10.01.2023
  154


Автор: Жәди Шәкенұлы

Бұғының бұзауы

 


 


Бұғының бұзауы енесінен алыстап жайылып жүріп бұрын көрмеген екі дәу аңды көріпті. Қайтып келіп шешесіне:


– Орманның арасынан екі дәу көрдім, бірі қатты қорқынышты екен, зәрем ұшып кетті, енді бірі сүйкімділеу көрінді, өңі де әдемі екен, – деді.


Енесі:


– Ол қандай аңдар екен, айтшы? – деп сұрады. Бұзау:


– Оның бірі ерекше дәу, екі құлағы бар, иірілген сұмдық жаман тұмсығы бар, айқасқан екі тісі орсиған, күлгін қара көк түсті мақұлық, – деді. Енесі күліп:


– Ол піл деген дәу, бірақ ондай қорқынышты емес, басқаларға жәбір көрсетпейді, жақсы айуан, – депті. Әрі:


– Енді біреуі қандай аң? – деп сұрапты. Бұзау:


– Әдемі құлағы бар, сұлу      қара мұрты, шұбар теңбіл, ұзын құйрық, басқаларға қарауы да момақан, жүрісі жеңіл, – деп түсіндіріпті. Сонда енесі: – Е, ол жолбарыс деген жауыз, оның түрі әдемі көрінгенмен, өзі нағыз жыртқыш, ол біздің ата жауымыз, балам, жауыздық пен бауырмалдықты түске қарап ажыратуға болмайды, – деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу