01.01.2023
  134


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Адамдардан шаршаған...

Биылғы күз қабағын ашпай, желке жалы күдірейіп, сұрланған күйімен өтетін шығар. Құдайдың құтты күні күннің райы табан астынан мың құбылып, көк аспан мен қара жердің арасында мәңгі бітіспес бір майдан басталғандай. Маусымда тынысы тарылып, дүниенің апшысын қуырып жібере жаздаса, шілдеде бұрын-соңды болмаған көк аспанның "көз жасы" күні бүгінге дейін тиылмай-ақ адамдарды әбден діңкелетіп шаршатты. Бірақ, түсіне білсек, кімді кім шаршатты?! Егер тіл бітсе, осынау жарық дүние, жер-ана асты-үстін опырып, отап, жайпап бара жатқан, құдайдың жаратқанына қарсы шыққан адам баласынан "шаршағанын" айтып, зар илер ме еді, қайтер еді?!


Ал адамдардың өзі ше, алаш жұрты ше, оның ішінде, руханият сардарларының "миымен тас көтергендей шаршағанын" кім елеп, бағалап жүр осы?


Биылғы күз ойда жоқ жерде ұлттың ардаемген интеллектуалы Таласбек Әсемқұловты қар жер қойнына бергізді. "Таласбек соңғы жылдары өмір сүруден, аурудан, адамдардан шаршағанын, тек отбасы үшін ғана өмір сүріп жүргенін айта беретін", – деп еске алады жұбайы Зира Наурызбаева. "Біздің қоғамдағы парадоксқа қараңыз, екі ағамыз да (Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек) ұшан-теңіз біліммен соңғы жылдары үйде отырды. Жұмыссыз. Қазақтың кез-келген баласы солармен деңгейлес болса ғой, әңгіме басқа еді. Бұл – қоғамға соғылған шапалақ, рухтың ескертпесі. Біз жеңіліп жатырмыз", – деп жазды талантты тілші Әсия Бағдаулетқызы, – бұл қоғам жақсы адамның, терең адамның, ілім жиған адамның қадірін білмейді," – деп ашынады.


Ал сонда қадірін білгізуі үшін не істеу керек? Бұл заманда гуманистке қайтіп өмір сүрген дұрыс? Оған да                          марқұм Таласбек "Аңыз адамда" шығармасында: "Бір жолы Асекең (Асқар Сүлейменов), – ешқашан ешкіммен жауласпа, басыңнан сөз асыра сал. Өйткені сен бойыңдағы қабілетіңді қазаққа тұтастай беруің керек. Жазатайым біреу саған бірдеңе істесе, мақсатыңа жете алмай қаласың. Махамбеттің "Азамат, сені сақтадым, қазанат, сені сақтадым" дегені бар ғой, сол секілді сен өзіңді сақтауың керек. Мына дүниеде талантты болу деген өте қатерлі, елдің бәрі талантқа жау. Егер сен білімді, жақсы жазбаларыңмен ұрпақтың,   жастардың санасын тазалап, жақсы азамат етіп қалыптастырсаң, саяси күрестің не керегі бар? Сен мақсатыңа жеттің, – деп керемет айтқаны бар. «Менің күресім – жастардың сауатын ашу. Менің партиям – жалғыз өзім. Негізінен жастардан досым       көп.   Өйткені              замандастарымның                       талайымен       кетісіп         қалдық, есейгеннен кейін алысқан қол, беріскен серттің бәрі жайына қалды. Әркімнің өз мүддесі пайда болды. Сондықтан өз замандастарымнан достарым көп емес», – деп ағынан жарылған екен. Сөйткен күйші, жазушы, көсемсөзші Таласбек Әсемқұлов соңғы жылдары сатқындық пен бітпейтін аяқтан шалудан шаршап кеткен еді. «Мына өмірдегі жақындарынан гөрі жақынырақ адамдардың жанына, өз еліне кетті», – дейді жан жары.


Редакциямызға апта сайын танымал, сырлас, жүзтаныс ағаларымыз келіп, әңгіме дүкендетеді. Сол жайсаңдарымның арасында кейбірі қызды-қыздымен, қылығы-былығымен көп адамдар шаршатып жүргенін айтып таусылады, бірақ өзі де басқаларды шаршататынын аңғармайтынына таңғаламын.


Ал жастар ше... жастардың аты – жас, олар өзі де шаршамайды, шаршағандары ойына кіріп те шықпайтын секілді. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу