10.01.2023
  727


Автор: Жәди Шәкенұлы

Төрт түліктің төрелігі

 


 


Күндердің бірінде төрт түліктің арасында “ мінез-құлық бағалауы болады екен ” деген сөз тарапты. Мұны естіген барлығы да өз жақсылықтарын ауыз жаппай мақтай бастапты. Түйе:


– Қара жердің қайығы менмін, бойым еңгезердей, күшім баршылық, шудам жібек, шұбатым тамақ, – деп мақтанады екен.


Жылқы:


 


– Мінсе көлік, шапса жүйрік, қымызым – дәрі, жал-құйрығым бағалы, жал – жая, қазы-қарта, еттерім дәмді, – деп бөсетін болыпты.


Сиыр:


– Бағым талғамаймын, етім дәмді, артса, жексе көлікпін, сүтім балбұлақ, – дейді екен.


Қой:


– Етім жұмсақ, терім киім, сүтім кәусар, – деп қатардан қалмайтын ыңғай танытады екен.


Ақыры олар күткен бағалау да келіпті. Бағалау кең    қорада өткізілетін болыпты да, бас бағалаушы адам екен. Бірақ олар қораға жиналып ұзақ тұрса да, бағалау басталмапты, тек адам оларға көз салып қана біреуді тосқандай отыра беріпті. Бұл күйден жалыққан төрт түлік өзара әңгіме қозғап, әркім өзінің бағалауда ұтатындығын көлденең тартып керіске түсіпті. Түйе басқаларды кеудесімен соғып, маңына жынын шашып бақырыпты. Жылқы маңындағыларды теуіп тістепті. Сиыр басқаларды мүйізімен іреп сүзіпті. Тек қой ғана бұрышқа тығылып тыныш тұра беріпті.


Бір кезде адам бағалаудың аяқталғандығын жариялапты. Бұған аң-таң болған төрт түлік “Бұл қалай болды?” деп шұрқырасыпты. Сонда адам:


–       Біз       мінез-құлықтарыңды      бағалауды       сіздердің       іс-жүзіндік жағдайларыңыздан іздедік. Түйе бақырауық екен, жылқы тебеген екен, сиыр сүзеген екен, ал қой бұл жолғы бағалаудың жүлдегері болды, – деген екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу