01.01.2023
  118


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Сәл күміс қосып еді..

 


 


Жыл он екі айда біздің ағайынға тән әдеттің бірі – қонаққа бару немесе қонаққа шақыру. Әйтеуір бір бармасыңа, келмесіңе қоймайтын себеп-сылтау бар. Енді осы бір жазылмаған заңның соңғы кезде сүйкімі кете бастаған секілді. Өйткені, барған –келген жерде тыныш отыра алмайтын әдет пайда болды. «Апырай мына үйді қалай жөндеп алған-ей, хан сарайындай, ә», «Дастарханда құстың сүтіне дейін бар, қайдан,алып жүр, ә», «Е , мұның істейтін жерінде алмасыңа қоймайды», «Әй, молодец, екі үй алыпты, баласы екуінде де су жаңа «джип» т.с.с деген пыш-пыш, сыбыр-жыбыр әңгіме. Осы күнгі басқосуда жақ ашқандардың сөзі: дүниеқоңыздық, байлық, пысықтарды мақтаныш ету. Еркек басымен жаулықтыдан жаман.


Бірде дап-дардай кісі «Ланда Крузер» су жаңа машинасының кабинасына он үштегі жалғыз ұлы абайсызда сызып сызат түріп қойыпты. Қатты ашуланған отағасы ұлын бір ұрып, жағын опырып жібере жаздапты. Баласы бір жеті ауруханада жатып шығыпты. Бірақ әкесі халін сұрамапты..


Ауылға бардық.. Арасынан қыл өтпейтін татулығына сүйсініп жүретін біз танитын екі бөле бар еді. Отыз жылғы шырайлы көңілдерінің шырқы кетіпті. Бірінің баласы әкім, қызы Астанада банкир болған екен, содан-ақ ол мейманасы тасып, бөлесін елемейтінді шығарыпты. Себебі, бұл бөлесінің балалары қарапайым шаруа адамдар.


Ал мына тәмсілді қазақылап айтсақ, базардан қайтқан бір кісі жолай досының үйіне кіріпті:


- Осы сенің білмейтінің жоқ, айтшы енді, кедейге барсаң – қабағы ашық, ақ пейлімен қарсы алып қолынан келген көмегін көрсетуге бейім тұрады. Ал байға барсаң     - ол


пендеңді көзге ілгісі де, ешкімді көргісі де келмейді.Сонда осының бәрі тек ақша ,байлық үшін бе?


- Сен терезеге қарашы. Не көріп тұрсың?


- Ерсілі-қарсылы жүрген жұрт, базарға асыққан адамдар.


- Оның рас. Ал енді айнаға қарашы. Одан не көріп тұрсың? - Мұнан не көруші ем? Тек өзімді көрем де.


- Міне енді: терезе де, айна да , әйнектен жасалған . Сол әйнекке сәл күміс қосып еді, тек өзіңді ғана көретін болдың.


...Көзіміз нені көріп жүр, не сөйлеп жүрміз, тыныш жүре аламыз ба осы?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу