10.01.2023
  624


Автор: Жәди Шәкенұлы

МАЙМЫЛДАР ЖИНАЛЫСЫ

Ерте, ерте, ертеде маймыл патшалығында үлкен жиналыс болыпты. Оған бүкіл орман, тау-даладағы маймылдар тегіс қатысыпты.


Маймыл патшасы жұрт алдына шығып:


– Күллі маймыл әулеті қош келдіңіздер! – деуі-ақ мұң екен, бүкіл орман ішін шапалақ үні кернепті. Алақандарынан қатты дауыс шығара алмағандары, ағаш қабықтарын бір-біріне ұрып, өзінше барабандатқан екен, – біз бүкіл дүниежүзіндегі маймылдар бір ғана атаның баласымыз. Сондықтан береке-бірлігімізді арттырып, жауларымызға қарсы тұра білуіміз керек!


Сөз кезегі тиген басқа маймылдарда ештеңеден тайынбай, езулері көпіршіп ұзақ сөйлепті. Біреуі:


– Біз бұдан кейін өте бауырмал боламыз, – десе, екіншісі:


– Біз осынша көп күшпіз. Басымыз біріккенде ешкімнен қорықпайтын боламыз, – дейді екен.


Жиналыстың соңы бала маймылдардың алманы доп қылып тепкен мәрі-сәре ойынына жалғасыпты.


Тойлың осындай думанды шағында кенеттен найзағай ойнап, дауылды нөсер тұрыпты. Маймылдар патшалығының алдындағы алып жаңғақ ағашына найзағай тұсіп, жемісі бүкіл далаға шашылыпты. Қатты жауыннан абдырап, тұс-тұсқа қашқан маймылдар мына тегін олжаны көріп, қайта қайрылыпты. Маймыл патшасы өзі бас болып жаңғақ тере бастаған екен. Мұны көрген орманның бүкіл маймылы ағашқа үймелепті.


Ағаштың жемісі азайған сайын талас көбейіп бір-бірімен қырқыса бастапты. Тіпті патшалдарының!: «тоқтатыңдар!» – деген қатал әміріне құлақ асқан бірде-бірі болмапты.


Осылайша орманның іші ұлар-шу болып, маймылдар бірінің қанын бірі судай шашыпты. Бақырған, ойбайлаған әр түрлі ащы үндер толастамапты. Маймылдардың                              мұндай     берекездігін     көрген     аспан     тәңірі     қатты қаһарланыпты. Найзағайдың от қамшысын үйіріп, оларды тұс-тұсқа қуыпты. – Сендерге опа жоқ, тәңірдің қарғысына ұшырадыңдар! – депті, жер-әлемді күңірендіріп.


Ауызда ғана әдемі сөз айтқан маймылдар, іс жүзінде өздерінің әлсіз бейшаралығын бірден танытыпты. Бастары бірікпей, өз жайларына кетісіпті.


 


Маймылдар сол күннен бастап, орман-тоғайларда бет-бетімен өмір сүре бастаған екен. Сонан бастап адамдар да Тәңірдің қарғысын алған олардың берекесіздігі мен құбылғыш мінездеріне қаратып, бір-біріне: «маймыл болмаңдар!» – деген ақыл айтатын болыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу