Өлеңдер ✍️

  11.11.2022
  277


Автор: Толқын Қабылша

Жаны жаралы, тәні жаралы, Алматы!

 


Жаны жаралы,
Тәні жаралы Алматым!
Кеудеңде өксіп, айта алмай кеткен бар датың.
Қарашығыңа қасірет тұнып, қарайсың,
Қайғыңа сұрар сауға кім?!
Алаштың ары, боздақтың жары секілді,
Аманатың ба, арда күн?!


 


Қан менен терін жазықсыз төккен Киелім!
Тектілік буған сүйегін.
Көк бұлттарыңда рухы бар қанша қазақтың?
Қасіретіңе ие кім?
Алатауына арзуын айтып аһ ұрған,
Басыңды қайда сүйедің?


 


Қара қобыздай киелім!
Ағытқан сенсің мұң менен шердің тиегін,
Саусағың шерткен шындықта жатқан бар даңқы,
Қарбаласыңды, жанталасыңды сүйемін!
Қазақтың ары, қазақтың жаны- Алматы!
Басымды саған иемін.


 


Көк сүңгі болып, шындықтың сөккен көбесін,
Желтоқсанымда,
Жасытқан жаудың жебесін,
Қасат қаңтарда қаңырап қалған көшелер,
Көз жасын қайда төгесің?
Жазмышың , әттең, Жаратқанымдай тым жұмбақ,
Уақыт па ұлы төрешің?!


 


Анам да болған,
Панам да болған Алматы!
Қап-қара түнде ақ қарға жаздым ар хатын,
Көктем келгенде, көктей алмадым, бүршіктей,
Батыраштарға бар датым!
Бақ пенен сорды арқалап өткен ғұмырдай,
Базынаң болсын, бейбіт ғұмырдың солдаты…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу