28.12.2022
  316


Автор: Сейітқұл Оспанов

Бір құшақ кітап. Немесе қайырымды әпенді

 


Бұл былтыр көктемде болған-ды. Бірде Төретай тапа-тал түсте бір құшақ кітап алып, сыныпқа ентігіп кіріп келді. Балалар шу ете қалды.


– Қайдан алдың?


– Ферманың кітапханасынан, – деді ол риясыз күліп, үлкен бір іс бітіргендей. – Немене, кітапхана ашық па?


 


 


Балалардың бұлай сұрауының себебі бар. Ауылдың кітап­ханасы үнемі жабық тұрады. Кітапханашы көбіне әлдебір шаруаларымен ауданда, қала-далада қыдырып жүреді...


– Жоқ.


– Енді қалай алдың? – Терезесінен кірдім.


Масқара! Балалардың, әсіресе қыздардың көзі атыздай болды. – Қалайша? Ұят емес пе? Тал түсте кітапханаға түсіп...


– Солай! – Төретай жұдырығымен партаны ұрып қойды. – Несіне таңданасыңдар, өздерің жақсы білесіңдер, бұл кітапханаға терезесінен ғана кірмесең, есігінен адам құсап кіру мүмкін емес қой... Немене сонда біз кітап оқымауымыз керек пе?


Не болса, о болсын, балалар Төретай әкелген бір құшақ кі­тапты дереу таласып-тармасып бөлісіп алды. Сол жерде асығыс-үсігіс парақтап оқуға кірісті.


Төретай достарына жақсылық жасағанына мәз. Олардың шат жүздеріне ұзақ қарап тұрды да, бір кезде былай деді:


– Оқып болған соң жоғалтпай, жыртпай маған қайтарып беріңдер, қайтадан орнына апарып қоямын.


Балалар және таңданды. Ау, ұрлап алған затты қайта апарып беруші ме еді? Түсініксіз. Төретай ұры ма? Жоқ. Ол – қайырымды әпенді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу