Өлеңдер ✍️

  24.11.2022
  543


Автор: Еркін Оралбай

ҰСТАЗ—ҰЛЫ ТҰЛҒА!

 


ҰСТАЗ — ҰЛЫ ТҰЛҒА!

Дана болу емесін тұқымынан,
Бабам Қазақ түсінген ықылымнан.
Биік қойып бәрінен сөз қадірін,
Білімдінің асар деп құты мыңнан.

Жазылмаса тарихқа "күнделігің",
Шыққан жерін біле алар кім тегінің?
Балбала тас жазуы ол бір дәлел,
Білім бары кезінде Күлтегіннің.

Оқымысты ғалымдар тарихтағы,
Тылсымды да зерттеген ғайыптағы.
Жалықпаған білгенін үйретуге,
Кетпесін деп елімнің тайып бағы.

Жуасытар жөнге сап асау күйді,
Білім беріп ұстаздық жасау игі.
Арыстан баб таппаса сан жыл іздеп,
Таныр ма едік Қожа-Ахмет Яссауиді?!

Қараңғылық кетсін деп
Күн ашылып,
Мектеп ашқан әліппе құрастырып.
Жүрсін деген жастарым, Байтұрсынов,
Білім, өнер көгіне құлаш ұрып.

Қараңғы ел бөздей боп ыдырайды,
Әкелмес деп тілеумен "Қыдыр" айды.
Бар өмірін өткізген бала оқытып,
Кім ұмытар ұлы ұстаз Ыбырайды?
 
Білім әкеп сыйлаған үміт ұлға,
Хақымыз жоқ оларды ұмытуға.
Қараңғылық көгіне күн боп шыққан,
Қазақ үшін әр ұстаз — Ұлы тұлға!

ЕРКІН ОРАЛБАЙҰЛЫ



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу