Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  96


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Әкем жайлы бір дерек күтіп келем

Уақыт емші, жан-жарам бітіп келеді,
Жазылмай жүр өлеңмен үтіктеп ем.
Елу алты жыл толды жеңіске де,
Әкем жайлы бір дерек күтіп келем.
Ойламадым, ұмыту амалдарын,
Сезбей өстім әкедей қамал барын.
Отан үшін мен үшін құрбан болдың,
Есіміңді өшірмеу бар арманым.
Өсіп-өндік, есейдік, толыстық та.
Өмір сүрдік жоқ-жүтаң тар кезеңде.
Жетімектер әкесін соғыс жұтқан,
Алға үмітпен қарадық әр кезеңде.
Арманым бар жетерлік бір адамға,
Ала алмаған өмірден сыбағам бар.
Бәрі сенің жоқтығын деп ойлаймын,
Көкіректен қыстығып жылағанда.
Қиындық бар қай жерде сұрандық біз,
Жұмыс десе білекті сыбандық біз.
Соғыс кезі - әкені сағынғанда,
Папалап әнге қосып жұбандық біз.
Әкеңменен полктас болдым десе,
Бір окопта сан рет қондым десе.
Сол атаны оллаһи әке қылам,
Өз қолымнан жер қазып көмдім десе.
Хабар күтем бір жерде тірі жүрсең,
Өлі болсаң бақыл бол, қалай қылам.
Санамаймын өлдіге, бұны біл сен,
Оралмаған соғыстан талай қыран.
Қайғым қалай қайталап оянбайды
Әкем орнын көңілден жоя алмаймын.
Әкемізден бір дерек табылғанша.
Жоқтауыма мен нүкте қоя алмаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу