Өлеңдер ✍️

  03.01.2023
  120


Автор: Қанипа Бұғыбаева

Көңілдің бір сәті

Күн артынан ай қуып,
Ай артынан жыл қуып,
Өткір тілді ой буып,
Көңілімді ой буып…
Ішімде мың қайғы ұлып,
Шағылады тасқа күн.
Себеді түн айды үгіп,
Бағын ашып басқаның.
Күнмен бірге күле алмай,
Сәуледей тез сынамын.
Айдың сырын біле алмай,
Оңашада жыладым…
Жыр жазбадым мұң ішпей,
Бұлтта болып түйілдім.
Шешілгенде… күмістей,
Жаңбырдан жіп иірдім.
Кімнің жайын кім ойлар,
Жеңілдеймін күрсініп.
Алмасуда күн, айлар,
Жалғасуда тіршілік.
Қалай,
қайтіп төземін,
Өзімді-өзім ұқпадым.
Өзге өмір, өзге күн
Жүргізіп тұр ықпалын.
Күмәнім көп…
тартынам,
Жылдар өтер сырғанап.
Әрбір айдың артынан,
Басқа біреу тұр қарап…
Елеп, біреу елемес,
Өзге ай, жыл,
өзге күн.
Мен дегенім, мен емес
Өзгергенмін… өзгемін.
Ұқсайды өмір базарға,
Шуға толы, қым-қуыт.
Артыңнан сені ажалма,
Келе жатыр кім қуып?
Ай артынан - күн қуып…
Күн артынан жыл қып…
14/-1991 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу