10.01.2023
  124


Автор: Жәди Шәкенұлы

Тоқылдақтың тәубасы

 


 


Тоқылдақ бала күнінен өте тентек болған екен. Ағаштан ағашқа ұшып, ағаштың діңін тесіп, тоғайды шулатып маза бермеген соң, Сүлеймен патша оған:


– Оу, тоқылдақ бір уақыт маза берсеңші,– деп зекиді екен. Тоқылдақ болса оны құп алып:


– Болады, тақсыр, болады, – деп ұясына қайтып кететін көрінеді. Ертесі таң сәріден уағдасын ұмытқан тоқылдақ тағы да ағаштарды тоқылдатып, елдің ұйқысын бұзатын болыпты. Сүлеймен патша оған тағы да ұрысса, ол тағы да уағда беріп, ертесі әдетін тағы да қайталайды екен. Әбден жалыққан Сүлеймен оған қатты кәрленіп:


– Тәубеге келуді білмедің, енді ағашты тоқылдатпасаң тұмсығың қышып тұратын болсын! – деп теріс батасын беріпті.


Сүлейменнің қарғысы тиген тоқылдақ расында ағашты тоқылдатпаса тұмсығы қышып тұратын дертке шалдығыпты. Бірақ патшаның кәрінен ұялып: “Бекерге тоқылдатқанша, ағаштардың құртын алып жарасын емдемеймін бе!”–деп сол күннен бастап “орман дәрігеріне” айналыпты.


Бұл күндері үлкендердің арзан уағдалы адамдарға қаратып “Тоқылдақтың тәубесіндей” деуі, әне, сонан қалыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу