12.01.2023
  770


Автор: Жәди Шәкенұлы

Жалғыз жапырақ

 


 


Жалғыз жапырақ мен сені жаз бойы қалай байқамағанмын. Бәлкім, байқаған да шығармын. Онда сен жалғыз емес, мың сан жасыл жапырақтардың арасында жай ғана сығалап тұрған боларсың, Әлде, сен тереземнен үңіліп мені көрген шығарсың. Әсіресе, жаздың айлы кештерінде, мүлгіген тыныштықтың бауырында сыртқа, сонау көгілдір аспанның көркем төріне – бозамық айға, жыпырлаған жұлдыздарға телмірген шағымды сан мәрте байқаған боларсың. Онда айдың сүт сәулесіне қаншама шомылсам да бәрібір сені көре алмайтын едім ғой.


Ал енді сен жалғыз қалғалы аспан алқаларымен бірге көккжиекке құлаған жанарым жасындай ағып келіп саған қонақтайды. Сенің мұңлы, жүдеу кескінің, сарғыш емес, күреңіткен бейнең болмашы дірілмен қалтырап, бұтаққа асылған жарқанаттай қарауытады.


Жаздың қызығына тойып болып, қоңыр күздің аяғындағы бақтарды кезген


 


сумақы жел сенің жаныңа әлдеқандай үрей әкеле ме қалай? Жөн-ау, тал басындағы                      бұтақшалардың    тұмсығы     бүршіктей    буазданған     сәтте маужыраған күннің жылуы тірлікке асықтырғаны сонша жап-жасыл үшкіл тұмсығың алдымен көрініп, жарық дүниені жадырай сүйгенсің. Сенімен бірге күшіктеген сан бүршік бүкіл аспанды бүркеп, жасыл әлем жасаған едіңдер-ау. Соның бәрі сағағынан жалғыз-ақ күнде үзіліп төңкеріле құлап, қара жердің мұздай тәнін құшқанын қалай шыдап көрдің екен. Мүмкін, анау, жүзіңнен сырғып үзілуге шақ тұрған жалғыз тамшы, сол қасіретіңнен қалған дақ шығар. Жетім тамшының айдың нұрына шағылған әлсіз сәулесін керең тірлік жалмауыз шүңетіне оп-оңай жұтып қойса да, бәрібір саған қуат беретін шығар. Ол үзіліп кетсе қайтер едің?! Мен сені аялы алақанымның шуағымен жылытқым келсе де батылым жетпейді. Абайсызда саусақтарым тиер тиместе-ақ, жан арқауындай ілініп тұрған жалғыз тамшы құлап кетсе... Ол бар пәрменімен адамдар қолымен жасалған қатыгез қара тасқа түсіп, быт-шыт болса қайтеміз?! Оған сіңген айдың алтын сәулелері бірге сынып, тірліктің ақырғы әні тойымсыз топыраққа жұтылып кетпей ме?!


Қоңыр күздің қарашаға ұласқан қатқыл түні болмағанда сол бір тамшы әлдеқайда еріп, тағдырын тауысар еді ғой. Сен ертеңгі шығар күннен қорықпайсың ба. Оның өткір сәулелері түк таппағандай тоғайдың ішін тіміскілеп жалғыз тамшыға сұғын қадамасына кім кепіл?! Қара жерден қайыр күте алмаған бейбақ тамшы буға айналып адамдардың қолы жетпейтін көк зеңгірге, әжімсіз аспанға ұша жөнелсе не шара?! Ондайда сенің жүзіңдегі жұбаныш нұры бірге ұшып кетпей ме!? Саған шуақты күннен қатыгез қыс жақсы болар, мүбәдә, көктем келе қалсашы, сол көктемі құрғыры келмей тұра тұрсыншы...


Жалғыз жапырақ, сен бәрін үнсіз тыңдайсың. Бірақ, терезеден телмірген менің жүзімде не барын айтпайсың. Егер айта қалсаң мен қорқамын. Сол үшін де сен өзің ғана жылайсың, өзің жылап тұрып сора-сора жастан жүзіңе қатқан сүйкімді тамшыңның кеппеуін тілейсің. Өйткені сенің жаның дарқан даланың мөп-мөлдір аспанынан аппақ шуақ еміп, самалдың саумалымен марқайған.


Жалғыз жапырақ, сен үзіле көрмеші. Сен үзілсең, жұрт сені менің кеудемнің қуысынан іздейді. Олар жапырақтың мүрдесі жатқан жерді көргісі келеді. Бірақ кеш болар еді.


Жалғыз жапырақ, жұрт қызық қой, сен мені аяшы...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу