10.01.2023
  793


Автор: Жәди Шәкенұлы

АЙДАҺАР МЕН КІРПІ

 


 


«Ну орманның ішінен алып айдаһар шығыпты» - деген хабар бүкіл аймақты дүрліктіріпті.


Әншейіде батырсынған арыстан, жолбарыстың өзі бұл хабарды естігенде естері шығыпты. Тіпті жұрт «қорықпайды-ау» деген пілдің өзі сол «айдаһар шықты» деген жердің маңын баспайтын болыпты.


Өзінің қанды аузын ашпай-ақ айналасындағылардың өздіген берілгенін естіген айдаһар одан бетер еліріпті. Әуелі: «аспан астының жалғыз иесі менмін», – деп жар салыпты. Айдаһардың осы бір ауыз сөзінен-ақ өлердей қалтыраған өзгелер оған бас ұрып, бар тәтті-дәмдісі мен жылы-жұмсағын оған силайтын күйге жетіпті.


Мұны естіген дәу кірпі қатты ашуланыпты. Өзінің айдаһармен жекпе-жекке түсетіндігін де айтып салыпты. Бұл хабарды естіген жұрттың бәрі:


 


– Ойбай, енді пәле таптық. Кірпінің кеселінен бүкіл жануарлар қырғынға ұшырайтын болдық, – деп шуласыпты. Тіпті бір тобы кірпіге келіп:


– Әлін білмеген әлек деген. Сен қанша дәу кірпімін дегеніңмекн айдаһарджың қасында түк емесссің. Өзің өлгеніңмен қоймай, бізге де пәлең тиетін болды, – деп оны тоқтатпақшы болыпты.


Басқалардың сөзі бәрі бір кірпіні райынан қайтара алмапты. Ол керісінше құмға аунап, тікендерін қайрап, жекпе-жекке сайланыпты.


Мұны естіген айдаһар оны мазақ қылып қатты күлген екен. Бірақ, оның шынымен–ақ өзімен сайыспақшы болғанын білгенде едәуір тіксініп қалыпты. Дегенмен де өзге жануарлардың алдында осалдығын танытқысы келмей «келсең кел!» депті.


Сөйтіп ендігі жерде кірпі мен айдаһардың жекпе-жек сайысы басталып кетіпті. Кірпі аса жылдамдықпен тез қарманып, айдаһардың құйрығының ұшынан айрылмастай тістеп алыпты. Кірпінің бұлайша тап берерін ойламаған    айдаһар                     оны           құйрығынан               ұшырып    жібермекші    болып жанталасыпты. Бірақ кірпінің тісі шыққанды қойып, одан армен қарысып, қадала түсіпті. Айдаһардың денесінің қай жері өзіне тиіп кетсе, өткір тікендерін сол жерге қадап, өне бойын қан-жоса қылыпты.


Айдаһар кірпіге ауыз салайын десе, аузына тікендері қадалып, аузы басы қанға боялыпты. Ызаланып долырған айдаһар бар күшімен арыпталаса тулап, бүкіл орманның ойран-топырын шығарыпты. Жанталаста ағаштың бұтақтары денесіне кіріп одан бетер жаралапты.


Айдаһар тулау-тулай әбден титықтапты. Тауға қарай өрмелеп, кірпіні тасқа ұрып өлтірмекші болыпты. Алайда онысынан да ештеме шықпай, өз денесін жартасқа ұрып, тұла бойында сау тамтық қалмай, ауыр жараланыпты. Кірпінің тісі босағанды қойып, айдаһарды құйрығынан бастап кеміріп жей бастапты.


Әл-дәрмені әдбен құрып, жаны мұрнының ұшына келген айдаһардың көзі де ешметені көрмей қалса керек. Ең соңғы күшін бойына жинап қатты бір тулағанда, биік таудың құзынан терең шатқалға қарай бірақ құлапты. Сол беті төменде ағып жатқан асау өзенге тоғытылып, аяқ жағындағы биік сарқырамадан тік шаншылып, қада тастарға соғылып, жан тапсырған екен. Ал өн бойында сау тамтық жоқ, қып-қызыл қанға бөккен кірпінің судан шығып келе жатқанын көрген күллі жан-жануар:


– Кірпі жасасын, кірпі батыр жасасын! – деп шуласыпты.


Содан бастап бұл орманда айдаһар атаулы өмір сүрмейтін болыпты. Жан-жануарлар алаңғсыз өмір сүре батапты. Кірпінің ерлігін аңыз қылған орман жануарлары солан бастап оған «киелі кірпі» деген ат берген екен. Тіпті кейіннен кірпі Сүлеймен пайғамбарға ақыл айтқаны үшін «кірпі шешен – кірпікшешен» – атанған деседі.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу