10.01.2023
  178


Автор: Жәди Шәкенұлы

Төрт ошақтың ерегесі

 


 


Ағайынды төрт ошақ бір үйдің балалары болатын. Оның ең үлкені көмір ошақ, екіншісі керосин ошақ, үшіншісі электр ошағы, төртіншісі газ ошағы. Күндердің бірінде төрт ошақ бір үйде бас қосып қалды да, адамдар жоқ кезде қызу әңгіме қозғады, сөзді көмір ошақ бастады:


– Мен бәрінен үлкен ағамын, маған адамдар ағаш жақсы да, көмір жақса да, мейлі, үйін дереу жылытамын, тамағын дереу пісіремін, тұтыну құным да арзан және...


Оның сөзін керосин ошақ бөліп жіберді:


– Ағасы-ау, ол қасиеттер мына менде де бар ғой, несіне мақтанасыз, мақтануды білгенде кемдігіңді де айтсаңшы, бұрқылдап жататын күл-қоқырыңызды, адамдарды өлтіруге дейін барған ысыңызды қалай жасырасыз, ал мен болсам, керосин болса ғана болғаны, оның үстіне...


Оның сөзін электр ошақ бөліп жіберді:


– Ойбай, ағасы, сіз де айтады-ақ екенсіз, сізде қанша өнер бар, үйді жылытуды білмейсіз, үлкен ағаны сөгесіз, өзіңізден шығатын ыс, түтін аз ба, адамдардың қолын былғағаны қаперіңізге де кірмейді, сізге қарағанда мен жылмақтай жігітпін ғой, күл-қоқырым да жоқ, ток көзіне жалғаса болғаны, тамақты да пісіремін, жылу да шаша аламын, қатер аз болумен бірге ...


Оның сөзін газ ошақ бөліп жіберді:


– Кіші аға, сіз де кетіңкіреп қалдыңыз, тоқтың қатері аз деп кім айтады, талайлар өлді емес пе, оның үстіне жейтін тоғыңыз да баршылық, ток ақшасының өзі бір жерге барып болмай ма, ток жолынан өрт қаупін де тудырасыз, ток үзілсе, істемей қаласыз, ыс-түтін, күл-қоқырдан аулақпын, қажетке қарай аз болса аз, көп болса көп газ жіберіп отырамын, әрі пайдаланатын газым қасымда тұрады, бағам да арзан, адамдардың пайдалануына керек ошақпын.


– Менің қай жерім кем екен?! – деп айғайлады керосин ошақ.


– Электр заманы менікі болмай кімдікі? – деп әкіреңдеді электр ошақ. Газ ошақ:


– Төрелігін заман айтар, дей беріп еді, сырттан бұлардың дабырын естіп бір адам кіріп келді. Барлығы шулап оған шағым айтты. Әркім өз құндарын асырып, біріне-бірі тебітіп, төбелесумен болды. Адам оларға басу айтып:


– Барлығың да белгілі ерекшелікке иесіңдер, алайда қоғамның даму қажетіне бағынбаса да болмайды. Қазір ең қолайлысы газ ошақ болып отыр, – деп түйіндеді сөзін. Барлығы жым болып, газ ошаққа қарады. Газ ошақ жымия езу тартты.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу