Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  275


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Шаршаудың азабын....

Шаршаудың азабын,
Торығу дертінде,
Елемес болдым ба шынымен бертінде.
Еркіне ешкім де бағынбас ертеден,
Еркіндік болғанмен ақынның еркінде.
Жаныңды тербемес айтарға көп қой ән,
Мендегі ұлы арман - ер болсаң, көкте оян.
Өзіңе жауланып қалғанымды ұмытып,
Алжасып жаныңды жаулаймын деп қоям.
Адасқан жандарға жасайды Ай үкім,
Нашарлап кеткендей ерліктің жәйі тым.
Нишапур жерінде қап қалған сияқты,
Қайсы бір өлеңге жерленіп мәйітім.
Адамға айтқаннан азапкер ар мұңын,
Өлеңмен шешейік шәйірдің тағдырын.
Барлығын сатуға болады, әрине,
Тек сатып алуға болмайды барлығын.
Қанатын сабалап жаралы қарға түн,
Жылайды күздей мәрт налалы жарлы ақын.
Кешуге міндетті емессің сен мені,
Ал, менің күнәмді кеш деуге бар хақым!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу