Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  322


Автор: Түрікмен поэзиясы

Бейбітшілік

Береке бейбіт күнде түсінесің,
Көңілге нұрлы сəуле түсіресің,
От басы, отан қамын ойласаң сен,
Өршітпей соғыс өртін өшіресің.
Балға ұстап жұмыр қолы жұмысшының,
Табыспен өткізеді жұмыс күнін.
Орнатты ақ мақтадан алтын таулар,
Өзгертті өжет жандар құм ұсқынын.
Нұрлы күн нəрсіз жердің төсін сүйді.
Қасарған қарт табиғат басын иді.
Айнала-берекелі бейбіт өмір.
Шалқыттың жаңа əуенді, жарқын күйді.
Өмірдің көре тұра рақатын,
Бөпесін құшып ана жыр айтатын.
– Мінекей, мəңгі көктем, мəуе бақша,
Деп ана мақтануды ұнататын.
Көбейді қуанышы Отанымның,
Бұл күні қуаттымын, жоталымын,
Дүние дулы тойға жасанғандай,
Кеудесін кернеп жатты оқалы гүл.
Халайық, қадырлы жұрт, сөзімді ұқ,
Үніміз, ой мүддеміз бірге шығып,
Қан құсқан қасіретке жол бермейік,
Əлемде тұрақ тепсін бейбітшілік.
Үй енді құламасын, көк күймесін.
Бомбалар шығармасын сəби есін.
Өмірдің шырқы қайта бұзылмасын,
Адамға ендігəрі оқ тимесін.
Аналар зарламасын, қан құспасын,
Қаршадай балаларын қаңғытпасын.
Зарлы үні бүлдіршіннің естілмесін,
Азапқа ұсынбасын албырт басын.
«Соғыс» деп шығарса егер біреу сұсты үн.
Кекжитіп кеңірдектен ала түскің.
Тас байлап мойнына терең жібер,
Баспасын жауыз біткен жердің үстін.
Аянсаң сен жауыннан ерте өлесің,
Дұшпандар дүниені өртемесін.
О, халқым, сақтаныңдар сұм ажалдан,
Дұшпанға оқ атқызба өлкеңе сен.
Өлмесін өртке күйіп қашанда адам,
Өлсе елсін қанқұмарлар қоқаңдаған,
Қорғаймын бейбітшілік берекесін,
Күш берді сарқылмайтын Отан маған.
Береке бейбіт күнде түсінесің,
Көңілге нұрлы сəуле түсіресің.
От басы, Отан қамын ойласаң сен,
Өршітпей соғыс өртін өшіресің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Комментарии

03.05.2023 22:53
Керемет екен. Бірақ ұзақ.

Пікір жазу