Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  219


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Қар жауып тұр

Қар жауып тұр, дүние қандай көркем!


Көңіл қардай қалықтап, самғай берсең!


Бірақ, бұл да өткінші бір құбылыс,


Қар да ғайып болады, қалмайды ертең.


 


Қалмайды ертең мына қар, кетем мен де,


Етер дейсің кім мәңгі мекен жерде?


Қардай жалған дүниені қызықтаумен,


Алдамшы бір күн кешіп өтер пенде.


 


Ериді әлі мына қар, көп тұрмайды,


Аңдамайтын сияқты ол ешбір жайды.


Болған соң ба, о, тоба, тағдырласым,


Қардың жайын ойлаумен кештім қайғы.


 


Асыр салып ойнап қал, аппақ қарым!


Тамсануды өзіңе тоқтатпадым.


Жаным қалай тұра алар елең етпей,


Сені, аяулым, сыр қылып төксе аспаным?


 


Кетер қар да, жер үсті болмай мекен,


Өтер жалған, басыңда қалмайды екен.


Құбылмалы тағдырға қарап тұрып,


Бұл дүниені сезінем сондай бөтен.


 


Қарай бермей ақ қарға таңданып құр,


Қардай қиял шалқысын, самғалық бір.


Кім біледі күні ертең не боларын,


Ал, әзірге керемет! Қар жауып тұр.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу