Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  118


Автор: Түрікмен поэзиясы

ҮЙ

Өзгермеген,
Сондағыдай бəрі де,
Олар таныс маған бала шағымнан.
Үй орнында,
Бақ гүлдеп тұр əлі де,
Есік аман,
Тек сен жоқсың сағынған.
Тұт ағашы көлеңкесін ұзартты,
Үй шатырын сабалайды жел тынбай.
Сен өзіңмен алып кеткен сияқты
Көрінесің – ештемені қалдырмай.
Қою тартқан құмырадағы шарап та,
Дутар, əне, сүйеулі тұр бұрышта.
Бір кездері өзің барда
Əр уақта
Осы үйде еді той-думан да,
Ырыс та.
Сондағыдай терезеден күн күліп,
Бұл үйге енді оралар ма қайтадан.
Сен бардағы мол қуаныш, нұрлы үміт
Тағы келер деп қалай мен айта алам.
Сондағыдай дей алмаспыз енді біз,
Бірақ үйдің кінəсі не бұл үшін?
Бір тыныштық басып алған көңілсіз,
Ауа жетпей, тарылды ма тынысым.
Сенсіз енді қайтара алман Күнді мен,
Жүрегімді бір сағыныш кернейді.
Жолға шығам,
Қоштасамын бұл үймен,
Мазасыз бір ойлар мені меңдейді.
Суретіңе ең соңғы рет көз тастап,
Кілтті орнына қойып шығам мен үйден.
Бір кездері, бəлкім,
Жүрген қорғаштап –
Сен бұл үйге ораларсың дегенмен...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу