Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  176


Автор: Түрік поэзиясы

САҒЫНЫШТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Бүгін менен кеттің тым-тым алыстап,
Сені ойласам бірақ құс боп жан ұшпақ.
Түн қойнына сағынышым симайды,
Уақыт та жылжымастан қинайды.
Мүлгіп жатқан теңізде де жоқ айып,
Тек сені аңсап отырамын сопайып,
Үнің болса кетпейді еш құлақтан,
Сол бал үн ғой жүрегімді жылатқан.
Қай бұрышы мекен саған қаланың?
Айтсаң болды, қиялда іздеп табамын.
Сені іздедім күн батқан шақ, кештен де,
Көше бойлап шұғыла нұр көшкенде.
Бірақ, бірақ, таптырмадың, таппадым,
Бейнеңді тек жанарымда сақтадым.
Сен – шындықсың, қалғаны кіл өтірік,
Тым қаталсың, табамын не өтініп?
Атыңды айтсам, мазақтайды төңірек,
Жынды болу Мəжнүн жанның жөні деп.
Енді білдім, сүймепсің сен мені түк,
Жандүниемді қойыпсың тек ерітіп.
Өзіңменен жүрген сəтті түс десе,
Сенбес ем-ау, санаға күш түспесе.
Саған, міне, мезгіл-дағы қапалы,
Жылайды ма, жауын төгіп жатады.
Есіміңді аты сынды өлеңнің,
Болмаса амал, жүрегіме көмермін.
Бірақ үміт ең соңынан өлмей ме,
Ең соңғы рет бір қарағың келмей ме?
Бір қарашы, лап етейін, жанайын,
Бір-ақ шөкім күлге айналып қалайын.
Тік мінезің жанға қатты батады,
Саған, міне, мезгіл-дағы қапалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу