Ертегілер ✍️
Бақыт құсы
Ерте, ерте, ертеде бақыт құсы деген құс болыпты. Жүндері ақ мамық бұлттай қауырсыны жасыл жапырақтай, тұяқтары ақ ірімшіктей, көздері түннің жұлдызындай, басы бармақтай ғана екен.
Ол тұста сауысқан бақыт құсының адамдарға жіберетін елшісі болыпты. Жер бетінде жақсылық болса, патша сайласа сауысқан неше күндік жерден бақыт құсына хабар жеткізеді екен. Ал бақыт құсы кімнің басына келіп қонса, сол өмір бақи бақытты болады екен.
Бақыт құсының ұясы алты қабат аспанның ар жағында болып оған тек қана сауысқан ұшып бара алады екен. Күндер өте келе бақыт құсының аспан мен жер арасында абыройы асып, адамдардың алақанына келіп қонғанын көрген сауысқанның қызғанышы қозыпты. Ол жүз жылда бір-ақ рет жұмыртқалайтын бақыт құсын аңдап жүріп, түн қараңғылығын жамылып, бақыт құсының жұмыртқасын жер бетіне алып қашыпты. Алайда қыраулы бұлттар қанатына мұз қатырған сауысқан жер бетіне күншілік жер қалғанда шоқтай жайнаған шолпан жұлдызынан таң атып келе жатқанын сезіп, қатты сасқалақтапты. “Үһ” деп шошына тыныстағанда, аузындағы жұмыртқа түсіп кетіпті. Не істерін білмеген сауысқан жұмыртқаны қайта қағып алмақшы болғанда, жұмыртқа жарылып кетіпті. Сөйтсе, енесі бауырына басып, шайқап болып, жұмыртқаны жарып шығуға айналған балапан жұмыртқа қабыршағын тесуге аз қалған екен. Әлсіз қанаттарын сермеген бақыт құсының балапаны таңның алғашқы арайында аспан мен жер арасында бағдарсыз ұша беріпті. Ал оның енесі болса, балапанының қасіретіне қайғырып, көз жасын көлдетіп жылапты. Осы кезде жердің бетіне жаңбыр жауатын болыпты. Әр жылғы көктемнің алғашқы жаңбыры сол бақыт құсының көз жасы екен. Сондықтан да көктем жаңбыры жер бетіне ырыздық әкелетін болған. Көктем жаңбырында сауысқандардың ұша алмай тасаға тығылуында да мән бар екен. Бақыт құсы шиыршық атып айға қарай жанталаса ұшқанда оның қанатының желі көктемнің қоңыр самалы болып еседі екен. Ай толған кездерде ол айдың бетіне қонып алып, жер бетінен балапанын іздеп телміретін болыпты. Ай бетінен біз көретін дақ сол бақыт құсының көлеңкесі екен. Адамдардың айға қарап телміруі, оны арманға балауы да тегін емес екен. Ал, сауысқан болса бақыт құсынан күнәсі үшін қатты қорқып, жер бетінен алыстап ұшпайтын болыпты. Әрі адамдарға жақсы көріну үшін тынымсыз шықылықтап, бірден бірге өсек жеткізетін болыпты. Біз көрген сауысқандардың жер бауырлай ұшып ағаштан-ағашқа секеңдеп жүруінде әне сондай әңгіме бар екен.
Ал аспан мен жер арасында қалған бақыт құсының балапаны таң ата жер бетінен ұшып өтетін болыпты. Үлкендердің “Ерте тұрған адам бақытты болады, оған бақыт құсы қонады” немесе “Ерте тұрғанның ырысы артық, бақыт құсы қонады” деуі де сонан екен. “Алалық тұрған жерде бақыт тұрмайды” дейтін әжелеріміздің ақылы да сауысқан мен бақыт құсының бастан кешуінен қалған тәмсіл болса керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter