12.01.2023
  129


Автор: Жәди Шәкенұлы

БАЛАНЫҢ ОЙЫНШЫҒЫ

Дархан малды ауылға, қыр тірлігін көруге бір жылдық сапарға аттанарда әйелі:


– Алты жастағы ұлың асыққа үйір, ауылдан көп асық ала кел – деп арнайы тапсырған болатын.


Бір жыл әрі ұзақ, әрі қысқа болды. Шалғай ауыл, жар мен бала сағынышы оны асықтыруда. Дорба толы асықты арқалап ауылдан қалаға оралған Дарханның қуанышында шек жоқ.


Барған үйлерінде мал сойылғанда асыққа тапсырыс беріп, оны боятып алатын еді. Неше түсті асық, қорғасын құйған сақалар көздің жауын алады. Өзінің бала күнгі асыққа қолы жетпеген жоқшылық тағдыры да еске түседі. «Шіркін, мұншама көп асықты көргенде балам қандай қуанар екен» - деп асыға кірді есіктен.


Бірақ, баласы қуанбады. Алдына төгілген асыққа наумез қарап:


– Біз асықпен ойнамайтын болғанбыз – деп бұртиды. Әрі әкесіне сөреге қойылған қошқардың бас сүйегін көрсетті. Жүгіріп барып бір түймешікті басып қалып еді, қошқардың көзінің орынына салынған жасыл шырақтар жанып, кеңсірік қуысына орнатылған кішкене кернай маңыраған үн шығарды. Ізінше жағымды музыка үні естілді. Мүйізіне оралған жіңішке жіпті түрлі-түсті шырақтар жылт-жылт етеді. Шынында әдемі екен.


– Біз баспен ойнаймыз, – деді сосын, – маған бас керек. Қошқардың, бұқаның, аттың басы . . .                     адамның бас сүйегі болса тіпті жақсы.


– Бас ... !?


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу