10.01.2023
  310


Автор: Жәди Шәкенұлы

Бала мысықтың кешулері

 


 


Дән теріп жүрген тышқан, кенет шөптің арасынан екі мұрты едірейген, құлағы тікірейген тарғыл бала мысықтың өзіне төніп келе жатқанын көрді. Көрді де тым-тырақай қашты, бала мысық тұра қуды. Зәресі ұшқан тышқан қашқан бойы ініне кіріп кетті. Бала мысық сыртта қалды. Бірақ інге кірген тышқанға іннің түбінен жылтырай жарқыраған екі көз көрінді. Мәссаған! Жылан екен. Тышқанды жеу үшін оның ініне кірген жылан енді тышқанды көре салысымен, оған тап берді. Іннің аузына қарай қашқан тышқан бала мысықтың едірейген мұртын көргенде, шошығанынан талып қалды. Сол кезде жылан оны қылғып үлгерді.


Іннің аузына шыққан жылан бала мысықты көргенде, басын қақшитып оған айбар жасай қалды. Бала мысық та келсек кел деп, оған қарсы жонын күжірейтіп, тырнақтарын жазып еңкейе тарбиып, айбар шекті. Жылан айыр тілін жалаңдатып жуытатын емес. Бір шама уақыт бір-бірімен арбасқаннан кейінгі бір әредікте жыланның көзі мысықтың көзінен тайып басқа жаққа жалт берген орайда бала мысық тырнағымен оның көзін шауып жіберді. Арпалысқан жылан ақыры жеңіліске ұшырады. Оны құйрығынан тістеп сілкілеген мысық жыланды өлтіріп жеңіске жетті.


Мысық енді жаным тыныш тапты-ау деп шөптің арасынан қалжырай аяңдап келе жатқанда, сылдыр-сылдыр еткен дауыс шығып, жалт           қарады. Жүні тақырланған тазы ит құлағын жымырайтып, бұған атылып келеді екен. Бала мысық тұра қашты. Ит тықсырып қуып келеді. Бала мысық жан дәрменімен қашып келеді. Мысық ағаштың арасына іліне бере, жүгірген бойы теректің басына шығып кетті. Ит тілін салақтата арсалаңдап ағаштың түбінде қалды. Ағаштың басына шығып, екі көзін иттен алмай, үрейленген бала мысық енді ұзақтардың өзіне шуласа жүгіргенін көріп, таң-тамаша болды. Сөйтсе, ағаштың басында ұзақтың ұясы бар екен. Ұзақтар шуласа, ұшып, барған сайын көбейіп, оның құлағының ыңғы-дыңғысын шығарды. Өзі жыланмен айқасып, иттен қашып келгенде, шуылдан басы айналып, ағаштан құлап түсе жаздады. Оған егескендей ұзақтар қанатымен соғып құлатып жібере жаздады.


Осы кезде орнынан ұйқысы қанғанда тұрған Елшат терек басындағы мысығын көріп, оны “мыш-мыш” деп шақыра бастады. Мияулаған мысық ағаштан дірілдей келіп, тұяғымен жеңіл секіріп, алақанына түсті.


Елшаттың құшағындағы бала мысық: “Дүние осынша көп күрестерге толы екен-ау!”, – деп күрсініп жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу