Өлеңдер ✍️

  31.10.2022
  573


Автор: Гүлсім Сатыбалды

Ауылым

 


Ауылым, ойға түсіп аласың да,
Жылатып, күлдіресің арасында.
Тындырған, асықпай-ақ шаруасын,
Ынтықпын, ішіндегі бар асылға.



Көтеріп, бірің үшін намыс туын,
Жасайсың, бірлігіңмен табыс күнін.
Береке қайнап жатқан ауыл көрсем,
Естимін балалықтың таныс үнін.



Есейттің, еш алаңсыз құм ішінде,
Сен деймін, жеңіс болса бір ісімде.
Ғажайып, тыныс берген бар пендеңе,
Ауылым, жәннат бақтың гүлісің бе?


 


Алыспын.
Күн алысқан, қаладамын,
Көнермес, көңілімнен дала бағым.
Үлкендер жұмсағанда, аңсар едік,
Жесек деп, тез-тез өсіп, қала қамын.


 


Қиялда…, анам наны бұрқыраған,
Әкем жүр, трактормен бір тынбаған.
Кешқұрын, шулап аста отырғанда…
Ес берді, қала шуы біртін маған.



Жүрегім, сағыныштан астан-кестен,
Әкеммен, өткен күн бе, бастан кешкен?
Ауылға, мүмкін арнап жыр жазсын деп,
Қадірлеп жібердің бе, аспан көшпен?


 


Қыздарда, болғанменен қалыпты мұң,
Өзгеше, бұл толқыныс анық мұным!
Мәңгілік сүйіп өтем, иіп өтем,
Киелі, топырағың.., жарықтығым!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу