12.01.2023
  279


Автор: Жәди Шәкенұлы

Біз тіріміз

 


 


Әке, сіз өлгенсіз, біз тіріміз. Сіз туған жердің торқадай топырағын жамылып тып-тыныш ұйықтап жатырсыз, біз тірілер қара жердің қақпыш болған қара тулағын шаңдата қағып жүрміз. Әке, осыдан он екі жылдың алдында мен сізге:


– Келініңізбен жараспай жүрмін, екі бөлініп тынатын сияқтымыз,- деп едім. Сіз жанарыңызға іркілген жасты тежеп:


– Балам, қазақ: Жаман қатын, жас баланың көз жасы мен мұрын боғына қалма – дейді, егіз қозыдай өскен екі немеремнің екі жерде жаутаңдап жүргенін көргеннен көрге кірген оңай емес пе?! - дедіңіз. Қанша қайраттансаңыз да шешем екеуіңіздің жанарларыңыз шарасын жуып алды.


 


Мен сіздің алдыңызда екінші рет ауыз ашқан емеспін.


Әке, ажал айтып келмейді. Бір күнде-ақ сізді қағып түсті. Алтайдың бөктерінде дөң басында қалқиған мазарлық тұрды. Ауылдан қалаға келіп оқуға кірген Сайын келініңізбен (өз шешесі болса да) отаса алмады. Мен ата жұртты аңсап қазақ даласына тартқанда, ол бір-ақ күнде ауылға қашыпты. Қалада оқитын кластасынан жолдық ақша алып, Қызылтас ауылына жетіпті де, бөктер тауды жаяу өрлеп жайлауға бет алыпты. Жол бойында сіздің мазарыңызға қарап ұзақ жылапты, жанына барайын десе, арада жатқан өзеншеден өте алмапты. Сіз жүрген жердің жусанын жұлып зар еңірепті. Көз жасын құрғатқан ол көктеулікке келсе, ел әлдеқашан орта жайлауға көшіп кетіпті. Жер қорушының үйінен жөн сұрап, шай ішіп алған сегіз жасар ол енді орта жайлауға тартыпты. Әке, аруақ деген нәрсе шын шығар. Мүмкін "аузыңыздан" түскен ұлыңыздың қашып бара жатқанын сездіңіз -ау. Шыбын жаныңыз шырқырап бірге ұшып жүрген шығар. Сіздің аян беруіңіздің арқасы болар, ағасы Жайнатбек орта жайлаудан бөктер тауға ащы алуға келе жатады ғой, жол бойы алдынан өзіне қарсы келе жатқан Сайынды кездестіреді.


Әке, біз туған жер құшағынан айырылар сәтте немерелеріңізді ертіп мазарыңызбен қоштастық. Боз жусан жапқан жал топырақты сипап көз жасымызды көлдетіп алыстай бердік. Әкеден өлідей, шеше мен қасиетті даламыздан тірідей айырылдық. Артымызда алтын Алтай мен әке қабірі қалды, алдымызда аңыз болған ата-жұрт пен белгісіз тағдыр тұрды. Немерелеріңіз кейде Алатауға шығып:


–Әке, Алтай көріне ме? – деп алысқа, көгілдір сағымдар арасына, аспан жиегіне сүзіле қарайды. Енді бірде :


– Әке, аруақ бола ма, атам түсіме кіріпті, – дейді Мерей, құран жаттап, сізге бағыштап аят оқып жүреді. Әке, опасыз ұлыңыз сіздің сөзіңізге қиянат жасады. Сіз ен салған екі егіз қозы, екі жерде маңырап жүр. Оны мына қанпезер ұлыңыз өз қолымен айырды.


"Екеуінің екі жерде жаутаңдап жүргенін қалай көріп жүремін" деген сөзіңіз қайтадан жаңғырып, ұзақ жыладым.


Әке, сіз бізге әкелік парызыңызды толық ада етіп орындадыңыз. Ал мен ші . . . орындай алмадым.


Егер менің үнім жер астындағы мүрдеңізге иә аспандағы рухыңызға жетер болса, сізден:


– Кешіріңіз, әке, кешіріңіз . . .    деп жүз қайтара өтінер едім.


Әке, біздер осылайша тіріміз, тірілер жер бетін шаңдатып жүрміз. Өлілер . . .


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу