10.01.2023
  524


Автор: Жәди Шәкенұлы

Қасқа сиыр мен ақ ит

 


 


Күндердің күнінде қасқа сиыр арт жағына келген ақ иттің күшігін теуіп жібереді. Ауыз мұрны қан болған күшік енесіне жылап келеді. Енесі оған:


– Ештеңе етпес балам, – деп жұбату айтады.


Сөйтіп жүргенде бір күні сиырларға қалың қасқыр шабады. Баяғы қасқа сиырдың бұзауы жарға қарай қашамын деп қамалып қалады. Қасқырлар оны жеуге айналады.


Мұны көрген ақ ит жүгірген бойы жардан секіріп қасқырларға ұмтылады. Қасқырлар да оған қарсы шабуылға шығады. Екі жақ қызыл қырғын таласады. Бірін бірі тістеп қандары суша ағады. Ақырында қасқырлар жеңіліп қашады. Бірақ, ақ иттің бір құлағы қасқырлардың аузында кетеді. Қасқа сиырдың бұзауы аман қалады. Аппақ жүні қызыл қанға боялып үй жанына әзер жеткен ақ итке күшігі:


– Мама, қасқа сиыр мені теуіп жіберіп, аузы – мұрынымды қан қылып еді. Сен оның бұзауын қасқырлардан құтқарып нең бар еді! – деп мұңаяды. Сонда ақ ит:


- Балам, жамандық істегеннің бәріне жамандық істесең сен де жаман боласың. Жамандыққа жақсылық деген осы! – деп жауап беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу