07.01.2023
  755


Автор: Арман Тосқанбаев

Мақсат пен тиімділік

арман тосканбаев фото 


Мақсат пен тиімділік өзара тығыз байланысты. Егер алға қойған мақсаты болмаса, адамның ықпалы да болмайды. Қазір мақсаттың қаншалықты маңызды екенін түсіне бастадым. Бұрын мен үшін нәтиже ғана маңызды болатын. Нәтижелі әрекет еткен сайын "мақсатыма бір табан жақындадым" деп ойлайтынмын. Нәтижеге мән бергеніммен, тиімділігіме көңіл қоймаппын. Қолымнан келген істің бәрімен қатар айналысып, әбігер болып жүргенде, тез қажып кететінмін. Мен сияқтылар аз емес шығар. Адамдардың көбі қысқа мерзімді жоспарлайды: бәрі жылдық жоспар құрады, бірақ болашақта нені қалайтындарын ешқайсысы білмейді. Мен 2023-жылды өмірлік мақсатымды табуға арнағым келеді. Бұл тек миссия ғана емес, елдің бәрі "мұны Арман Тосқанбаев жасаған" деп айтатындай менің артыма қалдырған мұрам, визиттік картам сияқты болуы керек. Мақсатсыз жандар көбінесе фитнеспен айналысатын адамдарға ұқсайды. Денсаулығыңды қалыпты жағдайда ұстау үшін фитнеске баруға болады. Фитнеске баратын адамдар демалысқа шықса, бір жаттығуға немесе 1-2 аптаға бармай қалуы мүмкін. Ал алдыңда нақты спорттық мақсатың болса, мысалы, осы жылы Iron Man'a лауазымын жеңіп алу немесе 42 шақырымдық марафонға қатысу деген мақсат болса, — сіз жаттығудың бірде-бір күнін зая кетірмейсіз, өйткені не үшін жаттығып жүргеніңізді білесіз. Ал фитнеспен айналыссаңыз, жалпы дене шынықтыру жаттығулары арқылы денсаулығыңызды қалыпты жағдайда ұстауды ғана көздейсіз. Сондай-ақ, мен биыл Қапшағайдың 1,5 шақырымын Oceanman-мен жүзіп өтсем деймін. Ал мен — мүлде жүзе алмайтын адаммын. Алғашқы жылы 1,5 шақырым жүзсем, екінші жылы — 5 шақырым, ал үшінші жылы 10 шақырым жүземін деген жоспарым бар. Алдыма мұндай мақсат қоярда, мақсат пен тиімділіктің өзара байланысты екенін түсіндім. Мақсатың айқын болса, қанша уақыт жаттығуың керек екенін және оны не үшін істейтініңді білесің; тиімді әрекет етуің керектігін түсінесің. Мен осы спорттық мақсаттарды өміріме енгізбекпін: ал 5 жылдан соң, 10 немесе 20 жылдан соң менде мұндай мақсат бола ма? Байқағаным, менде ниет бар, бірақ нақты мақсат жоқ екен. Тәлімгерім айтпақшы, 45-50-ге келгенде, ел біз туралы не дейді? Әрине, олар: "Арман — пысық жігіт, бірақ 45-ке келсе де, өмірде ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жетістігі жоқ" дейді. Қазір мені "мықты жігіт, пысық" деп атауларына құлағым үйреніп қалғанымен, 45-50-ге келгенде, мен туралы қомақты үлес қосқан, ауқымды іс атқарған азамат ретінде сөз қозғағандарын қалаймын. 2023 жылы мен өмірлік мақсатымды тауып, тиімділігімді шыңдай түсуім керек. Егер мен бұл туралы 45-50-ге келгенде бір-ақ ойлана бастасам, не болар еді? Мақсатыма жетпей, бүкіл өмірім мәнсіз өтер еді. Шынымды айтсам, ол кезде қаншама уақытымның зая кеткені мен мақсатқа жетуге қандай аз уақыт қалғанын ойлап, ақылымнан адасамын ба деп қорқамын. 2023 жылдың бір бөлігін Илон Масктікі сияқты үлкен өмірлік мақсатымды табуға арнағым келеді. Оның "Марсқа қоныстансам" деген мақсаты шабыттандырады. Қазір қарасам, оның мақсаты айқын, бағыты анық, тиімділігі басым, өмірден не қалайтынын біледі және соның жолында әрекет етуде. Сәйкесінше, оның тиімділігі мен жетістіктері жайлы айту орынды. Ал сіздің өмірлік мақсатыңыз қандай?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу