, аға.


 


Қызырбектің жаны да манағыдай емес, ширап, салқындай қалды, үні қоңыр шықты. - Анау өлім көгеніне маталап жатқандармен салыстырғанда бұған да тәубе. Жетім болсада сол құлындарымыз аман болсыншы... Кәне, жүре берейік. Ақын болған соң кейде жүрегің езіліп кетеді.


Сейітхан жылағысы келді. Бірақ еш сездірмей дымданған көз жиегін жеңінің сыртымен сүртіп, түннің қойнына адымдай сүңгіді. Қос көлеңке еңіске қарай сырғи жөнелді. Алдан Қыран өзенінің болмашы сыңғыры естіле бастады.


Сейітхан мен Қызырбек қашқанның сол кешінде Алтай қаласының астаң-кестеңі шықты.


Қуғыншылар олардың үйін тінтіп, бала-шағасын үркердей қылды. Сұрақтармен қорқытып, ұлардай шулатты. Сол түні-ақ жер-жерге халық


жасағы атанған қарулы қосынның адамдары бастаған қытайдың қызыл жасағы аттанды. Қашқын қашқандығы туралы бүкіл елге хабар айтылды. Бөгде біреудің төбесі көрінсе болды, «қашқын ба» деп үрпиісе қалатын ел де етек-жеңін қымтай бастады.


 


Түнде жортып, күндіз жасырынған екеу елдің қыбыр-жыбырынан-ақ сойқанның басталғанын сезді. Тіпті қару асынып, шауып жүрген атты адамдарды да жиі көретін болды. Олардың ақ кебінін көтерген ажал көз алдарында ойнақ салып жүретінді шығарды.


Ел орта жайлауда отырғандықтан, таудың бүкіл қойыны-қонышы малшы үйлері. Мал жайған, жоқ іздеген адамдардың аяғы үзілмейді. Кештің өзінде ауыл иттерінен сақтанбасаң, ол да оңай емес. Осылайша аттанғанына үшінші күн болғанда, таңға жақын Сейітханның іші бүрістіре бұрап, қатты түйіліп, домалай


 


жығылды.


– Сабыр етіңіз, аға, сабыр қылыңыз. Шайнама жемегенімізге үш күн болды, аштық азабы ғой! – деп сүйей берді Қызырбек.


 


Әуелде бүкіл ішек-қарыны аузынан атып шығып кетердей қиналған Сейітхан есінен адасып қала жаздап, әзер басын көтерді. Кіндік тұсын сипалап отырған жігіт досын шошытып алғанына іштей қиналып, суланған жанарын Қызырбектің жүдеңкі кескініне қадап:


– Ішімді бір-ақ уыс қылып бүріп жіберді, ештеңе етпес, – деп зорға күбірледі.


– Аға, аштық азабы осылай болады деп үлкендерден естігенім бар еді, қорықпаңыз түк етпейсіз. Бірақ біраздан кейін тағы ұстауы мүмкін, шыдаңыз, – деді. Айтып-айтпай сүт пісірімнен кейін Сейітхан тағы бүктетіліп қалды. Түрі жан шошырлық сұрланып, ішін басып, дөңбекши ыңыранды.


Қызырбек тағы да төс шеміршек пен кіндігінің арасына қолын жүгіртіп уқалай берді.


– Аға, жазылып кетесіз, қорықпаңыз, шыдаңыз.


Өзімен өзі арпалысқан Сейітхан шекесінен суық тер бұршақтап барып зорға оңалды.


– УҺ, жаным-ай. Інім, бүйте берсек аштан өлеміз. Менің құдамдікі жақын қалды, тәуекел, басқа салғанын көрерміз. Сонда барып азық сұрайық.


– Оныңыз да жөн, аға. Мына далада жыртылып айрылған малдан бірерін жықсақ жығып аламыз-ау, бірақ ұры, қарақшы деген атты алсақ, қандай жаман. Ішіне тартылған ұрт еттері бүлкілдеп, қабағы түйіліп кеткен Қызырбек:


– Аға, менің де ішек-бауырым бүрістіретін түрі бар. Жығылсам, қорықпаңыз, – деп еңкейе берді.


Қызырбектің айтқаны келді. Шай қайнатымнан кейін құлында-құлыны шығып, домалап түсті. Толғатқан анадай бебеу қағып, үш жығылып, үш тұрды.


 


Аршаның астында бұл күнді әзер батырған олар іңір қараңғысы үйіріле бере межелі үйге жетті. Қызырбек алыстан қарап тұрды да, Сейітхан иттен ұрланып үйге жақындады. Бірақ босағада жатқан сақ төбет іргеден жағалай есікке шылбыр бойы қалғанда «арс» етіп атылды. Өзіне қарсы атылған төбеттен жалт беріп отыра қалған ол төбет қайта айналғанша, зып етіп үйге кіріп кетті.Үй ішіндегілер үдірейе қарап, ошақтың алакеуім жарығында тани алмады:


– Кім, кім бұл? – деп дауыстады.


– Ассалаумағалейкүм, мен Сейітханмын.


Орнынан ұшып түрегелген шал селк етіп, состиып тұрып қалды. Кемпіріне қарады. Кемпірі көзі алақандай болып шалға қарады. Көрпеден басын көтерген балалары торғайдың балапанындай үрпиісе қалды.


 


– Кел, кел төрлет!


Шалдың аузына түскен сөз осы болды. Амандаспаққа қолын ала жүгірді. – Тоқтаңыз! – Шал орнында тұрып қалды.


– Тоқтаңыз, құда, жақындамаңыз. Үй-ішінен өзіне деген үрей сезген ол осылай деуге мәжбүр болды. – Қорықпаңыздар, мен ешкімге тиіспеймін, бірақ азық керек. Азық берсеңіздер болды.


Кемпір ернін сылп еткізіп шалына қарады.


– Бер, бер, – деді шал. – Нені, не беремін?


 


Көзі кереге басында ілулі тұрған ала қапқа түскен Сейітхан малшылардың құрт салатын ыдысын танып:


– Құрт, – деді.


Белін басып, созыла тұрған кемпір қапты алып Сейітханға ұсынбақ болды.


– Жақындамаңыз, – деді ол. – Лақтыра салыңыз, өзім аламын. Құда-құдағи, айыпқа бұйырмаңыздар, алғаным қарыз болсын. Тірі болсам, қайтарамын. Мынаны балаларыңызға шақай алып беріңіздер.


Жұмарланған он юань ақшаны оң жақтағы кебеженің үстіне тастай салған Сейітхан лып етіп далаға шықты. Қара ала төбет аңдып жатыпты, арсылдай үріп ұзатып салды.


Ауыздарына малтаны басқан екеуі тоғай арасымен үнсіз алыстай берді. Тіпті біріне-бірі не дерін де білмейді. Өртене ұялған ішкі жан азабы жүректерінде қорлану сезімдерін тудырып жасып келеді. Үзеңгі бауы сегіз қабат болып жүргенде, ханның сәлемін алмайтын сарбаздарың жалғыз жандары үшін, жалғыз жанының арқауы үшін көздері қарауытып, шырғаға тартылған бала құстай болған халдеріне егіліп келеді.


– Қайтесің, адам болған соң бәрін де көресің, бәріне де көнесің, – деді Сейітхан күйзеле сыбырлап.


Жүрегінен қан тамып келе жатқан Қызырбектің сөйлеуге дәрмені жетпеді.


 


Сол түні-ақ қашқындар туралы хабарлаған құдасы бүкіл жасақты тауға бастады. Түнімен таудың іші азан-қазан айқай-шуға ұласты. Әр жерде атты адам, ағаш бұтақтарының сынған дауысы.


 


Қыран өзенінің жағасында биік жалды жалдап қарағай арасымен тынымсыз қашқан олар шығыстан шоқтай жайнаған шолпанды көргенде барып кідірді.


 


– Аға, – деді Қызырбек, – Мыналардың сұрқы жаман. Енді соңымыздан қалатын түрі жоқ. Бұлар ендігі жерде ылғи да сулы жерлерді аңдиды. Суға түседі деп біледі. Тауып алған жыртық торсығымызды жамап, соған су толтырып алайық та, суы бар жерге жоламайық.


– Бүгінше суды қоя тұрайық. Бұлар ұясын аю бұзған арадай уыттанып тұр.


 


– Аға, жерге жарық түскенше әлі біраз бар, үлгереміз. Бала күнімде


 


Буыршын өзені бойында талдардың арасында ақсүйек пен жасырынбақты көп ойнағам, көзге шалынбай өзенге барып келейін.


– Тоқта, – деді Сейітхан ылдиға жүгіргелі тұрған оның етегінен тартып. Не айтса да ағынан ақтарыла сөйлейтін жолдасының бүкпесіз жарқын дидарын көлеңкеден көріп тұрды. Сол көлеңкенің арасында қос шырақ жарқ етіп өзіне тесіліп тұр.


 


– Аға, аялдайтын уақыт жоқ, барып келейінші. – Осыны айтқан ол қалбаң қағып, төменге жүгірді.


– Байқа, сақ бол! – деп сыбырға жақын бұйырған ол бұтаның арасымен еліктей секіріп бара жатқан Қызырбекке қимастықпен күбірлеп: «Әй, албырт жастық-ай» деді.


 


Арада сүт пісірім уақыт өтпей жатып, етектен атылған мылтықтың үні шығып, домалаған темір торсықтың салдыры естілді.


 


«Әттеген-ай» деп бармағын тістей алған Сейітханның жүрегі тас төбесіне келді. Соның арасынша:


 


– Әне, әне, тау жақтан түсті, – деген айқай естілді. Бір топ адамның өзенді құлдай шапқылағаны білінді. Енді бір топ адам бұталарды сатырлатып, өзі отырған жалға қайқайып келе жатқандай болды.


 


Таң ағарып, жер бетіне жарық түсе бастаған. Секі тастан иегін артып төменге қараған Сейітхан жақындап қалған қалың жасақты көрді. «Қайту керек?» Тоғайға қашып кіріп кетсе, бәрібір ұстап алады. Ағаш басына шықса көріп қояды. Осы қас-қағым аралықта оның көзіне анадай алаңқыда тұрған бір топ қызыл тікен көрінді. Көрді де, жалма-жан солай ұмтылды. Бітік өскен қызыл тікеннің үстін жыртқанына қарамай, арасына сүңгіп кетті. Беті-қолы қан жоса болды. Қолына бәкісін алып «Мүбәдә ұстай қалса, жастығымды ала жатайын» деп ойлады. Топты адам бұлар отырған жерге сау етіп шыға келді.


– Ә, мына жерге отырыпты. Таптасын шөптен ізді байқаған бір ізші қызыл тікеннің жанына келді.


 


– Бері, бері кел, – деп оны біреу шақырып алды. – Ол мынадай жерде тұрмайды. Ағаштың басына қараңдар, сонда отырмасын.


 


Дабырласқан қуғыншы тоғайды сүзіп алыстай берді. Жүрегі аузына тығылған Сейітхан «УҺ» деп өзінің аман қалғанын аңғарды. Тұтас денесін суық тер басып кетіпті.


Бұл күнді қызыл тікеннің арасында өткізген ол енді жалғыз қашты. «Әттең, айналайын Қызырбегім-ай, оққа ұшып кеттің -ау» деп ботасынан айрылған боз інгендей зарлап, Алтайдың жон тауларына қарай жорта берді.


 


Қалай қашса да жайылған тор шырмауынан шығарар емес, қарасын көрген қуғыншылар мұның бағытын да аңғарған түрі бар. Қашатын жолдарын да межелейтін сияқты. Ылғи да қыр соңынан қалмайды. Жүрек қалғыса, ажал аңду салады дегендей, сәл ғана жаза басса, шыңырауға бір-ақ құлайды. Таң ата


 


бере қуғыншылардың жақындап қалған сытырын сезіп, биік жартастың түбіндегі ұйыса біткен қалың тобылғының арасына кіріп кетті. Ағаш басын, тастың қуысын ақтарып келе жатқан қуғыншы топтың көзіне елеусіз көрінсін деп әдейі осылай жасырынған еді. Аттың аяқ дыбысы мен екі адамның сөйлеген күбірі жақындап келеді, жақындап келеді. Ол қолына тағы да бәкісін алды.


 


Топ тобылғының желкесіндегі жартастың үстіне келіп, ат тізгінін іріккен екеудің бараны да шалынды. Күбір-күбір етіп ұзақ бірдеңелерді айтты. Сөйтті де бірі қолындағы ұзын құрықпен бұл жатқан тобылғыны салып кетті. Тобылғының ұсақ бүрлері мойнына құйылған Сейітхан «оныңа атып шығатын қоян емеспін-ау» деп ойлады. Бірақ жүрегі дүрс-дүрс етіп бүкіл әлем бірге солқылдап тұрғандай күй кешті. Жартас үстінде бір қыдыру тұрған екеу келген іздерімен кері қайтты. Сейітхан ажалдың өзінен алыстап бара жатқанын білгенде, тағы бір ауыр күрсінді.


Осылайша ажал құрығы оның басына неше келіп, неше қайтты. Сонда да тақымдап қуғанын қоймады. Бұл жанын аузына тістеп қашқанын қоймады. Дәл осылай қаша берсе, бүгін бе, ертең бе аңдыған жау алмай қоймайтындай түрі бар. «Сол үшін бұларды көз жаздыру үшін шегініс жасау керек. Қашқан ізімді қайталай басып, шегінуім керек. Олар өліп бара жатса да, кері қашады деп ойламайды» деп түйді. Сөйтіп, ажалды алдауға көшкен ол Қыран өзенін құлдай Алтай қаласына қарай қашты. Бұл табылған ақыл болды да, ізшіл иттер тау-таста тентіреп қала берді. Алтай қаласына ұрланып кірген ол жасақтардың атын ұрлап мініп, мүлде басқа бір жолмен қосар атпен жалғыз-ақ түнде тартып кетті. Артына бұрылмай мәңгілік қашты. Адасқан ажал алас ұра жүгіріп, талайдың тақымына қанды бұрау салып жатты.


Сол отыз жыл қуған ажал енді бұның қартайған, қажыған шағында қаша алмасын біліп, желкесіне қыдиып отыр. Түсі суық ажал оған мейірімсіз, сұп-сұры мұзды өңін қадап:


– Мен сені қуғаныма ұзақ болды. Сенің періштелерің көп екен. Көбінде солар кедергі болды.


Әйтпегенде    баяғыда-ақ   мойныңды   шылша   бұрап,    шыбын   жаныңды шырқыратып әкетер едім. Ал, енді мені де шаршата бермей, ризалығыңмен берілгенің жөн, - деді.


Сейітхан:


 


– Жөн-ақ, бірақ менің сенен өтінер екі тілегім бар еді. Бірінші, алғаш сенен қашып құтылғанда екі жасар ұлым қалып еді, соны көріп, маңдайынан бір иіскеп кетуге орай берсең. Екінші, бітпей жатқан шығармам бар еді, соны аяқтауға уақыт керек.


Ажал:


 


– Адамдарға уақыт берсең, бір тілегінен соң бір тілегі, бір арманынан соң бір арманы туа береді. Ал, оларға жеткілікті өмір берсең де, сол өмірін қалай өткізіп алғандарын білмейді де, жаны үзілгелі тұрғанда арманшыл, мұратшыл,


 


еңбекшіл бола қалады. Саған да барлық орай берілген еді, жер бетінде жүрген жетпіс бес жылың бар арманыңды орындауға жетер еді.


Сейітхан:


– Оныңды да жөн дейік. Маған жетпіс бес жас та жетер дедік, онда досым Қызырбекті неге отыз екі жасында қыршынынан қиып кетесің?!


Ажал:


– Оның маңдайына жазылған жазу солай. Бірақ нағыз ақын адамдар арасындағы міндетін орындау үшін жіберілген елші ғой. Ол борышын өтеді, өмірі аз болғанымен, артына өлмейтін ақындық мұра қалдырды. Жерінің, елінің бас бостандығы үшін мырышқа түйреліп, өмірімен, төгілген қызыл қанымен жауап берді, тарих бетіне жазып кетті. Ал, саған берілген міндет басқаша. Сен де сол міндетіңді орындап болып, мәңгілік тұрағыңа кететін уақытың жетті. Баламды көрсем дейсің, ол тілегің орындалады. Мен жаңа айттым ғой сенің періштелерің көп екен деп, балаңды сол періштелер жетелеп келе жатыр. Өлер алдында маңдайынан бір иіскейсің. Ал, шығармаңды аяқтасам дейсің, саған уақыт берілген еді, аяқтай алмадың. Өз обалың өзіңе.


Сейітхан:


 


– Жазушының туған баласынан қалса, тіпті кейде одан да ыстық жүрек қанының сарқыны-жазған еңбегі. Сен жаңа ғана маған міндетіңді өтеп болдың дейсің, мен сол міндетімді өтеуге үлгере алмай жатқан жоқпын ба?!


Ажал:


– Ей, адам-ай, сол үшін де адамдар бір-біріңді боқ домалатқан қоңызға балайсыңдар. Өмірде бәрі-бәрі де аяқтап бітетін нәрсе болмайды. Бәрі де аяқтамайды, оны басқа біреу жалғайды. Тіпті болмаса сенің жаның күндердің күнінде шыбын болып тағы біреудің бойына қонады. Ол нәрселер сен жазуға бұйырмаған. Сен өлген соң оның иелері өздері іздеп тауып алады. Сенің шығармаңның жалғасын да солар жазады. Олардың міндеттері де сол. Бұл әлмисақтан келе жатқан өмір мен өлімнің бұлжымас заңы.


– Иә, өз білгеніңді істе! – деп тістенді Сейітхан.


Ол қаламына жармасқан ажалдың улы шеңгелін қасарыса итеріп, жазуға қайта кірісті. Жаза берді, жаза берді. Қаламын жұлып алуға ажалдың дәрмені жетпей, қатты қиналды. Бір кездері Қорқыт күллі дүниені қобыздың тіліне кіргізіп, өзінен қашқанда оның жанын алуды ұзақ аңдыған еді. Ақыры қалғып кеткен орайында қайрақ жыланға айналып шағып еді. Бұл жолы да соның қалғуын тіледі. Бірақ жылан болып шағу емес, қол салуға періштелерінен жасқанды. Аурудың азабы мен қаламның жазуы қатар қалжыратқан қарт ұйықтап кетті.


Ол түсінде Қызырбекті көрді. «Сен қайда кеттің?» деді баяғы айрылып қалған кезі есіне түсіп. Отты жанары күлім қаққан Қызырбек сол баяғыдай уылжығын жап-жас қалпы екен.


 


Қызырбек: Мен су алғалы етекке түсіп, суды іліп алып қайқайып келе жатқанда, қуғыншылар көріп қойып оқ атты. Бұларды шырғалап басқа жаққа қашсам, сіз аман қалады ғой деп өзенді құлдай қаштым. Ақыры жеткізбей құтылып кеттім. Енді тауға қашудың мүмкін емес екенін білдім, әрі сізбен қосылу қиын болды. Сөйтіп, бөктердегі әпеке-жездем есіме түсіп, түн жастанып соларды таптым. Олар қалың қамыстың арасына жасырып қойып, тамақ жеткізіп беріп тұрды. Бірақ бұзау жайған балалар көріп қалып, үйлеріне айтып барыпты. Әпеке-жездемді аңдыған көршілер құралды жасақ бастап келіп ұстап алды, ұрып-соқты. Көрсетпеген қорлық көрсетіп, түрмеге қамады. Онда өзіміздің Мәннән, Еменақын, Оспанжан қатарлы ерлер жатыр екен. Темір құрсаумен ұстаған қалың әскер қаланың оңтүстігіндегі Құдая деген жерге апарып, бәрімізді атып тастады.


Сейітхан: Сен өлмепсің ғой?


 


Қызырбек: Мен өлмедім, періштелер маған жақсы адамдар өлмейді дейді. Қашып ойға түскеннен кейін де сондай періштелер қанатының астына жасырып, біраз күн жарық дүниеде жүруіме орай берді. Арада отыз жыл өтті. Сізді сағындым. Енді барлығымыз бірлікте болайықшы. Бұдан кейін айырылмайықшы.


 


Сейітхан: Мен ұлымды күтіп жүрмін, ұлымды білесің ғой, екеуміз қашқанда екі жаста қалған Ержаным.


Қызырбек: Менің екі қызым қалған. Мені атуға әкетіп бара жатқанда «Әке, әке!» деп жүгірген Розамның шырылдаған үнін естідім. Мойныма салған қылтұзақ қарауға да, айғайлауға да келтірмеді. Екі қозым қай жерде маңырап жүр екен деп ойлағанда, жұмақтың төрінен атып шығып, Алтай даласына ұшып барғым келеді. «Шығыс Түркістаншыл болып атылған халық жауының қыздары» деп сәби жүректеріне басылған қарғыс таңьбасын жұлып тастағым келеді. Атылғаныма өкінбеймін. Бірақ, артымда қалған жырларымның жиналмағанына, сүйегімнің егістікке айналған топырақ астында іздеусіз қалғанына               қабырғам                  қайысады.   Тірілер                     мен              өлгендердің арасына тұтастыратын көпір болса...


Сейітхан: Мені ажал күн сайын алқымдап жатыр. Өздеріңе қашан жетерімді білмеймін. Алтайдан ұлым келсе, арттағылардың хабарын сонан білеміз ғой...


Қызырбек:


– Тезірек келіңізші, аға. Мұнда ұлт-азаттық қозғалысының бастығы Оспан батыр сізді күтіп отыр. Мәннән, Оспанжан, Еменақын сияқты шейіттердің барлығы да осында.


 


Сейітхан қарт қатты ашылған есік тықырынан, дабырласа сөйлеген адамдардың үнінен оянып кетті.


 


– Сүйінші, сүйінші, ата! – деген дауыстарды құлағы шалып көзін тырмалады. Үйге көршілер кіріп жатыр.


 


Қарт қайратын бойына жиып, орнынан тұрды. – Сүйінші, ата, ұлыңыз Ержан келді!


Қарттың есікке тігілген суалыңқы жанарынан белгісіз оттар жылтырап, тура өзіндей боп ержеткен ат жақты, қара торы азаматтың табалдырықтан бері аттап кіріп келе жатқанын көрді. Айқара ашылған әкелік құшақ пен өмірде әкесінің барын тұңғыш рет өз көзімен көрген мейірімге шөлдеп өскен ұлдың мешкей құшағы бірін-бірі қапсыра құшты. Әкенің құшағына кіріп, кеудесін иіскеп, ботадай боздап ұлы тұр. Құшағына ұлын толтырып, бетінен, маңдайынан құшырлана сүйіп, бозінгендей боздап әке тұр. Ажырататын ешкім жоқ. Көршілердің көздері де сора-сора. Жанарлар жиегінен домалаған жылымшы жастар езуге одан төмен омырауларға сырғанай тамып жатты.


–Ұ-лым! – Ә-ке!


– Менің ұлым... – Әкем менің...


Бір-біріне қарап алып қайта жылайды, қайта құшақтасады, қайта жылайды. Әке-бала мауқын басқан шақта, қарт төсегіне қайта қисайған еді.


– Ажал, ажал, енді алсаң арманым жоқ, - деп күбірледі. Ержан егіліп отыр, Ержан күліп отыр, Ержан сөйлеп отыр:


– Сіз кеткен соң біздің үйдің астан-кестеңін шығарыпты, шешемді тергепті. Халық жауының қатыны деп ауыр еңбектерге айдап, біз тентіреп далада қалыппыз. Мен кішкене болғандығымнан, қорлықтың көбін ағам мен әпекем көрсе керек. Бір әпекем көрінгеннің босағасында жүріп, ақыры жынданып кетті, ағам жарымжан болып қалды. Ақыр аяғында шешеміз бізді төркініне алып кетіп


тыныш болды. Мен ес білгелі балалар менімен ойнамай қашатын еді. Кейін оқу-қызмет жағдайында да қашқынның баласы деген ат қалмай жүрді. Басында сіздің өлі-тіріңізді білмей жүріп, кейін әзер білдік. Заман қанша жаман болғанмен, жақсы адамдар ешқашан жоғалмайды екен. Бізге медет берген, көмек қолын созған, сізден хабар алғызған, бүгін де мені осында жеткізген сол ақ періштелердің арқасы.


– Періште?


– Сіздің де ажалдан аман құтылып кетуіңізге себепші болған сондай періштелер.


Әкесі ұлының бетіне сұраулы әлпетпен таңдана қарады.


– Әке, қызыл тікеннің арасына жасырынып қалғаныңыз, тобылғының арасында жатқанда құрықпен салып кеткен кездер есіңізде ме?


– Оны сен қайдан білесің? – Әкесі орнынан тұрып кетпекші болып басын көтеріп еді, қуаты жетпеді. Ұлы басын сүйей отырып:


 


– Періштелер айтқан, – деп күлді. – Періштелер айтады: сіз қызыл тікеннің арасынан ұсталып қалатын болғанда, мен ізші жасаққа «Ол жерді қарамай-ақ қой» деп шақырып алдым деп, тағы сол періштелер айтады: «Шықты шөптің


 


шалғынын жапырған ізін қуып барсақ, тастың астында тобылғының арасында қоянның көжегіндей томпиып жатыр екен, біз көрдік, тиіспедік деген ишаратпен құрықпен бір салып қалдық та, кейін қайттық» деп. Торғайдай тозған Қызырбектің отбасындағылар да сондай періштелердің арқасында аман қалды. Үлкен қызы Салтанат дәрігер, кіші қызы Роза мұғалім, әйелі Дәмежан зейнетте.


Сейітхан ажалдың «Сенің періштелерің көп екен» дегенін енді ғана есіне алды.


Ажалдың ағат айтпағанын білгенде тұла бойы түршігіп кетті. Сөйтті де, төсегінің алдына қойылған үстелден алған қомақты қағаз буманы қолдары дірілдеп ұлына ұсынып:


– Менің саған қалдырар мұрам осы. Бірақ өзіңнің аяулы періштелеріңді ешқашан ұмытпай жүр, – деді демі сығылып.


Десе де, сол аяулы періштелерді көзімен көргісі келіп, айналасына қарады. Алдында тұрған көршілеріне жағалата көз жіберді. Бірақ оның көзіне періште емес, көршілерінің артында мойыны сорайып тұрған суық ажал көрінді. Енді оның ажалға айтар уәжі де қалмаған еді.


 


Осы кезде «Жүр, аға, кетейікші» деп Қызырбек келді қасына. Тірлік мейілінше шаршатқан қарт сарбаз талай асаудың жалына жабысып, бүгін де қаламнан жауыр болған сіңірлі сірі қолдарын ақын інісіне ұсына берді. Гүл-гүл жайнаған балаң өңі баяғыдай кірсіз, жылы, тереңдік ұялатқан мейірлі жанардың өтінішінен аттап өте алмасын білді.


Алып бәйтеректі құлатып алмайын деп епсіз қаймыққан, жанарының шөлін қандырып болмаған ұлы әкесінің қолынан ұстап отырып, одан айырылып қалды. Бұрын «тірі жетім» аталса, енді нағыз жетім болғанын сезінді. Өкіре бас салды әкесін.


– Әке, әке, енді ғана көргенде, әке деген жалғыз ауыз сөзді жаңа ғана айтып отырғанда, мені тастап кеткенің бе! Әке.. .әке...


Ержанның зарына егілмеген жан қалмады. Сейітхан атаның жаны отыз жылдың алдында айырылып қалған досына ілесіп, бейішке ұшып бара жатты.


Адамдар қатыгез қара жерге қашан болмасын бір бас ұратынын тағы бір мәрте ұқты.


Алматы қаласының іргесіндегі Райымбек ауылының батысындағы биік төбеде қалың зираттық тұр. Сол зираттыққа қойылған ескерткіштердің біріне:


 


«1925 жылы Сауырда туылып, қырық неше жылдық өмірін Қытайда, жиырма неше жылдық өмірін Моңғолияда, соңгы сегіз жылдық өмірін қазақ жерінде өткізген Сейітхан Әбілқасымұлы Ақбаев 1999 жылы қаңтардың он сегізінші күні бұл дүниемен біржолата қоштасты» деген жазу батар күннің соңғы шұғыласында ап-анық көрініп тұрды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу