Өлеңдер ✍️

  03.12.2022
  603


Автор: Амантай Әбдіқанұлы

Әр ненің бар ерте-кеші



Өмір жолын салып ізге,
Мейлі қалай жобалаңыз,
Жасымыз да, кәріміз де…
Бәріміз де жоғаламыз.

Үй, көлік те, мәртебе де
Өсіргенмен ноғаланы,
Қалып бәрі әр төбеде,
Барлығы да жоғалады.

Алыс-жуық ара-маңда,
Ағын су да тоқталады.
Ақ алтын да, қара нан да,
Аш та, тоқ та жоқ болады.

Пәк сәби де періштедей,
Ғайып болар шетінеп те.
Өркен жайып өрістемей
Өтер-кетер жетімек те.

Алуан жолдас-жоралардың
Бәрін бірдей жақтау қиын.
Махаббаттың орамалын
Сату оңай, сақтау қиын.

Сезім сепсе сана көзге,
Сүзіледі, қиылады.
Қара көз де, тана көз де
Су боп құмға құйылады.

Әр ненің бар ерте-кеші,
Жақсы-жаман жоқ демеңіз.
Бүгін де осы, ертең де осы,
Көңілім мәңгі тоқ демеңіз.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу