29.11.2022
  142


ҚазҰУ - мүмкіндіктер мекені

Осы 2022 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Тарих факультетіне магистратураға оқуға түстім. Мен үшін қазақтың қара шаңырағы ұлттық университет керемет мүмкіндіктер ортасы болды. Себебі, мен бұл ортада тек білім алумен шектелген жоқпын, болашаққа сенімді қадамдар жасауға мүмкіндіктер алдым деп есептеймін.


  Менің университетім, Қазақстан Республикасындағы ғылыми-зерттеу статусы бар университет. Қазіргі заманауи сұранысқа ие мамандықтармен қатар, халықаралық деңгейде, жаһандық мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге, әр түрлі шет елдермен академиялық байланыс орнатуға жол ашады. Студенттер мен магистранттар ұстаздарымыз ұтып алған ғылыми жобаларға қатысып, алған білімдерін сынап көруге мүмкіндіктер алады.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR халықаралық рейтингінде кезекті рет жоғары нәтижеге қол жеткізді.Бір жылда университет Топ-200 ішінде 25 позицияға жоғарылап, 175-орыннан 150-орынға көтерілді.Әлемнің үздік университеттерімен бір қатарға орналасқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында ғана емес, Орталық Азия мен ТМД елдерінде өзінің көшбасшылық позициясын дәлелдеді.


ҚазҰУ-дың үлкен жетістіктерге қол жеткізуі әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарының нәтижесі болып табылады.ҚазҰУ-дың жаңа табысы – іскерлік басшылықтың, оқытушылар, ғалымдар мен білім алушылардың қарқынды жұмысының жемісі.Бұл университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің және халықаралық білім, ғылым кеңістігіндегі танымалдылығының айқын көрсеткіші.


Мен оқып жүрген тарих факультетінің  Италияның Ла-Сапиенца, Түркияның Стамбул, Ресейдің Гуманитарлық университеттерімен қос дипломды бағдарламалары бар. Яғни, Ұлттық университетке түскен немесе оны бітірген студентің шетелдің алдыңғы қатарлы университетерінде білімін жалғастыруға мүмкіндіктері бар.


Менің университетім оқу процесі мен студенттік өмірдің барлық критерийлеріне сай келеді. Университеттің Қазақстандағы ең үлкен және техникалық жағынан жақсы жабдықталған кітапханасы бар. Сонымен қатар, университетте негізгі мамандығыңа қосымша салалар арқылы білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндіктер жасалған. Бұл мүмкіндік өте пайдалы. Өйткені, қазіргі кезде қалаған жұмысыңа орналасу үшін кейде бір мамандық иесі болу жеткіліксіз болып жатады, сондықтан бір-біріне салалас  бірнеше мамандықтарды игеруге тырысатын студенттер саны артып келеді.


 Университет – белсенді студенттік өмір мен әртүрлі шығармашылық іс-шараларға толы кездесулер, конференциялар мен ғылыми апталықтар, студенттерге арналған түрлі байқаулар ортасы.  Студенттік өмірге жақсы икемделуге, шығармашылық талантты ашуға, сондай-ақ жаңа достар табуға көмектесетін факультеттер арасындағы қызықты спорттық жарыстар бар.


 Тарих факультетін ойдағыдай аяқтап, университетімде білімімді жалғастырсам деген арманым бар. Себебі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бұл – кампустары Алматының экологиялық таза аймағында орналасқан, 15 жатақханасы, бірегей ғылыми кітапханасы, Студенттер сарайы, 300 орындық жастар интернет орталығы, меншікті теле-радио кешені, Ыстықкөлде жеке пансионаты, студенттерге қызмет көрсететін «Керемет»  орталығы бар бірегей университет. Сол себепті, менің университетім жастар үшін армандар орындалатын орта.


 


Фрунзеқұл Нұржан


Әл-Фараби атындағы


Қазақ Ұлттық универстетінің


1-курс магистранты


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу