10.01.2023
  1156


Автор: Жәди Шәкенұлы

АЮ МЕН СУЫР

Ерте, ерте ерте заманда, ешкі құйрығы келте заманда аю мен суыр ағайынды болыпты.


Ағасы аю аса еңбекқор болса, інісі суыр өте жалқау екен. Әрі ағасын еңбекке салып қойып, өзі тегін олжаға кенелуді ойлайды екен.


Тіпті бір жолы аюдың қыстық азық үшін дайындаған көп жеміс-жидегін ұрлап тасып алыпты. Өзінің азығының азайып қалғанын байқаған аю оған:


– Біздің айналамызда ұры бар сияқты. Азық азайып қалыпты, - десе, анау беті бүлк етпей:


– Е, кеше қара қабан жер тіміскілеп жүрген. Бар пәле содан келген болуы керек, – депті. Аю оған сеніпті.


Аю ертесі азығының тағы да азайып қалғанын сезіпті. Мұны суырға тағы айтыпты. Суыр болса тағы да шімірікпей:


– Кеше осы маңда борсық жүрген. Сол қағып кеткен ғой, – депті. Аю оның айтқанына тағы сеніпті.


Деседе, аю өзгедлерді құрдан-құр кінәлай бергенше, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуді ойлапты. Ол шірік ағаштың томарын үгіп, ұп-ұсақ ұнтаққа айналдырып, үңгірдің аузына біліндірмей сеуіп тастапты.


Мұны білмейтін суыр тағы да ұрлыққа түсіпті. Аю ұрының өзге емес, суыр екенін біліп, қатты ызаланыпты. Оны ұстап жазаламақшы болып тұра қуыпты.


Ұрлығы   ашылып қалған суыр ағасының ашуынан өлердей қорқып қаша жөнеліпті. Жан дәрмен өзінің ініне кіріп кеткен екен. Аюу болса іннің аузына шоңқиып алып, оның шығуын күтіпті.


Амалсыз қалған суыр іннен шығатын тағы бір амал іздепті. Іннің ішкі бүйірінен басқа жаққа шығатын жол қаза бастапты. Ақыры екінші жақтан да іннің аузын шығарып алған екен. Оған да көңілі көншімей, үшінші жақтан тағы бір ауыз шығарып алыпты. Осыдан бастап аю тауда, суыр етекте өмір сүретін болыпты.


Аюды көрсе суырлардың ініне қашып кіріп кететіндігі әрі індерінің бір емес, бірнеше аузы болатындығы да содан қалған екен.


Суырдың бұл арамдығын білетін адамдар да оларды жақатпай: «көп суыр ін қазбайды, ін қазса, түзу қазбайды» деп мәтелдейтін болыпты.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу