12.01.2023
  257


Автор: Жәди Шәкенұлы

Сен қайдасың

Сен қайдасың?


Ертістің ақ бораны ұрғылаған даладасың-ау. Бақ заманғы ит тұмсығы өтпейтін ну орманның қадау-қадау қалған аз ағашының арасына суық тұмсығын сұққан қаншық аяз сенің қасыңнан қыңсылай жүгіріп, қоға бастарын қозғап, қамыс үкісін сылдыратып, мұздарды сықырлатып өткенде сен түршігіп кететін шығарсың.


Бала күніңде – сәби сәтіңде кірпікшешеннен қорқатын сен қоянның көжегінен де қашушы едің ғой.


Алғашқы ақша қарда жентектелген ақ қарды әлімізше атқылаушы едік. Сен қардан қала жасайтынсың. Мәрмәр тастан қойылған сәулетті құрылыстар қатарласа бой көтеретін. Кенет әлдекімдер жағынан тасталған ауыр бомба шағын қалашықты талқандап кететін. Сен жылайтынсың. Мен қашатынмын. Сен атқылаған оқтардың көбі дарымайтын. Сол ақ қар жамылған дала бүгінде                     сені                жатырқамай               күміс    нүктелерімен    қызықтырып,    күллі жан-жануардың ең әдемі ізін өзінің ақша бетіне мөр қып басып, әсемдіктің алтын бесігінде тербететін шығар.


Сен қайдасың?


Шилі түбектегі отауланған құм төбелердің арасында өрімдей қызыл шіліктің ортасында көгілжім түтіні аспанға бұйдаланған ескі қыстау саған алыс емес шығар. Қора түкпірінде ыңыранған қой, шөп шарбақта күрт-күрт жоңышқа шайнаған жылқы, мұрны пыс-пыс етіп анда-санда ернін сылп еткізіп басын сілкіп қоятын ойсыл қараның тұқымы – бәрі де таныс еді-ау. Қыстың қысқа күнінде орманға иегін ерте сүйейтін сарғыш күн көлеңкесін көбейтіп ымырт тез үйірілетін. Оқудан қайтқанда қараңғылық пердесі тартыла бастаушы еді. Жағаларымыз ақ қырауға оранып, қараған, түзгендер жиі өскен құм төбелердің бауырында қасат қардың үстімен жүгіретін едік. Қасаттың жұқа беті ойылып түсіп сен жығылатынсың. Сумкаң бір жақта, мойын шәрпің бір жаққа ұшып кетіп жылайтын едің. Мен жүгіріп келіп қолтығыңнан демеп киіміңнің қарын қағып жұбатушы едім. Сен көз жасыңды лезде құрғатып тағы да жүгіретін едің. Тек алдымыздан сендердің үйлеріңнің ала мойнағы үріп шыққанда ғана мен кейін қайтушы едім. Сен сол қарлы далада әлі жүрсің бе?


Сен қайдасың?


Ауыл алыстады. Арамыз алыстады. Орта мектепте екеуіміз кластас ретінде сыйласып жүрдік. Сеңдер қыздар класы, біз ұлдар класы едік. Өзіміз қатарлы ұл-қыздар хат алысып, хат берісіп жүрді. Сені қанша жақсы көрсем де, айтуға аузым бармады. Хат жазуға қолым дірілдеді. Тек сыртыңнан қарап жүру бақыт сияқты еді. Сен тұлымы желбіреген қыз емес, бойжеткен едің. Ақыры орта мектепті бітіріп айырылысар минуттар келіп жетті. Мен алысқа оқуға аттанғалы автобус баспалдағына көтерілдім. Сен қыз достарыңмен мені ұзата шықтың. Ақтық рет, ақтық рет емес-ау, алғашқы рет мен сенің


 


қолыңа бүктелген хат ұстата бердім. Сен шеті шілтерленген қызыл қол орамал сыйладың. Ортасына жүрек суреті түсірілгенін кейін көрдім.


Сен ауылда қалдың. Сен менің хатымды оқи алдың ба? Бекер жазған шығармын. Сенің жүрегіңді жаралап алған жоқпын ба? Мүмкін сен сол хатты оқымай-ақ пәре-пәресін шығарып лақтырып тастаған болсаң қандай жақсы болар еді.


Мен оқудан үлкен қалаға жүмысқа орналастым. Одан шет елге кеттім. Сен туған ауылда қалдың. Өзіңнің аяулы анаң, аяулы әкең қасынан ұзатқысы келмеді білем. Ауыл сенің мәңгілік мақтанышың, мәңгілік әнің болып, бүгінде ауылдың әсем әніне құлақ құрышыңды қандыратын шығарсың. Ертістің көкжал толқындары сені тәтті күйімен тербететін болар. Сен бүкіл бақыттың тек туған ауылда ғана екенін қайдан білдің?! Ауылдан басталған ән ауылдан ғана ақырласатын сақара заңын сен ғана жаттай білдің. Ауылдан алыстаған біздер бақыттан да алыстай бердік пе білмеймін. Керісінше қайшылығы мен қақтығысы көп қиын тағдырлар бізді жиі күтетін болды. Сен бәрінен де адасың. Бәрінен де құлан таза күйіңде ауылдың ақ жарқын құшағында қалдың.


Сен қайдасың?


Алыста, тым алыста. Мен түс көрдім.


Баяғы бала күнгі елестер. Ертістің жағасы. Сен үстіңе қара көйлек киіп мұз үстінде сырғанақ теуіп жүрсің. Сені ұстайын десем қолым жетпейді. Аяғыңдағы коньки тез сырғанайды. Кенет мұздар ойылып өзен беті ойдым-ойдым сеңдерге толды. Үйдің орнындай кесек мұз үстінде сен алыстап барасың. Алыстай бердің. Қош дегендей қара шәрпіңді бұлғап қалдың.


– Сен қай-да кет-тің?


Шошып оянған менің көз алдыма қабіріңнің үстіне құлап бара жатқан жалғыз жапырақ елестеді.


– Сен қай-да-сың?


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу