10.01.2023
  193


Автор: Жәди Шәкенұлы

Құмырсқаның өнері

 


 


Бірнеше құмырысқаның жабылып өздерінен үлкен бір шырпыны сүйреп бара жатқанын көрген қарға олардан:


– Ой, шүкімайттар, сендер мына шырпыны сүйреп қайтпексіңдер, – деп келемеждей күліпті. Құмырсқалар:


– Сарай саламыз, – десе, қарға онан ары қарқылдай күліп:


– Сарай деп менің мынау ұямды айт, сендердің мына түрлеріңмен қандай сарай салмақсындар! – депті. Оны елемеген құмырсқалар әр күні бозала таңнан ақшамға дейін жанталасып жұмыс істей беріпті. Көп өтпей, көгалды жердің шетіндегі дөңестің жанынан төңкерген қазандай құмырсқалардың илеу сарайы бой көтеріпті.


Терек басындағы ұясында жұмыртқа басып шығарған қарға бір күні балапандарын ұшырыпты. Болмашы желден қанаты майысқан балапан бір ықтасынға келіп қоныпты. Оның:


– Ой, мына сарайды қараңдар, сарайды қараңдар, – деген үнін естіген енесі ол жерге ұшып келіп, әлгі илеуді көріп, таң-тамаша болып:


– Ой, Алла – ай, құмырсқалардың мұншалық еңбекшіл екенін кім ойлаған, өздері титтей болғанымен біздің ұядан үлкен сарай салып алыпты, – деп таңданыпты. Сол кезде бұлардың үні естіген баяғы бірнеше құмырсқалар айғай салып:


– Біздің сарайымыздан жазда жаңбыр, қыста қар өтпейді, Әрі жылы әрі кең. Егер біз сендердей үлкен болсақ, таудай сарай салар едік, – деген екен.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу