10.01.2023
  239


Автор: Жәди Шәкенұлы

Қапшағай қалай пайда болған

Ерте, ерте, ертеде Қапшағай деген еңбекқор жігіт болыпты. Сол жылдардың бірінде ерекше қуаңшылық болып, бүкіл даланы шөл жайлапты.


Мұны көрген Қапшағай құдық қазуға кірісіпті. Күнімен қазыпты, су шықпапты, түнімен қазыпты, су шықпапты                          айлап қазыпты тағы су шықпапты. Мұны көрген басқалар:


– О, Қабеке,    қызыл тасты тырмалап мұнша әуре болғаның қайткенің, бәрі бір су шықпайды ғой, – деп күліпті. Ал Қапшағай болса:


–Бүгін шықпаса, ертең шығады. Биыл шықпаса, келесі жылы шығады, – деп жерді қаза беріпті, қаза беріпті.


Шөл далада сексеуілдің түбіндегі оның күркесін көрген басқалар енді: – Нағыз ақымақ! – деп келеке ететін болыпты.


Мұны елең құрлы көрмеген Қапшағай әйелі мен балаларын ертіп әкеліп, бірлікте қазыпты. Темір                  ломдары инедей, қайлалары қасықтай болғанша қазыпты. Ломдары болмағанда инемен шұқып қазыпты.


Қапшағайдың еңбегіне риза болған Алла Тағала ақыры мөп-мөлдір суын сыйлапты. Мөлдір суға құмарлана еңкейген Қапшағай сонда ғана өзінің сақал-мұртының ағарып кеткенін көріпті. Қос алақанымен суды көсіп алып беті-қолын жуғанда сақал-мұрты дереу қарайып шыға келген екен. Адам мен жан-жануарлар суға қарық болыпты. Дала жап-жасыл түске ауысыпты. Еңбегінің тәтті жемісін өз көздерімен көріп, қайран қалған халық:


– Еңбек етсең инемен құдық қазған Қапшағайдай бол, – деп тәмсіл етіпті. Сонан бастап еңбеккерлік туралы сөз болғанда ел: “Инемен құдық қазғандай” деген мәтел қолданатын болыпты.


Ал, Қапшағай қазған сол құдықтан шыққан су күні бүгінге дейін “Қапшағай өзені” немесе “Қапшағай көлі” аталып кеткен екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу