28.12.2022
  248


Автор: Сейітқұл Оспанов

БАЛА БҰЛТ

 


 


Оның үйі шырқау көгілдір аспан төрінде еді.


Түс кезі болатын. Қалың мұз қабырғалы үйдің қырау басқан көгілдір есігі тық-тық қағылды. Әке бұлт демалып жатқан-ды, орнынан тұрып, есікті ашты. Ар жағынан мойнына сөмке асынған почтальон қыз көрінді.


– Саламатсыз ба? Сізге жеделхат, – деді де ол, бір жапырақ ақ қағазды әке бұлттың қолына ұстатты.


– Рақмет.


Әке бұлт жеделхатқа үңілді де, ас үйде жүрген әйеліне айқай салды: – Апасы, кәне, тез жөнелуіміз керек!


– Не болып қалды?


– Жер бетінде, сонау қиян шетте бір егістік алқап қурап кеткелі тұр екен, адамдар бізден көмек сұрапты. Күн ыссы, аңызақ, аптап көрінеді. Жәрдем бермесек болмас.


– Жарайды. – Ол пісіріп жатқан мұз бәліштерін мұз текшеге апарып қойды. Әке бұлт пен ана бұлт дереу үстеріне қабат-қабат қылып су-су киімдерін кие


бастады. Төргі бөлмеден бала бұлт жүгіріп шықты. – Әке, мен де барам ба?


– Жоқ. Сен үйде қаласың. Саған әлі ерте. Бұғанаң бекісін, буының қатсын. Біз барып адамдарға жақсылық жасап қайтайық. Жағдайлары қиын екен. Жәрдем сұрапты. Сен үйден сыртқа аттап шықпа. Сыртыңнан құлып салып кетеміз. Кәмпит жегің келсе, шкафтың жоғарғы сөресінде. Терезеден басыңды сыртқа шығарушы болма, алысқа жел қуып әкетеді. Адасып кетесің. Сосын үйді таба алмайсың. Түсіндің бе? Біз нөсерімізді төгіп-төгіп, бойымызды жеңілдетіп кешке таман ораламыз.


Бала бұлт қиыла өтінді.


– Әке, мен де барайыншы.


 


 


Әке бұлт қабағын түйді. Қабағына мұз қатты.


– Болмайды. Әлі жассың. Кейін саған да кезек келеді. Әңгіме осымен бітті.


Ана бұлт пен әке бұлт баласының маңдайынан сүйді. Сөйтті де бірінің соңынан бірі жөңкіліп, будақ-будақ толқынданып, жолға шықты.


Бала бұлт үйде қалды.


Ол әдепкіде ешқандай зерікпеді. Шкафта тәтті көгілдір мұз кәмпит көп-тұғын, уыстап алып жей берді, жей берді. Бір уақта қараса, шкаф тықырланыпты, босап қалыпты.


Бала бұлт қатты өкінді. Мұңайып басын көтермей біраз отырды. Не істеу керек? «Қой, одан да ұйықтайын, тәтті түс көрейін», – деп ойлады. Сөйтті де басына ұлпа қар көпшікті салып, оюлы көлдей қырау көрпені жамылып, жылтырақ мұз диванның үстіне барып жатты. Бірақ жуық арада ұйқысы келмеді. Әрі аунады, бері аунады, кірпігі ілінбей қойды. Құр дөңбекшіп шаршап, не істерін білмей, орнынан тұрып, үлкен мұз әйнекті терезенің алдына барды. Сыртта ерекше ештеңе жоқ. Айнала тұңғиық көк аспан. Неше түрлі кейіптегі бұлттар. Бу. Кенет әлдеқайдан асығып, тұлпарша шапқылап уілдеп бара жатқан Жел бала бұлтты көрді де, терезенің алдына кілт тоқтай қалды.


– Балақай, үйде неге қамалып отырсың? – деді.


– Әкем мен шешем сыртымнан бекітіп кетті. Олар кешке келеді. – Түу, сонда кешке дейін үйде қамалып отырмақпысың?


– Енді...


– Жоқ, олай етуге болмайды. Үйде қамалып отыратындай не кінәң бар? Бала деген асыр салып ойнауы керек. Кел, сыртқа шық, мен сені біраз серуендетейін. Талай жерді көрсетем, талай қызыққа кенелтем. Бала бұлт басын шайқады:


– Болмайды. Әкем мен шешем үйден шықпа деген. – Өздері қайда?


– Жер бетіне – алыс бір жаққа кетті. Аңызақ, аптап екен. Көмек береді. – Қашан келеміз деді?


– Кешке оралады.


– Ендеше ешқандай қорықпа, олар келгенше сен де үйіңде боласың. Түсіндің бе?


Бала бұлт қуанды. – Түсіндім!


– Кеттік!


Бала бұлт бұдан әрі шыдай алмады. Сырт еткізіп терезенің көзін ашты... Аспанда қалықтай жөнелді. Армансыз ойнады. Көк төсін әбден шарлады.


Жел екеуі қол ұстасып алды. Жел керемет сиқырлы екен. Бала бұлтты біресе жолбарыс қылып мүсіндеді, біресе қоянға ұқсатты. Бала бұлт қасқыр да болды, түлкіден де аумай қалды. Мүйізі бұтақ-бұтақ марал болып та жүрді. Не керек, көкірегі шаттыққа толды. Қуаныштан сыңғыр-сыңғыр күле берді. Екеуі бір-бірімен жарысты. Күннің де бетінен әнтек сипалап өтті.


Бір кезде бала бұлт Желге былай деді:


– Досым, көрсеткен қызықтарыңа рақмет. Енді мені жаныңа ертіп, маған жер бетін көрсет.


 


Әкем мен шешемше Көп елге барайын, Селдетіп жауайын. Адамның ең қымбат


 


 


Алғысын алайын!


 


Жел:


– Мақұл, айтқаның болсын! – деді.


Сөйтті де Жел көзге көрінбейтін қуатты қанатын қағып, ұша жөнелді. Жанында бала бұлт. Бұлт таңданып, тақылдатып таңдайын қақты. Шетсіз-шексіз кең дала көзін талдырды. Жерді осыншалықты үлкен деп ойлаған емес-ті. Тіпті аспаннан да шалқар секілді. Бір кезде бала бұлт шалқар дала төсінен көгілдір теңізді көрді. Қуанып кетті.


 


– Жел, кәне, тоқтай қал. Селдетіп жауайын, Адамның ең кымбат Алғысын алайын!


 


Жел кілт тоқтады. Сол-ақ екен, бала бұлт нөсерлете жөнелді. Теңіз беті шүпірлеген балық ауыз аппақ тамшыларға толды. Тамшылар су әнін шырқады:


– Шүп-шүп! Шүп-шүп!


Бірақ, неге екені белгісіз, теңіздің жағасында жүрген адамдар аспандағы бала бұлтқа қарап, қабақтарын шытты.


– Өзі ақылсыз болмаса нетті? Дені сау, ақылы бүтін бұлт теңізге жауа ма екен? Басқа жер құрып қалды ма?


Бұл сөзді естіп, бала бұлт бір түрлі ренжіп қалды. «Адамдар мені неге ұнатпайды?» Әрі ойланды, бері ойланды, себебін біле алмады. Мұңайып:


– Қой, онда босқа селдетпейін. Жел, басқа жаққа кеттік, – деді. Жел бала бұлтты алдына салып, қуа жөнелді.


Әлден уақытта екеуі бір қаланың үстіне келіп тоқтады. Бала бұлт өз-өзінен мәз болып, нәзік ақ шарбы алақанын шапалақтады.


– Бәлкім, менің тамшыларым осы қалаға керек шығар!


Сөйтті де асығып селдетіп берді. Жіп-жіңішке мөлдір там­шылары бірінен соң бірі жерге қарай секіре бастады. Бала бұлт ас­паннан төменге қарай секіруге жүрексінген тамшыларын қайрады:


– Тамшыларым, батырларым, ешқандай қорықпаңдар. Сендер адамдарға қызмет істеуге, жақсылық жасауға барасыңдар. Олардың алғысын аласыңдар.


Тамшылар шуылдап әнге салды: – Түсіндік! Шүп-шүп! Шүп-шүп!


Бірақ бала бұлт тағы да қателік жібергенін сезді. Себебі адамдар үйлерінен қолдарына қолшатыр ұстап шыға бастады. Егер олар бала бұлттың мөлдір, әншіл  тамшыларын  ұнатса,               көшеде               жалаңбас жүрмей    ме?              Бастарын қорғалағандары несі?


Бала бұлт түнерді. Ауыр ойға қалды.


– Қой, кетейік бұл жерден де... – деді ол Желге күбірлеп.


Иә, бір сәтке де аялдауға болмайды. Жел гуілдей есті. Әп-сәтте қала артта қалды. Бір кезде далада жалғыз киіз үйдің алдында жіпке кір жайып жүрген бір кемпірді көрді. «Өзі қарт екен, қарашы, белі бүгілген... Жақсылық жасайын...» деп ойлады бала бұлт.


– Жел, тоқта.


Жел қалт тұрды. Бала бұлт кемпірдің үстіне мөлдір там­шыларын төгіп-төгіп жіберді. Сосын жақсы бір сөз естірмін деп, күлімсірей қарады. Бірақ керісінше болды. Қызық. Кемпір бұлтқа қолын білеп:


 


 


– Өзің, сірә, сотанақ шығарсың. Мұның не? Кірімді кептірем десем, малмандай су қылдың...


Бала бұлт қатты күйінді. Бұл не масқара? Әлі бір алғыс алған жоқ. Ісін ешкім ұнатпады. Енді бұдан әрі жол шегуге зауқы соқпады.


– Үйге қайтайық... – деді көңілсіз күйде Желге.


Жел бала бұлтты аяп кетті. Оның бір шаттанбағанына өзін кінәлі сезінді.


– Жоқ, арнайы шыққасын, сені бір қуандыруым керек! – деді ол сөзін нығарлап.


Бала бұлт қарсыласпады. Желдің жетегіне еріп, алға қарай қалықтады. Олар бір-бірімен қуыспақ ойнап көп жүрді. Бір кезде сол жақтан ақ сағымға оранған кішкентай ауылды көрді. Бала бұлт «ауасы ып-ыссы екен, от тебеді, бәлкім, осы ауылға менің жауыным қажет шығар» деп ойлады.


– Жел, кәне, сәл аялдашы.


Жел оның сөзін екі етпеді. Бұл ауылдың үстіне келіп селдете жөнелді. Шүпірлеген мөлдір тамшылары әндетіп жерге секіре бастады:


– Шүп-шүп! Шүп-шүп!


Бала бұлт бұл ісімнің арты не болар екен деп қорыққандай, ауылдың үстінен әрірек барып тұрды. Жерге қысыла көз салды. Міне, керемет! Арманы орындалды! Жалаң аяқ, жалаң бас балалар далаға жүгіріп шығып, айқайлап, шулап аспанды бастарына көтерді.


– Жау, жау, жаңбыр, Жау жаңбыр!


Бала бұлт жердегі балалардан бетер шаттанды. Балалар құсап ол да айқайлады:


– Үнемі осы ауылға келіп тұрамын. Осы ауылға ғана нөсерімді құямын! Алақай!


Шексіз қуаныштан бір түрлі бойы жеңілдеп қалған сияқты. Бағана беті қап-қара, түнеріңкі еді, енді аппақ.


Ен шаттыққа кенелген шүйкедей бала бұлтты Жел қолтығына қысып, шырқау аспан төріне қарай құйындады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

Эльмира
Эльмира 03.01.2023 21:04
Тура мультфильм көргендей болдым.. Тамаша

Пікір жазу