10.01.2023
  412


Автор: Жәди Шәкенұлы

Ақылды қарлығаш

 


 


Үйдің дөдегесіне балшықтан ұя жасап жатқан қарлығашқа суық торғай:


– Сонша әуреленіп балшық тасығанша біз сияқты қораның қуысына неге жұмыртқаламайсың? – депті. Сонда қарлығаш:


– Досым-ау, еңбегің ауыр болса жұмысың тәуір болады. Қораның қуысына салған ұяңа жылан шығады. Балалар қолын созады. Одан да үйдің мәтшәсіна жапсырып салсаң жақсы ғой... – деп ақыл айтыпты. Торғай болса:


– Әй, ақымағым-ай, – деп сөздің соңын күтпей ұшып кетіпті.


Күндердің күнінде қарлығаш өзінің сүйкімді балапандарына жем тасып жүріп, қораның төбесінен шыр-шыр етіп зар илеген торғайды көреді. Қарлығашты көрген торғай онан бетер шырылдап:


– Құтқарыңдар, құтқарыңдыр! – деп зар илейді. Сөйтсе шұбар жылан торғайдың балапандарына қарай өрмелеп ұяның аузына таяп қалыпты. Сол кезде қарлығаш қас пен көздің арасында көгалды төске қарай ұша жөнеледі. Мұны көрген торғай қарлығашты қашып кетті деп ойлап, онан бетер шырылдайды. Жылан ұяға таяп қалады. Ілезімде оралған қарлығаш ауызына тістеген тәуетті торғайдың ұясының ауызына жеткізеді.


Сол – ақ екен тәует пен жыланның айқасы басталады. Кіп-кішкентай тәуетті менсінбеген жылан оның қылғи салмақ болады. Ал тәует тікесінен тік тұрып оған бетпе бет келеді. Ысылдап тура ұмтылған жылан кенеттен жерге құлап түседі. Қылыштай ұзын сирағын сер ұстаған тәует оның екі көзін ағызып жіберген екен. Жерге домалап түсіп аунақшып жатқан жыланды қарлығаш шоқып – шоқып өлтіреді.


Қас пен көздің арасында болған айқасқа таң тамаша болған суық торғай қарлығаштың ақылы мен ерлігіне қатты ыразы болады. Ол:


– Қарлығаш досым – ау, бір кезде сені мазақтап, ақылыңды тыңдамап едім. Сен болмағанда көген көз балапандарым сұм жыланға жем болатын еді. Сен нағыз адал дос екенсің, – деп қарлығаштың алдында зар илеп жылапты.


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу