12.01.2023
  143


Автор: Жәди Шәкенұлы

ЖАСЫЛ ЖАҢБЫР

Жасыл текшенің тұмарша төсін тұманның жұқа шүйкесі орап тұр. Сұрғылт аспан ұсақ-ұсақ суық тамшыларын бүрке бастады. Жалаңаш


білегіме соғылған жарты бидайдай жаңбыр тамшылары жап-жасыл екен. Аспанға, айналама ғажаптана қарадым. Дүниенің бәрі жасыл буға оранып, жасыл демі бұрқырайды. Жасыл әлемге қарай-қарай қарлыққан болар деп көзімді уқалап жіберіп қайта қарадым. Тағы да сол – жасыл әлемге жасыл маржандар шашылып жатыр. Табиғаттың тана моншақтарындай жасыл жүректерден жасыл қан ағып тұр. Етекке, сай тағанына қарағаныммен, шұбала көшкен бозғылт тұманнан басқа дәнеңе көрінбейді. Одан бері қарағай, самырсындардың тұманды тескен сәукеленікіндей сүйірше жасыл төбелері ғана бұлдырайды.


Жаңбырмен бірге жердің, мәңгі қартаймайтын балғын, балауса иісі мүңкиді.


Кенет, қарсы алдымдағы алма ағашының бұтағы сәл тербелгендей болды. Жүзін жасыл тамшылар айғыздаған әдемі аққұбаша қыз алма ағашының астынан еппен шығып келеді. Үстінде көл суынан жасалғандай көгілдір көйлек. Ботаныкіндей дөңгеленген мөлдір, шаралы жанары маған тесіле жаудырайды.


Табанымнан көтерілген ыстық ағын тұлабойымды шарпып, жүрегім шымырлап кетті.


– Сәлеметсіз, қарындас, сіз... – Сөзді осылай бастап оған таядым. Самайына талдана құлап, суға шыланған қоңырқай шаштарын арық етсіз саусақтарымен күн көрінетіндей жұқа құлағынан асыра артына қайырды. Бозара дірілдеген еріндерінің ар жағынан әппақ тістері көрінді.


– Сәлеметсіз, аға, – деп жасқана тіл қатты. – Сіз..?


– Аға, қорықпаңыз.


– Жөн сұрасақ айып болмас.


– Атым Айман. Жөнімді айтар болсам ол ұзақ әңгіме.


Қыз жүзіне тұман ұйығандай тұнжырай қалды. Қап-қара ұзын кірпіктері жиі-жиі қағылып, жерге қадалды да, ауыр демінен болмашы әппақ бу көтерілді. Беліне оралған білектей бұрымын алдына алып, ұшын шұқылай өріп:


– Мені сізге жолықтырған Аллаһтың әмірі шығар, – қыз тағы күрсінді. – Бір үйдің ерке шолжаңы едім, ауылымыз анау таудың ар жағында, – ол жұқа иегін соза көтеріп, бозғылт тұман жапқан қарсы бетке мұңдана қарады.


– Әкем өз дәуірінің шалқыған байы еді, не ішем, не кием десем бетімнен қақпады. Бірақ өте қатал болатын. Өз тілінде сөйлемей өзге тілде сөйлейді. Екінің бірінде есе сөйлеп:


– Мен неге қазақ боп тудым екен?! өмірдегі ең үлкен өкінішім де осы! – дейтін. Қандастарын өлердей жек көретін. Кісі жалдап талайының сорын қайнатқанын сезетінмін. Әжемнің әлдиімен, ауыл құшағында бесік жырымен


 


есейген мен осы жағынан онымен жұлдызым жараспады. Ол болса әкеліктің дойыр өктемдігін көрсетіп, мені өзіндей бай өзге ұлт жігітіне атастырмақ болды.     Онымен                қоймай      арақ-шарап         араласқан     жын-шайтандардың дастарханына                тарта   бастады.        Атамның        жайнамазына              жағаласып өскендігімнен олардан жаным түршігіп, періштем шошынды. Ақыры, темір тегеурінін салмақ болған әке шеңгелінен жалғыз-ақ күнде қашып шықтым. Содан бері таудамын. Тау жемісін сыйлайды. Қара күпілі қарағайлар аға болып ыстық бауырына басса, ақ жағалы қайыңдар жеңге болып сыбырлайды. Адамдар жау санаған көкбөрілердің өзі құйрығын бұлғап еркелейді. Бұлбұлдарды жүрегіме ұялатып, ақ көгершіндерді алақанымнан ұшырамын. Қарашы, бәрі де жап-жасыл! – Қансыз қалтыраған саусақтарын майыса бүгіп, жасыл жапырақтарды аялай сылаған оның ақшыл жүзіне күлкі жүгіріп, миығында толқын дірілі тұрды.


– Қарашы, аға, бәрі де жүрегін жайып тұр. Бұлардың жүзі қалай болса, жүрегі де солай. Жүрегі қалай жасыл болса, қаны мен жаны да солай жасыл. Бұлар ешкімді алдамайды. Күлгенде бүкіл даланың желегі желбіреп, шаттана ырғалады. Жылағанда етегі жасқа толып еңірейді. Кейде анама ұқсайды, – ол осыған келгенде булығып қалды. Мен оның кірпігінен бірін-бірі қуалай үзілген жас тамшыларын көріп тұрдым. Тоқ тамағының бүлкілдеуінен ащы запыранды ары қарай жұтқаны білінеді. – Мен жетіге келгенде анам көлік апатынан қаза тапқан, осы таудың бөктерінде жатыр. Оның қабірін де тура осындай жасыл шөптер жапқан. Қазір ол жер жай ғана төбешік. Әкем басына күмбез орнатуға үлгерместен тағы біреумен үйленіп алған. Анамның қазіргі серігі де осы жасыл періштелер. Көктемде ол маңды қалың қызғалдақ жабады. Мен алғаш қашып шыққанда сол қызғалдақтарды жастанып, анамның қабіріне түнейтінмін. Анамнан әлдене дәметіп, қара жерге құлағымды төсеп жатушы едім. Топырақтың асты бүлк-бүлк етіп, оның жүрегінің лүпілі естілетін. Құлағыма сыбырлап: «құлыным, тұра ғой, көз жасынан пайда жоқ» деп жұбататын. Ал, қазір болса бәрі-бәрінен алыстап кеттім. Онан бері қанша заман өткенін де білмеймін, – қыз тағы жылады. Бұл шақта бүкіл дала қызға қосылып бірге жылап тұр еді.


– Қазір онда неге бармайсың?..


– Аға, маған сеніңізші, мен адамзаттан алғаш рет сізді жолықтырып отырмын. – Міне, жаңбыр басылайын деді. Тұмандар да түріліп келеді. Оның қыр мұрындары қусырылып, демі сығылып, үніне діріл араласты.


– Қарындас...


Шынында жаңбыр тамшылары сиреп, тұмандар түйдегі тау алқымына жылыстап барады екен.


– Аға, қош, қош енді, мені жасыл жаңбыр жауғанда күтіңіз, қалғанын сонда айтамын.


Тұманға беттеген бейтаныс қыздың, бейтаныс емес-ау, Айманның көкшіл көйлегі көлбіреп, бұраң белді нәзік тұлғасы еппен алыстап барады.


– Қарындас!


Ол артына бұрылып қарамаған күйінше боз тұманға сіңіп кетті.


 


Мен жасыл текшенің жүрекше тасынан секіріп түсіп, бетегелі бетке қарай тырмыстым.


– Қа-рын-дас!


Бота мойынданған кезеңнің өркешіне ілінгенімде, күн шайдай ашылып кетті. Тек көз алдымда бір шөкім тұман ғана аспандағы қазбауыр бұйра бұлттармен қанаттасып, ары ауып бара жатты.


Сонан бері Алатауда аттай желіп алты жыл өте шықты. Сонан бері әр жаңбыр жауған сайын аспанға алақанымды тосамын. Жердің миын шығарып, жеті күн, жеті түн нөсер құйса да, жасыл жаңбыр әлі жауған жоқ.


Шіркін, жасыл жаңбыр қашан жауар екен...


“Сен айтшы, жасыл әлем, жа-сыл жаң-быр қа-шан жа-уа-ды?” – мен жасыл текшенің тұмаршасында тұрып дәл осылай айғайлағым келді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу