10.01.2023
  771


Автор: Жәди Шәкенұлы

Құстардың бағалауы

 


 


Ерте, ерте, ертеде құс патшасы құстардың тәртібін, берекесін, тазалығын тексеру жарысын оздырады.


Жарысқа мың бұралған тоты құс, аппақ болып таранған аққу құс, қанатынан гүл өрген тоты құс, ұзын мойын тырна, ең аяғы қарға-құзғын, торғайларға дейін бәрі жиналады.


Жұрт таза құс ретінде аққуды таңдайды. Себебін сұраған патшаға олар:


– Аққу әдеміліктің көркі ғана емес, айдын көлдің тұнығында жүреді. Момын құстарға жауыздығы жоқ. Өмірге ақ күйінше келіп, ақ күйінше кетеді. Сырты қандай ақ болса, іші де сондай ақ, – деп жауап береді.


Патша басын изейді. Жұрт ендігі жерде тәртіпті құс ретінде тырнаны көрсететі. Себебін сұраған патшаға олар:


– Тырнаның сырты аса көрікті болмаса да, ол тәртіпке үйренген құс. Балапаны жұмыртқаны жарып шыққан күнінен бастап, оны жүріс-тұрысқа, тәртіпті ұшуға баулиды. Тырналар қанша көп болса да бір ғана басшыға бағынады. Оның бастаған бағытымен аспанның өзінде тізіліп ұшады. Дауыл соғып, нөсер жауса да олар қиындықты бірге көріп, қатарын бұзбайды, – дейді.


Патша бұған да басын изейді.


Жұрт ендігі жерде береке ұйтқысы ретінді көгершінді көрсетеді. Себебін сұраған патшаға олар:


 


– Көгершіндер бірінің ауызындағы дәнді екіншісіне бөліп беретін берекелі де, момындығымен ерекшеленеді. Олардың бір-бірін қанға бояп, таласқанын ешуақытта көрмейсіз. Қайта өздері түгілі, өзгелерге де көмектесетін таза табиғаты бар, – дейді.


Патша мұны да жөн көреді. Осылайша, аққу, тырна, көгершін осы реткі бағалаудың бас жүлдесін жеңіп алады. Осыдан бастап, қаз бен үйрек аққуды ұстаз тұтады. Саралақаз бен қоңырқаз тырналардан үйренетіндерін білдіреді. Қарлығаш болса көгершінге шәкірт болады. Бұл күндері олар әр күні таң болзынан оянып, келесі сайлауды асыға күтеді екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу