10.01.2023
  243


Автор: Жәди Шәкенұлы

ТОРДАҒЫ ТОТЫ

Дегендей-ақ тамашаны көр менен,
Біздің үйге тоты келді торменен.
Нәр қызыма сыйлапты Арай тәтесі,
Деп сұрадым:
– Күн көреді ол немен?
– Бұл үй құсы,
Жел тигізбей сақтаңыз,
Күн астына күйдіріп те бақпаңыз.
Көлеңкеде жылы жерде күтілсін,
Керек емес жасыл бақ пен бақшаңыз.
Мен күрсіндім,
От боп жанып жатты ішім,
О, бейшара, кіп-кішкентай пәк мүсін.
Мазақ болған мына сәби – қоғамға,
Аяп кеттім еркіндіктің ақ құсын.
Құлатқан соң құлдық сана құрдымға,
Құны да жоқ бостандық пен қырдыңда.
Бір ділдәға қапас сатып алғанмен,
Еркіндікті ала алмайды мың ділдә.
Түрілгенде қара түннен шымылдық,
Ұстамайсың ұйқыңды да шынжыр ғып.
Екеуімізде оянамыз таң сәрі,
Қосылып ап бір мұңлыға бір мұңлық.
Торда тоты сайрағысы келеді,
Кенеземде кепкен менің – шөл еді.
Құс қапасқа, мен қалаға қамалып,
Үмітіміз ұясында өледі.
Бұл жау көрсе шимен түрткен баламды,
Даламды аңсап, өгейлеймін қаламды.
Қамамасын қапасқа деп тіленем,
Бір Алладан –
Тілім,
Ділім,
Санамды!
Құс ұшпайды,
Мен қалаға байланам,
Дей берем тек: Тотыңды ая, әй, балам!
Түн келгенде қалғып кеттік...
Ол қайтер?
Мен түсімде –
Аппақ құсқа айналам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу