Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  92


Автор: Түрікмен поэзиясы

ДИПТИХ

1
Бұл соғыста солдат нені көрмеді,
Бір аяғын Еуропада жерледі.
Келді үйіне сыңар ағаш аяқпен,
Ал соғысты ұмыта алмады ол əттең.
Сойқан соғыс көп елестеп көзіне,
Бір күндері көрге кірді өзі де.
Салт бойынша келе жатқан ежелгі
Оның ағаш аяғын бөлек жерледі.
Бөлек қойды... Ал шынына келгенде,
Екі мүрде сыймайтын-ды бір көрге.
Кəрі солдатқа үш көр сөйтіп бұйырды,
Еуропа мен Азия топырағы үйілді.
2
Ескі əдетпен келе жатқан бабадан
Түрікменді туғандағы анадан
Баз қалпында, тек екі кез бөзге орап,
Жерлейді, оған барша байлық өзге–жат.
Басқа затпен көрге аяқ баспайды,
Алтын тіс пе, оны да алып тастайды.
Бірақ солдат ұмытыпты расында
Сұм соғыстың сынығы барын басында.
Бұзылды дəстүр, басқа амал қалмады,
Жарықшақты алып тастай алмады.
Кəрі сарбаз тапты сөйтіп тынымын,
Бірге əкетіп жиһан соғысы сынығын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу