10.01.2023
  133


Автор: Жәди Шәкенұлы

Құлын мен күшік

 


 


Еркештің үйінің ала биесі бір әдемі ала құлын туды. Сол күні ақ төс қара қаншықтың күшіктері де бауырын көтеріп, көзін ашқан еді.


Ақтөстен туған алты күшіктің ішінде сармойнақ күшік ұяластарынан тез есейді де, айналаға жүгіріп кете беретін болды. Енесі оған ұрысып:


– Алыс кетпе, әсіресе ала биенің маңына барма. Ол құлынын қызғанып, сені теуіп жіберуі мүмкін, – деді.                  Ала күшік енесінің сөзін кәперіне алмады. Керісінше ала құлынның құлдыраңдап жүгіргеніне қызығып, ала бие алыс жайылып жүргенде, оны қуалай жарысып та көрді. Бір талай жерге дейін қатарлассада, соңында сармойнақ күшік құлыннан қалып қойып жүрді. Бұған ашуланған күшік құлынды жек көріп, оны бір жеңіп алғысы келді.


Тағы бір күні енесінен ұрланып шығып, құлынмен жарыспаққа оны қуа жөнелді. Құлын тұра қашты, қатарласа таяған күшік құлынның құйрығына жабыса кетті. Амал нешік, осы кезде “сарт” еткен дауыс қана шықты да, сармойнақ анадайға ұшып кетті. Кеудесінен тиген құлынның тұяғы оны ұшырып жіберген еді. Ыңырси-қыңсылап орнынан тұрған күшік ызаланып тағы жүгірмек болып еді, ала бие алдыңғы аяғымен жер тарпып, құлынын оқырана бауырына алып тұр екен. Шошыған күшік құйрығын бұтына қысып, қашқан бойы ұясына тығылды. Мұны көрген енесі оған зекіп:


– Айтқан сөзді ұқпайсың, әлін білмеген әлек, – деді. Сармойнақ күшік көзіне жас алып, мөлие төмен қарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу