Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  163


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Есектер жайлауы

 


 


            Табиғаттың кішкентай бір бөлігі туралы бұл өлең ойдан құралған. Дегенмен, осы бір жайлаудағы азғындық ықтималдығынан сақтану ләзім болар. Қандай да бір сәйкестік байқалып қалса, оны кездейсоқтыққа балаңыз.


 


Бұл жайлау – есектер жайлауы,


Бітпеген той менен сайраны.


Осылар бастаудан су ішіп,


Арманның тұнығын лайлады.


 


Тайқарлар жұмыссыз семірген,


Ал, тұлпар арбаға жегілген.


Шаһарға, базарға жүк тасып,


Үміті ойран боп езілген.


 


Есерсоқ пәлекет есірген,


Жайлауда билік қып жекірген.


Арғымақ жолдары кесілген,


Дүлдүл боп туғанға ол өкінген.


 


Билік пен байлыққа былқыған


Көк есек артық па жылқыдан?


Басқа ісі жоқ қашыр арызын


Жазып жүр сәйгүлік сыртынан.


 


Құдайдан сұраумен әділін,


Жүйріктің кешіп жүр жаны мұң.


Әкесі, көкесі бек болып,


Топастар жүргізер әмірін.


 


Кім бағын жүйріктің жандырған?


Есектер туысын оздырған.


Өзара сыбайлас малғұндар


Жайлауды қор етіп тоздырған.


 


Есірер қалталы паң күліп,


Жемқорлық тұр мұнда сән құрып.


Өз жерін сатуды көздейді


Ертеңін ойламас әңгүдік.


 


Қамсыз боп, жанына шыр біткен


Көкмилар той тойлап дүрліккен.


Бар бейнет артылған пырақтың


Арқасы босамас зіл-жүктен.


 


Осы еді арсыздар мекені,


Еңбексіз күн кешу – кеселі.


Жұмыстан қажыған асылды


Әр есер бір теуіп кетеді.


 


Бұл күнде тарылған аспаны


Аяймын мына бір қасқаны.


Сумилар дейді оған: «Бәлсінбе,


Орныңа табамыз басқаны».


 


Есепшіл есек қой бұл өзі,


Саңлақсыз күн жоғын біледі.


Қамшыдан арқасы тілінген


Қан жылар бейшара ат жүрегі.


 


Аямай еліне күшін де,


Дайын ат отқа да түсуге.


Кейде оған ой келер: «Шабынып


Жүргенім есектер үшін бе?».


 


Ғасырдың ашылмай жанары,


Асылдың әз жаны жаралы.


Әңгілер қаумалап тұлпарды,


Қаншыққа талатып алады.


 


Күні ертең қанталап көздері


Сол қаншық талайды өздерін.


Алды-артын ойламас надандар


Бұл жайды білмеді, сезбеді.


 


Жүйрікті аяусыз қанаған


Арсыздар жұрдай-ау санадан.


Есектер шошқаның тілінде


Сөйлеуді мәртебе санаған.


 


Бітпеген арамдар сайраны,


Азапқа жоқ тұлпар қайраны.


Жас тайқар, қош келдің, төрлеткін,


Бұл жайлау – есектер жайлауы.


 


2017 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу