Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  175


Автор: Жəлалəддин РУМИ

ПІЛ ТУРАЛЫ ПІКІР ТАЛАСЫ

Сонау алыс Үндістаннан келген піл,
Не болса да, барлығына көнген піл,
Қамаулы еді тас қараңғы үңгірде,
Пара беріп, кіргенменен іңірде.
Көре алмай жұрт,
Бастарын құр шайқады.
Қолдарымен сипап қана байқады.
Тұмсығынан ұстап көрген бір адам:
«Піл дегенің құбыр, – деді, – аумаған!»
Құлағынан ұстап көрген бір кісі:
«Піл, – деді елге, – желпуіштің үлгісі!»
Аяғынан ұстап көрген адам кеп,
Пілді өзінше дəлелдеді баған деп.
Арқасынан сипап көрген əуесқой:
«Піл дегенің, – деді жұртқа, – дөңес қой!»
Көздерімен көрмегендер анықтап,
Өстіп пілді түсіндірді халыққа.
Қараңғылық!
Қараңғылық осы ғой,
Көр соқырлық надандықтың досы ғой.
Кірсе егерде олар ішке шырақты ап,
Ақиқат та кетпес еді-ау жырақтап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу