12.01.2023
  98


Автор: Жәди Шәкенұлы

КҮМІС КІСЕ

– Бұл кісенің қашан, қай жерде жасалғанын білмеймін, әйтеуір арғы заманның мұрасы екені рас. Қарашы, құйма күмісінің өрнегі мен ауырлығына! – Қарт осыны айтып тізерлей тұрып кереге басындағы кісені еппен алып, сүйекті саусақтарымен аялай сипады. Төрт елідей жалпақ, мол күміс өрнекті көне кісе қолымды майыстырып, білегімнің қарымын талдырып барады. Менің қолыма көп тұрғызуды қимағандай орнынан жеңіл тұрған қартым оны әуелгі орнына қайта ілді. Жасаураған шұңғыл көздерін ашық есіктен қарсыдағы жасыл беткейге қадаған қарттың шоқша сақалы сәл дір етіп, қою мұртының астындағы еті қалың еріндері жыбырлап кетті. Қарт сөйлеп отыр:


– Тілші екенсің, бәрін білсем дегенің жөн ғой. Бұл бір ұзақ әңгіме.


Қарт етігінің қонышына қолын жүгіртіп, мүйіз шақшасын суырып алып, сол қолының алақанына еппен қағып қара көк насыбай салды. Шегірткенің төбесіндей ғана шағын үйменің жиегін жиыстыра отырып, аузына қарай сақ еткізді. Тіл астына басылған насыбай сөлін төгіп алмайын дегендей астыңғы ернін жымқырып бірталай отырды. Одан оң қолының саусағы көкқұтанның мойнынша иіліп барып, астыңғы ерінді жағалай ауызға лып етіп кірді де, қармағына ілінген шайынды насыбай нілін сүйреп шықты. Үйдің іргесіндегі сырмақ шетін көтерген қарт саусағын солай қарай бір сілікті де еңкейіп барып шырт түкірінді.


– Сонан бері тұп-тура елу жыл өтті, иә солай, елу жылдың алды болатын. Дәл осы жұртта отырғанбыз. Екінті мен ақшамның арасында түйеге мінгескен бір топ бала сау ете түсті. Бала деймін-ау, өңкей сайдың тасындай өрімдей жас жігіттер екен. Онда менің отызға енді ғана ілінген шағым болатын. Қазақтың қаймағы бұзылмаған қара нөпір дастарханы жайылып, мал сойылып, қымыз құйылды. Жігіттер түнімен ән салды. Пай, пай, әндері қандай ғажап еді! Ауылдың үлкендерінен жыламағаны жоқ. Есімде қалуынша, біреуі:


Жалғыз шешем бар еді, Өзі ауру кәрі еді. Осынау әнге салдырған,


Он алтының зары еді, – деп солқылдатса, енді біреуі:


 


Алтайда өскен баламыз, Алысқа кетіп барамыз. Ажал жетіп біз өлсек,


Қай жерлерде қаламыз, – деп зарланады.


 


Жөн ұғыссақ, бұлардың әкелері орыс жеріндегі қызыл үкіметтен өр Алтайға қашып келген екен. Жолбарыстың аузынан құтылып, арыстанның апанына түстім дегендей олардың ұлдары енді ұлт-азаттығы қозғалысын жаныштау мақсатындағы Қытай армиясының атты әскерлер полкына


 


апарыла жатыпты. Күбір-сыбырларына қарағанда қазаққа қазақты салатын сияқты, деп қан жылап бара жатқан түрлері бар.


Сөйтіп, таңға жақын көз ілген көп баланың біреуі қатты-қатты жөтеліп мазасыздана бастады. Сексенге келген әкем бар еді, таяғымен түртіп, мені ыммен шақырды. Кешесінде сойылған қызыл қойдың ошақтай құйрығының жартысын туратқызып май дайындатты. Сосын әлгі жөтеліп жатқан жігітті де таяғымен түртіп оятты. Ыстық майды ағаш тегенеге құйғызып, оның алдына қойды. Жігіт ұрттар ұрттамастан тыжырына бастап еді, әкем таяғын алды да оның басына жеңіл бір тық еткізіп:


– Іш, әйтпесе, таяқ жейсің! – деп гүр ете түсті.


Жігіт өзіне төніп тұрған аюдай шалдың айбатынан жасқанды ма, әлде сыйлады ма сәл жымиды да тегенені бір-ақ көтерді. Әкем жігітті көрпемен бүркеп ұйықтатып тастады.


Жөтелі дым басылып, күн қыза қызара бөртіп әрең тұрған жігіт әкеме көп рахмет айтты. Соңында:


– Ата, алыс жолға кетіп барамыз, батаңызды беріңіз, аман-есен қайта оралсақ, сізге сәлем беретін боламыз. Сөзімнің айғағы болсын, белімдегі кісені аманат ретінде сізге қалдырайын, арғы аталарымыздан қалған еді. Көненің көзі, беліңді бекем буып жүр деп әжем сыйлаған болатын, – деп, түйе жүн күпісін буынған күміс кісені әкеме ұсынды.


Міне, сол кісені әкем марқұм өлерінде:


– Бұл біреудің аманаты. Ықылым заманнан аманатқа қиянат жасамаған елміз. Тірі болса бір келер, иесіне табыстаңдар! – деп маған тапсырған. Сонан бері елу жыл өтіпті. Ой, жалған-ай деші. Небір саяси толқындарды бастан кешірдік. Ұлтшылдарға қарсы күрес, көненің көзін жою, бай шаруаларды құрту, халық жауларын аластау, жалған мәдени төңкеріс секілді ұр да жық ұрандар көтеріліп, талайдың малын алды, жанын алды. Алтын-күмісін тонап, асылдарын отқа жақты. Шалдардың сақалын күзеп, қыз-қатынның бұрымын кесті. Ал, біздің аманат тастаған Алтайлық азаматымыз әлі оралмады. Біз оның аманатын өртке де, дертке де бермей аман алып қалдық. Қиын күндерде әкем құрым киізге орап, марқұм шешемнің қабіріне жасырды. Ел мұрасы ақтала бастаған бүгінгі күнде ғана тығулы орнынан алып шықтық. Баяғыдай қаз-қалпында екен. Осы күміс кісеге көзім түскен сайын осыдан елу жылдың алдындағы Алтайлық жігіттің:


 


Алтайда өскен баламыз, Алысқа кетіп барамыз. Ажал жетіп біз өлсек,


Қай жерлерде қаламыз, – деген әні күні кешегідей жаңғырығып тұрады. Өліп қалды ма деп ойлай беремін. Тірі болса бір соғар еді-ау. Е, жалған-ай, кім білсін?! Балам, тілші екенсің, мұның бәрін жазарсың, мүмкін жазғаныңды ел көрсе, біреуден біреу дегендей кісенің иесі табылып қалар, табылып жатса аманында аманатын да алар. Біздің көзіміз жұмылып кетсе кейінгі жастар не білер дейсің...


 


Шүңірек көздерінің жиегіндегі жиі әжімдері сулана қалған қарт сөзін ауыр күрсініспен аяқтап, насыбай шақшасына қол салды. Мен сонда ғана байқаппын, қарттың насыбай шақшасы да күміспен зерленген екен. Күміс кісенің өрнегінен аумайды.


Таңданысымды жасыра алмай кереге басындағы кісеге қайырыла қайта қарадым. Шаңырақтан шашылған күннің сәулесіне шағылысқан бедерлі күмістері жарқырай нұр шашып тұр.


Менің есіме әкем марқұм түсті. Қызыл армия қатарында болған ол ауыр жараланып, соның тақсіретінен мен ес біле көз жұмған еді. Әкемді еске алған сайын оның мені алдына алып отырып, ыңылдап айтатын әні құлағыма еміс-еміс естілгендей болды.


– Ал-тай-да өс-кен ба-ла-мыз, А- лыс-қа ке-тіп ба-ра-мыз...


Әкем есіме түскен сайын өзегіме өрт кеткендей болып, көз алдым тұмандап кетті. Мен қалың тұманның арасынан әкемді көрдім.


Оның белінде жарқыраған күміс кісесі бар екен. – Әке...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу