Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  163


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Күзгі жыр

 


 


Табиғатпен сырласам, тілдесе алам, -


Десем толқып, есті адам күлмес оған.


Зор қасірет емес пе, күз-ғұмырдың


Ғажап мұңын ұғына білмесе адам?


 


Ұстай алмай елестей қу арманды,


Ерте менің шаттығым суалған-ды.


Кісікиік көңілім асыл күзбен


Тамыр болды. Сыр аштық. Құмар қанды.


 


Сары ала күз. Құлпырған мекендерім.


Сезімім де бұлқынған бетер менің.


Алатауға бардым мен:


 - Көкем менің!


Биігіңе бір уақыт көтер, - дедім.


 


Алқам-салқам күздегі кең шекпені


Алып тұлға сөзіме селт еткені!


Ертектегі алыптай кеңк-кеңк күліп:


Көтерейін, келе ғой, тентек, - деді.


 


Алатауым көтерді төбеге тік,


Асқар шыңнан дарыды өреме құт.


Тіршілікке көз салып төмендегі,


Түйсігімді жеткіздім өлең етіп.


 


Қарағайлар толқыды жырдан қатты,


Құздар мені қайталап, мұң зарлатты.


Ал, төменде... шат болып даңғазаға,


Бос сөз айтып, мәнсіз ән тыңдап жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу