10.01.2023
  999


Автор: Жәди Шәкенұлы

АҚ ТҮЛКІ МЕН ҚЫЗЫЛ ТҮЛКІ

 


 


Бұрынғы заманда ақ түлкі мен қызыл түлкі дос болыпты.


Ақ түлкі өзін аса ақылды санаса, қызыл түлкі өзін өте көріктімін деп біледі екен. Екеуі әр күні сөз таластырып, өз ерекшеліктерін мақтан етісетін болыпты. Ақ түлкі:


– Сенің түрің әдемі болғанмен нағыз ақымақсың. Қандай қиын жағдайда да мен секілді ақыл таба білмейсің, – десе, қызыл түлкі:


– Сенің пайдасыз ақылың неге керек. Үстіндегі бояуың ағып кеткендей аппақ түріңді көрсем, семенімен бірге жүргім келмей, құсқым келеді, – дейді екен. Жердің бетін қырбақ қар басқан бір күні екі түлкі ұзақ сапарға шығыпты. Екеуі тамақ іздеп жорта-жорта тым шалғай жазыққа дейін кетіпті. Кенет аспаннан қыран бүркіт көрініпті.


Өз басын ғана аман алып қалуды ойлаған ақ түлкі қулығына басып, жалма-жан жыраның ішімен тұра қашыпты. Даланың бәрі аппақ, ақ түлкінің жүні де аппақ болғандықтан, қыран оны байқамай қалып, қызыл түлкіге шүйлігіпті. Қыранның тырнағына ілккен қызыл түлкі ойбайлап:


– Досым-ау, құтқара көр, мені! – деп жалыныпты. Ал ақ түлкі болса:


– Көріктімін деп маған есе бермеуші едің ғой. Өз обалың өзіңде. Сұлулығың басыңа ажал болды ғой, – деп кете барыпты.


Осы кезде күн қатты ысып, даланың қырбақ қары лезімге еріп кетіпті. Қара адырға қарай өрмелеп бара жатқан ақ                  түлкі қыранның көзіне бірден көрініпті. Биікке шарықтай ұшқан қыран құдия келіп, ақ түлкіні де бас салған екен. Жаны шығып бара жатқан ақ түлкі:


– Әттеген-ай, «бөлінгенді бөрі жейді, жарылғанды жау жейді» дегендей, берекесіздігімізден бүркітке жем болдық-ау, – деп армандаған екен. Адамдар: «бірлік болмай, тірлік болмайды» дегенді осындайға қаратып айтса керек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу