28.12.2022
  116


Автор: Сейітқұл Оспанов

Тәтті арман

 


 


Түстен кейін кішкентай қызын – Әселді ертіп Бақыткүл келген. Әсел Айнұрмен жасты. Айнұр мен Әсел кешке дейін армансыз ойнады. Сурет салды. Қуыршақтарына өздерінше қағаздан көйлек тікті. Теледидар көрді. Торт жеді. Әне-міне дегенше кеш болды. Мамасы Әселге:


– Қызым-ау, енді үйге қайтайық та, ойының қанған шығар, – деді. Бірақ Әселдің ойыны қанбаған екен. Қыңқылға басты.


– Мама, тағы да шамалы ойнайыншы... Айнұр да оның сөзін қостады.


– Тағы да шамалы ойнайықшы.


– Жоқ, жетер, автобуспен қаланың бір шетіндегі үйімізге барғанша түн болады.


Екеуі қол ұстасып тұрып алды. Сөзге Ажар араласты.


– Әселді қалдырып кетсең қайтеді? Ертең өзім апарып тас­таймын. Әсел, қаласың ба? Түнде мамаңды іздеп жыламайсың ба?


– Жыламаймын!


Сонымен Бақыткүл Әселді қалдырып кетті..


Ажар түнде Әсел мен Айнұрға залға диванға төсек салып берді де, өзі асүйді жинауға кірісті. Бірақ екеуі жуық арада ұйықтай қоймады. Әлден уақытқа дейін дауыстары естіліп жатты. Ажардың басына бұлар түн ортасында не әңгіме айтып жатыр деген ой келді. Сөйтті де залдың есігінің сыртына барып, құлағын тосты. Оның сонда естігендері мынау еді.


– Айнұр, сен кейін кім болғың келеді? Инженер ме? – Жоқ.


– Енді не? Ұшқыш па? – Жоқ.


– Дәрігер ме? – Жоқ.


– Мұғалім болғың келетін шығар?


– Жоқ. Мен ең қарапайым адам боламын. – Қандай сонда?


– Сондай, жақсы адам.


Үнсіздік. Әсел, сірә, ойланып жатса керек.


– Мен бе? Мен ойыншық дүкенінің сатушысы боламын. Балаларға ойыншықты тегін беремін.


Айнұр қызғанып қалды.


– Мен ендеше балмұздақ сатушы боламын. Мен де балаларға балмұздақты тегін беремін.


Әсел одан асып түскісі келді.


 


 


– Мен онда суретші боламын. – Сонда не істейсің?


– Үлкен қылып әрі әдемі етіп мамамның суретін саламын. Айнұр да бөгелмеді.


– Мен ендеше құрылысшы боламын. – Оның несі жақсы?


– Мен үйлерді есіксіз етіп тұрғызамын. Ешкім құлыптамайтын болады. Еркін кіріп-шыға бересің.


– Мен... – Мен...


Армандары таусылар емес. Бір уақытта Әсел есінеді. Айнұр ұйықтап кетті. Ажар залға кіріп, екеуінің маңдайларынан сүйді.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу