Өлеңдер ✍️

  28.11.2022
  108


Автор: Сүндет Сейітов

ШЫНАЗ ЖЫРЫ


Шыназдың қасынан Боз өзен ағады,
Боз өзен әу баста-ақ сағалы, жағалы.
Боз ару өзеннің Сырлы өзен арнасы
Күн ара толықсып есігін қағады…

Боз өзен - Хауа ана, Сырлы өзен - ер Адам,
Екеуі Шыназға шектеуден қараған…
Сондағы - ұрпағы арықтар, тоғандар,
Әзіреті әулие Екеуден тараған…

Шомылсаң батасың, ұрттасаң қанасың,
Шошынсаң кетесің, ұнатсаң қаласың…
Жоғалтқан есіңді немесе затыңды,
Іздесең, үзбесең сол жерден табасың…

Өзбектің әлемі, өлеңі әдемі,
Жырына, сырына һәмма жұрт дәмелі.
Шеттегі қазақты сол елге шақырып
танытсаң өнерін,
Тыңдатсаң өлеңін шіркін-ай, қане еді?!

Таңданып қарайсың ұлығы неде деп,
Кептерің пыр-пырлап, ұшады көбелек.
Қазақтың әлемі, өлеңі, өнері өзінен зор болса,
Өзбектің жыры да өзінен керемет...

Боз өзен күледі, күле сап жылайды,
Боз бала ғұмырын Бозсудан сұрайды.
Халқына су емес, қантамырларын да,
Өзеннің атымен атаған ұнайды...

Боз өзен, Сырдария, боз Шыршық қолдаса,
Ауыр деп тұрғам жоқ жүруге жолды аса…
Шыназ жұрт барсаңыз, бір аттам Отан ғой,
Шекара соңында болғаны болмаса...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу