Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  99


Автор: Түрікмен поэзиясы

Кіндік

Нəрестенің кескеннен соң кіндігін,
Алтын құмға оны апарып көметін.
Жас сəбидің тағдыры мен тірлігін
Жер-анамен мəңгі бірге көретін.
Көк пен жердің нəрін жиып бойына,
Құм мен шаңның ортасында жайқалып,
Көрікті ағаш болып өсті бозбала,
Ал кіндігі жапыраққа айналып.
Өсті ұмтылып, қолын созып көктемге,
Бұтақтары тармақталып, таралып.
Ал дауылды ауыр күндер жеткенде
Туған жердің əжетіне жарады.
Елін қорғап, ол майданға аттанды
Отан ері достарымен бір сапта.
Қатал тағдыр бірақ оны сақтады
От дауылдан, жауған оқтан бұршақша.
Тұтқын болды, торға түсті жас қыран,
Темір бұғау ердің мойнын иілтті.
Тағдыры оған Күн мен Айдың астынан
Жат өлкенің дəм мен тұзын бұйыртты.
Басталды да басқа өмірдің сүргіні,
Кəрі солдат туған жерін сағынды.
Күндер зулап өтіп жатты
Бір күні
Кіндігінің түбі сыздап ауырды.
Бірде үйдің шатырына қонған-ды
Таныс кептер бала кезден мəлім сол.
Басып өтіп теңіздер мен тауларды,
Бұрынғы өз қожайынын тапты ол.
Таныды да, қонды келіп қолына,
Жат өлкенің алагеуім таңында.
Екі мұңлық қауышты да қамыға,
Туған жерін еске алды сағына.
Кіндік кескен жері алыста, жол ұзақ...
Қанат бітсе, ұшар еді-ау қазір-ақ.
Жан кіршіксіз, мойында жүк бар бірақ,
Жер домалақ, ал туған жер жалғыз-ақ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу